Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мейрамбек Шермағанбет: «Жаңаша білім беру – уақыт талабы»

26.08.2022, 14:30 668

HALYQLINE.KZ Тамыз кеңесі білім саласының атаулы жиыны ғана емес. Бұл – бүгінгі заманның заңды айнасына айналған ағарту саласы мен білімнің ой салдырар кешегісі мен алдымызда тұрған межесі.

Бұл жиын бала мен мектеп және ата-ана үштағаны қарым-қатынасының сыртындағы үлкен қоғамдық, мемлекеттік мәселелері мен білім саласының алыс-жақын болашағынан хабар беретін тың ой, жаңа көзқарастармен бөлісетін байырқалы басқосуға айналып отыр.

Өткен оқу жылында жалпы облыс бойынша мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім берудің барлық деңгейлерінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі жоспарланған индикаторлары мен көрсеткіштерінде жақсы нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған. Бұл ретте аймағымызда балалар жылы аясында жоспарланған және өткізілетін іс-шараларымыз балаларды оқыту мен тәрбиелеуге бағытталуда.

Енді алдымызда ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Осы орайда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсат-міндеттерімізге және енгізіліп жатқан өзгерістерге тоқталып өтемін.

Мектепке дейінгі білім беру

Мектепке дейінгі білім беруде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың жаңартылған тәсілдеріне, баланы тәрбиелеу процесіне отбасын белсенді тартуға негізделген жаңа модельді іске асыру бойынша жұмысты жандандыратын боламыз.

Осы ретте, мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларынан тәрбиешілердің біліктілігін арттыруды, жаңа бағдарламалар енгізуді және балабақшалар жұмысының сапасын бағалау ерекше талап етіледі.

Ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға қарай аймағымызда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі міндеті тұр. Бүгінде облыс бойынша бұл көрсеткіш 90%-ды құраса, Қызылорда қаласында 86% болып отыр. Аталған индикаторға қол жеткізу мақсатында инвесторларды белсенді түрде тарта отырып, тиісті жұмыстарды жалғастыруымыз қажет.

Сонымен қатар алдағы уақытта лицензиялау талаптары кезең-кезеңімен енгізілетінін ескере отырып, ашылатын орындар мен балабақшалардың талапқа сай келуін қамтамасыз ететін боламыз.

Ағымдағы жылы облыстағы 65 балабақша аттестаттау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 33-і (50,8%) қайта аттестаттауға түсіп, 27-сі өткен, ал, Арал, Шиелі, Жаңақорған, Қызылорда қаласындағы 6 балабақша қайта аттестатталады.

Осыған сәйкес, облыстық білім басқармасы білім бөлімдерімен бірлесіп мектепке дейінгі ұйымдардың аттестаттау, кезеңімен енгізілетін лицензия талаптарына толық сәйкес болуын қамтамасыз ету үшін кешенді шараларды қабылдау қажет.

Жаңа міндеттер мен өзгерістер

Өздеріңізге белгілі жаңа оқу жылы жаңа міндеттер жүктеуде. Алдағы оқу жылынан бастап оқу жылының ұзақтығы 34 аптадан 36 аптаға ұзартылып, оқу күндері 31 мамырға дейін жалғасатын болады. Осыған орай, Қызылорда қаласындағы үш ауысымда оқытатын 6 мектептен басқа, аймақтағы барлық білім беру ұйымы 5 күндік оқу аптасына ауыстырылатын болады.

Ал, бірінші сыныптардағы «Көркем еңбек» пәні «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» болып бөлінді. «Шетел тілі» және «Орыс тілі» пәндері оқытылмайды. Сондай-ақ, қалалық және ауылдық мектептерде топқа бөлу сыныпта 24 бала немесе одан асқан жағдайда жүргізіледі. Барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пән есебінен алынып, «Дене шынықтыру» пәні де топқа бөлінбейтін болды.

Айта кететін тағы бір жайт, педагогтар үш жылда кемінде бір рет біліктілік арттыру курстарына қатысуы тиіс. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруда өзара тәжірибе алмасу өте маңызды. Ұстаздар үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Министрлік тарапынан біліктілік арттыру сертификаттарының бірыңғай базасы жасақталатын болады.

Осы ретте, әрбір білім беру ұйымдарында педагогтардың біліктілік арттыру курсынан өту мерзімдеріне байланысты перспективалық жоспарлар әзірленуі керек. Бұл мәселе білім бөлімдерінің жіті бақылауында болуы тиіс.

Осымен бірге, басқарма мен білім бөлімдерінің алдында білім беру ұйымдары басшыларының одан әрі кәсіби дамуы үшін мансаптық өсу, директорлардың кадрлық резервін қалыптастыру, тәлімгерлік институтын дамыту мәселелерін жандандыру мақсаты тұр.

Сондай-ақ, директорларды тағайындау мен оларды аттестаттау және ротациялаудың жаңа тәртібі бойынша тоқсан сайын жұмысты жалғастыратын боламыз.

Орта білім беру

Орта білім беруде негізгі міндеттердің бірі – білім сапасын арттыру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту. Осыған сәйкес, білім басқармасы мен білім бөлімдері жұмысының маңызды бағыты – оқушылардың біліміндегі аудандар бойынша көрсеткішін бәсекелестік арқылы теңестіру.

Білім беруде орта мектеп деңгейі басқа кезеңдермен салыстырғанда баланың келешектегі кәсіби және тұлғалық жетістіктерге жету мүмкіндіктерін қалыптастыратын кезең.

Халықаралық зерттеулер – білім саласындағы өлшеуші индикаторлардың бірі. 2022 жылы аймақтағы 25 мектеп пен 5 колледжден – мыңнан аса білім алушы PISA халықаралық зерттеуіне, сондай-ақ, алғаш рет ішкі қазақстандық зерттеу, оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингына 94 мектептен 4, 9-сыныптан 7 мыңнан аса оқушы қатысты. Аталған зерттеу қорытындыларымен толық талдау жасалынып, білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру бойынша шаралар қабылдаймыз.

Осыған орай, халықаралық зерттеулерге дайындық, оқу, жаратылыстану мен математикалық сауаттылық, оқу процесіне функционалдық сауаттылық элементтерін енгізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану және пәндер бойынша білім деңгейлерін саралау білім бөлімдері жанындағы әдістемелік кабинеттердің жаңа оқу жылындағы жұмыс бағыттарының бірі болуы керек.

Дарындылармен жұмыс

Білімдегі алшақтықты жою бүгінде басты бағытымызға айналып отыр. Осы бағытта оқушыларды олимпиадаға дайындау қарқынын күшейтуіміз қажет. Биылғы нәтиже бойынша жалпы командалық есепте Қызылорда облысы – ІІІ орында. Дегенмен, әлі де бұл бойынша жұмысты жандандыруымыз қажет.

Өткен оқу жылында 101 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орындар иеленді. Оның ішінде 13 оқушы халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаларда, 88 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, алдағы оқу жылынан бастап халықаралық олимпиада жүлдегерлері мен ұстаздарына сыйақы берілетін болады. Бұл дарынды білім алушылар мен тәрбиелеген мұғалімдер мен жаттықтырушыларды моральдық және материалдық ынталандыру облыстағы олимпиадалық қозғалысты дамытуға бағытталған маңызды шара болғалы тұр.

Білім беру ұйымдарының құрылысы

Соңғы жылдары өңірдегі демографиялық өсімнің жоғары болуының нәтижесінде жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп келеді. Бұл бізге қосымша мектеп салуды сөзсіз қажет етеді.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасына сәйкес, облыста 47 мектеп модернизациядан өтуде. Соның ішінде 252 млн теңгеге 35 мектепке бейнебақылау жүйелері орнатылса, 400 млн теңгеге 43 мектеп 50 жаңа модификациялық химия, физика, биология пәндік кабинеттерімен жабдықталады.

Аудан, қала әкімдіктері осы мәселелерді жыл сайын жергілікті жерлерде пысықтап, білім басқармасы және білім бөлімдерімен бірлесіп, мектептерді 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарларын айқындауы тиіс деп есептеймін.

Ұлттық бірыңғай тестілеу мен «Алтын белгі» бойынша жұмыстар

Биыл мектепті 7506 түлек аяқтап, оның 6570-і немесе 87,5%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Тестілеуге қатысушылар өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға артып отыр.

Тест қорытындысымен мемлекеттік білім беру грантын иеленуге қатысқан 5439 талапкердің 75%-ы немесе 4082-сі грант иегері атанды.

Талапкерлердің басым бөлігі 1562 (38,3%) түлек педагогикалық бағыттағы мамандықтарды таңдады. Оның ішінде оқу жылы қорытындысымен «Алтын белгі» иеленген түлектердің 160-ы, яғни 41,1%-ы педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңімпазы атанып отыр. Ал, медициналық мамандық – 328 (8%), техникалық бағытқа – 1128 (27,6%), ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 302 (7,4%), басқа да мамандықтар бойынша – 762 (18,7%).

Оқу сапасын арттыратын үштаған

Бала тәрбиесінде мектеп пен оқушының және ата-ананың өзара әрекеттесуі маңызды. Балалардың мүддесі үшін осы үштағанның ынтымақтастығы қажет. Мектеп пен ата-аналардың өзара байланысын ұйымдастырудың жаңа форматы енгізілуде. Жаңа формат ата-аналар қауымдастығымен жеке, топтық, ұжымдық деңгейлерінде жұмыс бағытын айқындайды. Білім беру ұйымдарында әжелер, аталар, әкелер, аналар, ағалар мектебін жандандыру ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттырады.

Ата-аналардың мектеп пен сыныптың білім беру процесіне қатысуы арқылы дұрыс түсінік қалыптастыру, балаларға мамандық таңдауға бағыт көрсетуде маңызы ерекше.

Осы ретте, білім бөлімдері білім беру ұйымдарындағы ата-аналармен жүргізілетін жұмыс барысымен олардың оқу процесіне қатысу белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды ерекше назарға алу тиіс.

Сонымен бірге, белсенді тәрбие жұмысы арқылы оқушылардың бойындағы құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударуымыз қажет. «Оқуға құштар мектеп», дебаттық қозғалыстар мен «Мектеп театры», «Мектеп парламенті» атты өзін-өзі басқару жобалары ары қарай іске асырылып, «Жас ұлан», «Жас қыран», «Жас сарбаз» қозғалыстары, волонтерлік бағыттағы тәрбие беру жұмыстары өз жалғасын табады.

Мектеп оқушыларын мектепті басқаруға белсенді тарту, сынып сағаттарының форматын өзгерту, экологиялық мәдениет пен еңбек тәрбиесі дағдыларын қалыптастыруда белсенді оқушылардың мүмкіндігін пайдалану артық болмайды.

Инклюзивті білім беру

Балалар жылы шеңберінде ерекше білім алуды қажет ететін балалар мәселесі де назардан тыс қалмады.

Медициналық қызметтермен бірлесіп, балалардағы бұзушылықтарды ерте анықтауды және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды ерте түзетуді қамтамасыз ету маңызды.

Мұнда көп нәрсе психологиялық, медициналық, педагогикалық консультациялар мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің үйлесімді және кәсіби жұмысына байланысты.

Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатындағы 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы сәтті іске асырылуда, оған 4 млрд теңге қаржы қаралды.

Биыл қосымша мектептерден 28 инклюзивтік кабинет, 2 ресурстық орталық, 47 балабақшада логопункт ашылады. Осылай аймақта 77 білім беру ұйымында инклюзивтік білім алуға қолайлы жағдай жасаймыз. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 405 млн теңге қаржы бөлінді.

Білім беру бағытындағы айрықша бағыт – жастарға кәсіптік-техникалық білім беру

«Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті» деген Мемлекет басшысы өзінің мәлімдемесінде техникалық мамандар даярлауға басымдық беру керектігін айтқан болатын. Осы мақсатта өңірімізде біршама жұмыстар атқарылып, сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтарға жастар көптеп түсуде.

Өңірдегі 30 колледжде 97 мамандық бойынша – 18940 студент білім алуда. 25 колледжде 87 мамандық бойынша 3788 студент дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алса, 24 колледжде 78 мамандық негізінде модульдік білім беру бағдарламалары, сонымен бірге, «Жас маман» жобасы облысымыздағы 10 колледжде жүзеге асырылуда.

Жұмыс беруші ірі кәсіпорындарға колледждерді сенімгерлік басқаруға беруге байланысты, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі «Шакенова А.Б» жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілді.

2025 жылға қарай Ұлттық жобада көзделген халықаралық салалық стандарттарға сәйкес құрылатын 1 құзыреттілік орталығын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжі базасынан ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, өңірде техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кадрлар даярлайтын 13 мемлекеттік колледж жұмыс істейді, оның 6-ы (46,1 %) «WorldSkills» бағалау жүйесіне енгізілген.

Білім – мағынасы жойылмайтын, мәні жоғалмайтын мәңгілік тақырып. Себебі, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Оның өзінің заманның ағымына, дәуірдің дамуына қарай құрылымы өзгеріп, жүйесі дамып отыруы – заңдылық. Бұл ретте барлық үміт – ұстаз мойнындағы міндетте. Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал, ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиет бар. Біз осы тағылымды ойды санамыздан өшірмеуіміз керек.

Біздің халқымыз «Ұстаздық ету – талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп» деп, мұғалім мамандығына ерекше ықылас танытады. Біз осы бабалар аманатын білімге негіздеп, оны ғылыммен ұштастыруда аянбай, осы міндет-мақсаттарды өз деңгейінде жүзеге асыруымыз қажет.

Мейрамбек ШЕРМАҒАНБЕТ,

Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: