Баспасөз туры
Тұрғындардың талап-тілегіне үн қатып, назарға алатын үкімет ғана халқына жағымды, ісі өнімді болатыны белгілі. Тиісінше, билік пен бұқара арасындағы байланыстың да нық әрі оң болуына осының тигізер әсері зор. Оны Қармақшы ауданына қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстардан байқадық. Тілек «төрге» жетті, басшылар да бос отырған жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен өткен Қармақшы және Жалағаш аудандарына жасалған баспасөз турында құрылыс, медицина һәм кәсіпкерлік жұмысының ерекше әрі озық үлгілеріне куә болып қайттық.
Кентке «көгілдір отын» келеді
Қармақшылықтардың қазіргі жай-күйі тақырыпшадан да белгілі болар. Себебі, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінің тұрғындары алдағы уақытта газбен толық қамтылады.
– Төретам кентіне 2022-23 жылдары аралығында газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта құрылыс толығымен басталды. Газ құрылысына жауапты мердігер мекеме – «АлияСервис» ЖШС. Осы жұмыстар аяқталса, 2000-нан аса үй, 200-ден аса әлеуметтік және кәсіптік нысан газбен қамтылып, 12 мыңнан аса тұрғын «көгілдір отының» рақатын көрмек, – деді Төретам кенті әкімінің орынбасары Дина Шакиева.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан участок бастығының айтуынша, газ құбырларын орнататын жолдың жалпы ұзындығы – 97 шақырым. Оның ішінде 730 метрі жоғары қысымды газ құбырлары, одан кейін 6 шақырым 850 метр орта қысымды газ құбырлары, қалған 89,5 шақырым төмен қысымды газ құбырлары орнатылады. Яғни төмен қысымды газ құбырлары тұрғындарға қарай бағытталады. Құрылыс жұмысында 4 трактор және одан өзге де техникалар жұмылдырылған. Жалпы жұмысқа 40 шақты жұмысшы қамтылып, таң атқаннан қара кешке дейін жұмыс істейді.
Кенттің мұнан бөлек өзге де мәселелері бар. Ауыл ақсақалдары әкімнің барлық жұмыстарды дер уақытында атқарып, халықтың ыстық ықыласын алып жатқанын жеткізді.
– Ауылдың әлеуметтік жағдайы ілгерілеуде. «Көгілдір отынды» көп күттік. Халыққа қызмет ету кезінде басшыларымыз аянып қалып жатқан жоқ. Тұрғындардың ең басты мәселесіне айналған газ құрылысы аяқталса, үлкен шаруамыз шешілген болар еді, – деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аралбай Смағұлов.
Ары қарай кентке жақын жердегі Ақай ауылына қадам бастық. Мұндағылардың да «мұңы» сол екен. Тұрғындары кәсіппен айналысып, өз күнін өзі көруге көшкендердің қарасы қалың. Оларға қолдау да бар. Демек, ақайлықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейі оң теңденцияға түскен деуге болады. Арнайы аралап та көрдік, басым көпшілігі қос қабатты үй салып, тіршілік етуде. «Көгілдір отынды» көп күткен жұртшылықтың бұдан кейінгі мәселесі аяқсу екен.
– Ақай ауылдық округіне 2022-23 жылдар аралығында газ құрылысы жұмыстары жүргізілетін болады. Ауылда 1500-ге жуық тұрғын үй, 6000-ға жуық тұрғын бар. Одан өзге кәсіпкерлік нысанның саны 83-ке жетті. Сонымен қатар, 14 әлеуметтік нысан бар. Биыл құрылыс басталған уақыттан желтоқсан айына дейін 300 миллион теңге бөлінді. Жобаның жалпы сомасы 900 миллион теңгеден асады. Құрылысқа «СырЭнергияГазСтрой» мекемесі жауапты, – деді Ақай ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Батыржан Тұрғанов.
Ауыл тұрғындарының қуанышын еселейтін «көгілдір отын» келер жылы іске қосылса, қаражат үнемделіп, түтін арқылы ауаның ластануы да тоқтайды. Ауылдан кейін аудан орталығына жол тарттық.
Спорт һәм спорттық кешен
Жосалы кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына тоқталдық. Өткен жылы құрылыс жұмыстарын бастаған нысан тамыз айында қолданысқа берілуі қажет еді. Дегенмен, жұмысы ұзаққа созылып, осы айдың аяғында немесе қазан айының басында беріледі. Мердігер мекеме – «Сапақ» өндірістік коопервативі. Жобалаушы мекеме – «Крез-Сервис» ЖШС. Келісімшарт құны – 475 млн 771988 теңге. Ал жобаның жалпы құны 560 млн 013 мың теңгені құрайды.
– Жосалы кентіндегі 400-дей жасөспірім бірнеше спорт түрінен шыныға алады. Бұл жерде 20-ға жуық жұмыс орны ашылады. Оның ішіне жаттықтырушылар, әкімші және техникалық қызметкерлер жатады. Қазір 30-ға жуық жұмысшы кешеннің құрылысын аяқтауға бар күшін салуда. Денешынықтыру кешенінде ойын залы, жаттығу және атлетикалық зал қарастырылған. Ал қалғаны – гардероб пен жуыну бөлмелері. Сонымен қатар, әкімшілік бөлім қамтылған. Қазір Жосалы кентінде құрылысы жүріп жатқан бұл – екінші спорт кешені, – деді Қармақшы аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев.
Жалағаштағы жаңашылдық
Қармақшы ауданының қазіргі тұрмысы мен жағымды жаңалықтары жөнінде сөз еттік. Бастысы тұрғындар риза. Ары қарай Жалағаш ауданының бүгіні мен өзгеше кәсіп бастаған тұрғындары жайлы қалам тербеуге жолға шықтық. Алғашқы барған нысанымыз – гемодиализ орталығы. Ол күрделі бүйрек ауруымен ауыратындарға қызмет көрсететін клиника. «ID Senim» гемодиализ орталығы» ЖШС-нің директоры – Амантұр Рысқұлов. 10 адамға арналған орталықта 11 медициналық қызметкер қызмет етеді. Жобаның жалпы құны 102 млн теңгені құрайды. Гемодиализ орталығы ең алдымен 1991 жылы Швецияда құрылған. Әлемнің 24 елінде 469 клиникасы қызмет көрсетеді. «ID Senim» гемодиализ орталығы Қазақстанда ең алғаш 2015 жылы өз емделушілерін қабылдап бастаған. Сонымен бірге, Жалағаш ауданында 2022 жылдың маусым айынан бастап, бүйрек жетіспеушілігімен сырқаттанған науқастарға сапалы күтім көрсетіп келеді.
– Қазірде емделушілер саны – 17 адам. 10 төсек-орынмен жабдықталған. Ем алушылар күнара осы «диализ» емдеу шарасын қабылдауда. Жалағаш ауданындағы орталығымыз көршілес үш ауданды қамтамасыз етіп отыр. Клиника қазір тек күндізгі стационар ретінде жұмыс істеуде. Емдеу шарасы барлық тіркелген пациенттер үшін тегін жүргізіледі. Орталықтағы ең басты қажетті құрылғылар жапония мемлекетінде жасалған. Соңғы үлгідегі ерекше медициналық аппараттардың арқасында дертіне шипа іздегендердің сұранысы толық қанағаттандырылып, қажетті қызмет көрсетілуде, – деді гемодиализ орталығының дәрігері Алмагүл Сермағамбетова.
Адам жанының арашасы деп аталатын ақ халаттылардың күн-түн демей адамдардың амандығы, өмірі үшін күресіп жүргеніне көз жеткіздік. Өйткені бүйрегі өз қызметін тоқтатып, ағзадағы қажетсіз өнімдерді шығаруға қауқары жетпеген адамға медициналық көмек көрсету және әртүрлі аппараттар арқылы қанды тазарту кез келген медицина қызметкерінінің қолынан келе бермейді. Гемодиализ орталығының негізгі бағыты да сол. Яғни трансплантацияға дейінгі бүйректің жұмысын реттеп, қанды тазартып беру. Орталықтың жұмысымен танысып, қызметін білгеннен кейін эковата өндіретін кәсіпкердің цехына келдік.
Көліктен түскеннен қағаз қалдықтарының тау болып үйіліп жатқанына таңырқай қарадық. Яғни бұл жерде тек қағаз қалдықтарынан бөлек пластмасса қалдықтарынан да өнім өндіру жоспарланып жатқанын түсініп үлгердік. Сәйкесінше, дөп түсіппіз. Өйткені іскер азаматтың мұнан бөлек өзге де бағытта өнім өндіріп, пұл тауып жүргенін білдік.
– Бірнеше дүкен осында барлық қағаз, пластмасса өнімін әкеліп тастайды. Біз қағаз қалдығынан арнайы станоктардың көмегімен тұрмысқа қажетті дүниелерді жасаймыз. Жалпы, өңірде эковата өндірісімен айналысатын кәсіптік нысан некен-саяқ. Сол үшін көп тұрғын осында келіп, қажеттілігін білдіреді. Бұл жерде қағаз қалдығынан бөлек пластмасса өнімінің тұру себебі жақында қаражаттың ыңғайы келгенде жаңа станоктар алып, одан да жартылай дайын өнім шығару ойда бар. Одан бөлек шеге шығару жұмысының да жоспарын дайындап отырмыз. Үкіметтен қаржылай қолдау болса, өңірде қосымша шеге шығаратын кәсіпорынның біреуі болғалы тұрмыз, – деді «Адима» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Мұрат Әбілов.
Қазір қолынан іс келетіндердің дәуірі. Сол үшін үйде қос қолға бір күрек іздемей, барынша еңбек етіп, талап қылу қажет. Бұл – кәсіпкердің жеке ұстанымы.
Жоғарыда ерекше кәсіп бастағандарға баратынымыз туралы да қозғап өттік. Өйткені ендігі нысана «Жылбек» жеке кәсіпкерлігі болды. Кәсіптік ұйымның жетекшісі Жылбек Қуаныш – өз үйінің ауласында бірнеше станоктың көмегімен қыз жасауын тігетін шебер. Оның қолынан шыққан дүниелері тұрғындардың таңданысын тудырып келеді. 5 бағытта өз кәсібін жүргізіп отырған жалағаштық тұрғын азбаламалы ешкі сүтінен сабын жасауды да қолға алған. Оның қолынан шыққан дүниелерді көргенде баспасөз өкілдері де таңданысын жасыра алмады. Түрлі пішінде жасалатын өнімнің құрамына ешкі сүті, одан өзге бірнеше қоспа, француз иіссуы пайдаланылады. Соның арқасында ол сабындарды тойбастар ретінде жасататындардың қарасы қалың екен. Жылбек сабыннан өзге арнайы күйдіру станогы арқылы ағаш бұйымдарын да жасай береді. Соның көмегімен этностильді жастықтар тігіп, оны сатылымға шығарып жүр. Бір ай мерзімінде екі қыз жасауын тігіп үлгеретін жігіт көрпе тігіп, көрпеше көктеп ғана қоймай, ескі мақталарды жаңартып, оны көрпешеге пайдаланады. Арнайы станокпен істелетін жұмыстың ретін өзгелерге де үйретіп, көрші-көлемді жұмыспен қамтып жүрген жайы бар. Әрі баяғы құс жастықты да жаңа жастыққа айналдырып жіберетін «сиқырлы» станоктары сенім білдіретіндер үшін жақсы мүмкіндік болды. Кемі ескі 4 құсжастық алып келсеңіз, 2 үлкен жаңа тыспен қапталған жастығыңызды алып кете аласыз. Жоғарыда айтып өткен ағаш бұйымдары мен этностильді жастықтың өрнегін компьютерлік дизайнмен жасап, станокқа салып жіберсе, қажетті өнім дайын деген сөз. Бұнда тек тапқырлық пен ізденіс қажет екені даусыз.
– 2018 жылы «Бизнестің жол картасы – 2018» бағдарламасы арқылы үкіметтен 240 мың көлемінде бір реттік грант алып, шағын жұмысымды ұлғайттым. 2018-2019 жылдар аралығында «Zhas project» республикалық кәсіпкерлікті қолдау жобасынан 1 млн теңге көлемінде қаражат иегері атанып, тұңғыш президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдығына орай «Еңбек пен жырды тоғыстырған еңбек ері» атты қолөнер шеберлерінің аудандық байқауында 1-орын иелендім. Содан бері жалағаштықтар арасында тігін саласындағы жұмысым таныс бола бастады. 2021 жылы «Қолөнер – асыл қазына» көрме-фестиваліне белсене қатысқаным үшін облыс әкімі Г.Әбдіқалықова алғыс хатымен марапаттап, 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Үкілім» брендімен қыз жасауын дайындау мақсатында 297 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсібімді кеңейткен болатынмын. Қазіргі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді Жылбек Русланбекұлы.
Аудандардың индустриялық жай-күйін бағамдап, мәселесін басылым бетінде ашық баяндап, тұрғындардың әл-ауқатына куә болу барысында мынадай мәселенің ұшын байқадық. Қазір кәсіпкер мен кәсіптік нысандардың саны күн сайын артуда. Жеке брендті қалыптастыруда кәсіпкерлер үкіметтен қолдау тапса да, нақты қажет өндіру саласына қаржылық қолдаудың аздығы байқалып тұр. Осының салдарынан өңірде өндіріс орындары әлі де аз. Егер үкімет гранттық конкурс шеңберінде өндіру саласына бөлек қаржы бөлетін болса, көптеген кәсіпкерлер тағы да іске асыратын шаруасына біртабан жақындай түсер еді.
Қызылорда – Қармақшы – Жалағаш – Қызылорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!