HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Сырдария және Жалағаш аудандарына барды. Бірқатар әлеуметтік, шаруашылық нысандардың жұмысын саралап, ауыл азаматтарымен жүздесті.
Алдымен өңір басшысы Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында болды. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен бірге ауыл ішіндегі жаңадан салынып жатқан “Еңбекшілер аллеясын» көрді.
2250 халқы бар ауылда «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 126,3 млн теңгеге ауылдық округінің кіреберіс жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 39,7 млн теңгеге көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынған. Сондай-ақ, 525,9 млн теңге қаражатқа 11 көше қайта жаңғырды. Ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосқан «Абзал және К» ТС-і жеке қаражаты есебінен ауылды абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 797,2 млн теңге қаржы бөлген. Айталық, 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауылдық ғимарат жаңадан көтерді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген.Аймақ басшысы ауыл халқының тұрмыс сапасын көтеру басым бағыт екенін айтып, ауылда жүзеге асып жатқан жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет екенін алға тартты.
– Әрбір жоба халықтың игілігіне арнап жасалады. Оның шарапатын сол ауылдың тұрғындары сезінгендіктен, әрбір іс сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек. Туған жерді, ауылды бірге көркейтуге тиіспіз. Ең бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерді шешсек, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартамыз, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Жалағаш ауданындағы «Таң» ауылында жалғасты. «ТАҢ ЛТД» серіктестігінің егіс алқабына барып, ауылшаруашылығы саласындағы әртараптандыру бағытында мамандармен пікір алмасты.
Ауылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 569,2 млн теңгеге 14 көшенің орташа жөндеу, 333,2 млн теңгеге мектепке күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, 140 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория салынған.
Мұнан бөлек, «Таң ЛТД» ЖШС-і жеке қаражаты есебінен Таң елді мекенін абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 701 млн теңге қаржы бөлді. Яғни меценат азаматтың арқасында ауылда мешіт ғимараты жөңделіп, бөбекжай қайта жаңғыртылып, спорт кешені ғимаратының құрылысы жүрген. Сонымен бірге 150 млн теңгеге ет өңдеу цехының құрылысы бастау алған.
Облыс әкімі өнім өндіру мәселесіне тоқталды. Сырттан келетін өнімдерге деген тәуелділікті төмендету үшін ауылдардың ауыл шаруашылық әлеуеті жоғары болуы керек. Бұл ретте шаруалар орақ түсу маусымына толықтай дайын.
– Өнімнің мол болғаны халықтың еңбегінің қайтқаны. Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы негізінде биыл су көлемі былтырғы жылғыдан жоғары болды. Бірлескен келіссөздердің арқасында аймақта айтарлықтай қиыншылық туындамады. Келесі жылы да мол өнім алу үшін жерді алдын ала дайындап, егіс алқаптарына қажетті жұмысты осы кезден бастап анықтау қажет. Астықтың көлемі мол болып, қажеттілікті толық өтей алсақ, азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты түрде ұстап тұра аламыз. Егін егуге икемі бар отбасыларға бос жерлерді табыстап, егін егу мәселесін де тапсырдым. Бақша дақылдарын өзіміз өндірсек, сырт өңірдің өнімдеріне деген сұранысты болдырмаймыз, – деді Н.Нәлібаев.
Биыл серіктестікте 25 мың тонна күріш өндіріледі деп жоспарланған. Тамыз айының үшінші онкүндігінде күрішке орақ түспек.
Айта кетейік, ауылда биылғы жылы спорт кешенін ұлғайту мақсатында 150 спортшыға арналған кешеннің іргетасы қалануда. Нысан 2023 жылы ел игілігіне берілмек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!