Өрт – тілсіз жау. Одан келетін апаттың жайы айтпаса да түсінікті. Егер өрт пайда болған аумақта оны болдырмау құралдары мен алдын алу шаралары іске аспаған болса, заң бұзушылыққа саналады. Сондықтан кез келген нысан мен ғимараттарда өрт сөндіруге қарсы аппараттар, құрал-саймандар болуы міндетті. Осыған сәйкес, ҚР Бас прокуратураның тапсырмасының негізінде облыстық прокуратурамен құзырлы органдар тарапынан қаладағы 7 ірі сауда нысанының кешенді тексеру шаралары жүргізіліп, жер, сәулет-құрылыс, өрт қауіпсіздігі, санитарлық эпидемиологиялық ветеринария, салық, көші-қон, еңбек және экология салаларындағы түрлі ереже бұзу фактілері анықталған. Осыған сәйкес, шаһар басшысы Асылбек Шаменов қала әкімдігінің мәжіліс залында сауда үйлерінің басшыларына қатаң ескерту жасап, алдағы уақытта мұндай жайттарға жол берілмеу керектігін баса айтты.
Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігінің мәжіліс залында сауда орындарының директорлары, жауапты сала мамандары және шаһар басшысының қатысуымен жиын өтті. Онда алдағы уақытта халық көп шоғырланатын сауда орындарының өртке қауіпсіздік деңгейі талқыланып, осыған қарсы атқарылып жатқан жұмыстар сөз болып, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының баяндамасы тыңдалды.
– Бұл уақытқа дейін адам өміріне немқұрайды қарап, осындай кемшіліктерге жол беріп келдіңіздер! Қала халқының ең көп шоғырланатын жерлеріне иелік етесіздер. Бизнес тек ақша табумен шектелмейтінін ескеріңіздер, – деді қала әкімі А.Шаменов.
Алдымен сауда орындарының басшыларына бұл олқылықтың орнын толтырып, келесі тексеру кезеңінде қайталанбауын талап етті. Дегенмен сақтық шараларын сақтаудан бұрын, сауда үйінде кәсібін жүргізіп отырған дүңгіршек иелері онда газ баллондарын пайдаланып, газ плиталарын қолданған. Мұндайға жол берген сауда үйінің басшылары алдағы уақытта қайталанбайтынын жеткізді.
«Сыбаға» ЖШС директорының орынбасары Зарина Ризванова наурыз айынан бері тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен бірге, алдағы уақытта тағы да кемшіліктердің орнын толтырылатынын мәлімдеді.
Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев сауда орындарының қауіпсіздік шараларын сақтау деңгейі жайлы баяндама жасады.
– Бүгінігі таңда, қаламыздың аумағында жалпы 12 базар жұмыс істеп, тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Олардың ішінде «Жаңа базар», «Сұлтан», «Сыбаға», «Қанат» базары, «Сәулет» шағын базары, «Талғат», «Гүлдана», «Ақтөре», «Сығанақ», «Бабас», (құрылыс базары) базарлары және Автокөлік, «Бұлан» мал базарлар қатарына жатқызылады. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 10-бабына сәйкес, әмбебап сауда базары сауда орындары әртүрлі топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары ретінде қарастырылса, мамандандырылған сауда базары сауда базарының жалпы санынан олардың жетпіс және одан да көп пайызы бір топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып есептеледі. Қала аумағындағы орналасқан әмбебап базарларды жабық базарларға көшіру мәселесі кезең-кезеңмен 2025 жылға дейін жүргізілуі тиіс, – деді ол.
2020 жылы «Сыбаға» базарының киім-кешек жағына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 2240 шаршы метр құрайтын 2 қабатты 70 сауда орны бар «Қорқыт Ата» сауда үйі тұрғызылып, іске қосылды. Бұған қоса, осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында, «Сыбаға» және «Сұлтан» базарының қосымша құрылысының жаңа эскиздік жобасы бекітілген. Дегенмен, осыған дейін базар аумағында жүргізілген құрылыс жұмыстарына алынған несие берешегі әлі күнге дейін қаржы ұйымына кешіктіріліп қайтарылуда екен.
Оған себеп әлемдік пандемия белең алып, базарлардың жұмысының шектелуіне алып келді. Нәтижесінде базарларда сауда-саттық көлемі төмендеп, сатушылардың жалдау ақыларының төлеу қабілетіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ, бұл жағдайлар коммуналдық шығындарға да алып келген. Осыған байланысты, аталған екі базарда құрылыс жұмыстары кейінге (2024 жылға) шегеріліп отырған көрінеді.
Бұған қоса, «Асбол» базары (Жаңа базар) бойынша бүгінгі күні базар аумағында заман талабына сай тұрғызылған «Атамекен» және «Жаңа базар» сауда орталықтыры жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Асбол» ЖШС тарапынан қаламыздың Д.Қонаев көшесінің бойынан жоба құны 1,5 млрд теңге көлеміндегі 9500 шаршы метр құрайтын «Прима Парк» бизнес орталығының құрылыс жұмыстарына қаражат жұмсалған. Базар әкімшілігі осыған дейін құрылыс жұмыстарына алынған несие төлемдерінде қиындықтар туындап отырғандығын алға тартып, базар құрылысын жүргізу келесі жылға жоспарланып отырғандығын мәлімдеп отыр.
– Қаламыздың Қизатов көшесі бойындағы жалпы аумағы 2029 шаршы метрді құрайтын «Бабас» құрылыс базарындағы ескі нысандары бұзылып, 1700 шаршы метрді құрайтын жаңадан ғимарат бой көтеріп, бір бөлігіне сатушылар орналастырылатын болады. Қалған бөлігіндегі ескі нысандарының орны тегістеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін, қаржы мәселесі қарастырылуда, – деді Б.Амангелдиев.
Қаладағы «Жаңа базар» маңындағы Пушкин көшесі мен Әбілқайыр хан көшесінде, яғни кәсіпкерлік нысан иелері өз тауарларын (құрылысқа қажетті заттар, автокөлік майлары мен дөңгелектер) көшенің бойына шығару салдарынан, бей-берекет сауданың ұйымдастырылуына жол беріп отыр. Мұндай жағдайлар, қаладағы Әйтеке би, Тоқтыбаев, Қонаев көшелерінің бойындағы «Отырар», «Айт-Бек», «Қорқыт» сауда үйлерінің іргесінде жол бойында және «Сыбаға», «Талғат» базары маңында бей-берекет сауда ұйымдастырылып, көшенің бойы ластанып, жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде.
Осы орайда, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бағлан Бақытжанұлы сауда нысандары басшылары өздерінің іргелес аумағындағы бей-берекет сауданың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күнделікті қадағалап, бірлесе жұмыс істеу қажет екенін жеткізді.
ТҮЙІН. Адам өмірінен ештеңе артық емес. Бұны аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та растап отыр. Тілсіз жаудың төнер уақыты белгісіз болған соң, оған дейін дайындық жұмыстарына сақадай сай болу қажет. Біз оқиға болғаннан кейін ғана іске кірісеміз, асылында оны болдырмау жолында барымызды салсақ, қаншама апатқа жол бермеген болар едік. Формула оңай, іске көшу ғана қалды.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!