Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Болат Омарәлиевтің фотокөрмесі өтті

01.09.2022, 16:10 613

Осыдан екі жыл бұрын жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы «Ортамыздағы Болат Омаралиевті бағаламай жүрміз. Оның мына әлеуметтік желіге жарияланып жатқан суреттері де – бір елдің мақтан тұтар фотоөнерінен көп мағлұмат беретін еңбектер. Оның жарияланбаған, жұрт назарына ұсынылмаған әлі қаншама еңбегі архивінде жатыр. Неге белгілі фотосуретшілерміздің ел үшін, ұрпақ үшін тарихи маңызы бар фотошежірелерін, түрлі фотоэтюдтерін жеке-жеке кітап қып шығармаймыз?» деген еді. Әрине, Сыр жұртшылығы облыстың бас басылымында жарты ғасырлық еңбегі бар тұлғаны бағаламай жүр дей алмаймыз. 2019 жылы «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығы фототілшілер Болат Омарәлиев, Игорь Титенок және Нұрболат Нұржаубайдың еңбектерінен дайындалған «Суреттер сыр шертеді» атты көрмеден бастау алған еді.

Ал, кеше ғана Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен белгілі фототілші Болат Омарәлиевтің «Қас қағым сәт – бір өмір» атты фотокөрмесі өтті. Көрменің ашылу салтанатына Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова қатысып, Болат Шамаұлының иығына шапан жапты.

– Болат Омарәлиевтің Сыр бойының фотошежіресінде еңбегі зор. Фототілші – сол кезеңді, сол сәтті дәл сол қалпында жеткізетін маман. Біздің өмірімізде болған тарихи жағдайлардың бәрі Болат Шамаұлының арқасында бізге жетіп отыр. Көрме жалғасын таба берсін! Ағамызға арнайы алғысымызды айтамыз!, – деді ол.

Фотокөрмеге Болат Омарәлиевтің 50-ден астам фотосы қойылған. Бұл туындылардың әрқайсысы әр уақытта түсірілген. Сырда туған таланттардың суреттеріне де басымдық беріліпті.

– Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен елімізге белгілі фототілші, осы салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған Болат Омарәлиевтің фотокөрмесін ұйымдастырып жатырмыз. Мұны қаламыздағы ең ірі сауда орталығында өткізуіміздің де өзіндік себебі бар. Көрмеге тек шақырылған қонақтар емес, қала тұрғындары да қатыссын, көрсін, тамашаласын дедік. Фотокөрме бір аптаға созылады. Одан кейін облыстық мәдениет және спорт басқармасына қарасты Көркемсурет галереясында көшпелі көрме ретінде жалғастырсақ деген ниетіміз бар, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов.

Жалпы, «Толқыннан толқын туады» деген секілді бір өнерден екінші өнердің туатыны әлімсақтан белгілі. Оны дәлелдеудің де қажеті жоқ шығар. Мұны көрме қонақтары да растады.

– Болат Омарәлиев – Сыр журналистикасының 50 жылдық тарихы. «Фотоөнер, фототілшілік қасиет қандай болуы керек?» дегенде берілетін бағалар бар, ол – дәлдік, мергендік, тапқырлық, ұтымдылық, ақындық, тағы сондай секілді қасиеттер. Осының бәрі бір Болат ағамыздың бойынан табылады, – деді «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Сақыпұлы.

«13 жасқа дейін ауылдан жинап алған әсеріммен әлі келе жатырмын. Уақытында өлең де жаздық. 17 жасымда повесть жаздым. Оның көлемі 4 қалың дәптер болды. Кітапқұмар болдым. Уақытында жаздық-сыздық. Суретті де салдық. Егер жазушы болсам, ақын болсам ортақол болар едім. Ал, менің ондайға барғым келмеді» деген еді Болат Омарәлиев бізге берген сұхбатында.

Фотокөрменің ашылу салтанатында Болат Омарәлиевтің замандастары, әріптестері мен шәкірттері сөз сөйлеп, фототілшінің кісілік келбетін, кәсібилік қызметін сөз етті. Жақын күндері суреттері жинақталып, кітап болып шығуға дайын екендігі айтылды.

Рыскелді ЖАХМАН,

Фото авторы – Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: