Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нақты оқиғаларға негізделген: алаяқтар жастардың аңғалдығын қалай пайдаланады?

11.07.2022, 15:30 342

HALYQLINE.KZ ІІМ мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда (1179 қылмыстық құқықбұзушылық) өткен айда интернет-алаяқтықтар саны 8 есеге өскен (8240 қылмыстық құқықбұзушылық). Алаяқтар интернеттен қосымша қаражат табу мүмкіндігін жиі іздейтін жастарды белсенді түрде тартады.

Fingramota.kz осындай схемалар туралы толығырақ айтып береді.

Бірінші схема. Қысқа уақыт ішінде байлыққа кенелу туралы аңыз

Алаяқтар әлеуметтік желілер немесе мессенджерлерде (Telegram немесе  WhatsApp) арнайы аккаунттар құрып, жастарға, жиі жағдайда студенттерге әртүрлі сылтаумен аз уақыт ішінде оңай олжа табуды ұсынады. Мысалы, геосаяси жағдайға байланысты олар банкте өз қаражаттарын тікелей шығара алмайды, туыстарынан немесе шетелдегі достары жіберген ақша аударымдарына байланысты уақытша қиындықтарға тап болған және т.б. Бір сөзбен айтқанда, оларға ақшаны шығару үшін көмек қажет, есесіне сыйақы беруге уәде етеді. Олардың мессенджердегі тобына кіргеннен кейін жастар әрі қарай не істеу керектігі туралы нұсқау алады. Әдетте қаскүнемдер банктерден бір не бірнеше шот ашуды өтінеді, оларға алаяқтар белсенді түрде ақша аударады. Әрі қарай осындай әрекеттің құрбаны болған адамға шоттардан барлық қаражатты шығарып алып, оны бір ортақ шотқа аудару, ал өзіне сол ақшадан біраз пайыз, мысалы 100-150 мың теңге алып қалу туралы нұсқау беріледі.

Қылмыскерлер өздерінің пайдакүнемдік мақсаттары үшін жастарды пайдаланады, себебі жастар ақша табу үшін бәріне дайын, тәжірибелері аз болады әрі көп жағдайда ақпаратты тексермейді. Түбінде құқық қорғау органдары тергеуді бастап, қаржы алаяқтары іс-әрекеттерінің тұтастай тізбесін анықтайтын уақытта «байғұс» студенттерге шығады, ал оларға алаяқтарға көмектескендері үшін айып тағылады. Осы әрекеттері үшін жастарға нақты мерзім берілуі мүмкін. Әрине, студенттердің орнында желіде ақша тапқысы келетін кез келген адам болуы мүмкін. Алаяқтық үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында жазаның көзделетінін атап өткен жөн.

Кеңес: Есіңізде болсын, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бейтаныс адамдардың ұсыныстарына, әсіресе белгілі бір ақы үшін көмек көрсету не делдал болу туралы әлеуметтік желілердегі ұсыныстарына әрдайым сыни тұрғыдан қараңыз.

Жеңіл ақша мен кепілдік берілетін сыйақы табуға тек алаяқтар ғана уәде береді. Өз еркіндігіңізге қауіп төндірмеңіз және алданып қалмаңыз!

Екінші схема. Жоғары кірісті жұмысқа уәде беру

Жазда көптеген студенттер қосымша жұмыс іздейді. Алаяқтар осыны пайдаланады. Қаскүнемдер студенттерге жұмыс тәжірибесін немесе белгілі бір дағдыларды талап етпестен жақсы жалақы төленетін, «үйде істеуге болатын»  жұмыс ұсынады. Алайда жұмысқа орналасу үшін жастар банкте шот ашып, қашықтан қызмет көрсетуді қосып, жалақы аудару үшін жұмыс берушілерге жеке және төлем деректерін беруі керек. Нәтижесінде жастар жұмыссыз және жаңа кредиттермен қалады, оларды жалған жұмыс берушілер ресімдейді.

Немесе тағы бір нұсқа – алаяқтар студенттерді жұмысқа қабылдайды және сенімді қарым-қатынас орнатып, ортақ бизнес ашуды немесе жоғары табысты инвестициялық жобаға қатысуды ұсынады. Бұл үшін жастарға аз ғана ақшалай жарна салу керек. Алаяқтардың айтуынша, салынған барлық қаражат жүз есе қайтарылады. Бірақ көптеген «инвесторлардың» жинақтары да жоқ, олар ақшаны ата-анасынан, туыстарынан алады. Не олар банктерде немесе МҚҰ-да кредит ресімдейді және өз «серіктестеріне» қаражат береді. Алаяқтар қалаған нәрсесін алып, барлық ақшамен жоқ болып кетеді. 

Кеңес: Жиі «өзіміз үйретеміз», «басшының көмекшісі», «лайықты жалақы» және т. б. тәжірибені қажет етпейтін жұмысқа шақырудың астарында әлеуетті қызметкерлердің жеке деректерін ұрлағысы келетін қаржылық алаяқтар жатыр.

Өзіңіз жұмысқа орналасайын деп жатқан компания туралы пікірлерді оқыңыз, оның нарықта қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын біліңіз, кез-келген қаржылық шешім қабылдаған кезде үлкендермен кеңесіңіз. Ең бастысы, өзіңіздің дербес деректеріңіз туралы ақпаратты ешкімге ашпаңыз.

Үшінші схема. Ақша табуға болатын ойындар мен қосымшалар

Қаржы пирамидаларының жаңа түрінің бірі – жастар арасында танымал инвестициялық онлайн-ойындар. Алдау схемасы мынадай: пайдаланушы қандай да бір экономикалық жобаға тіркеліп, белгілі бір ақшалай жарна салуы керек. Ақшаны қайтарып алуға мүмкіндік беретін «ойында» ол белгілі бір кейіпкерді немесе кіріс әкелетін виртуалды мүлікті сатып ала алады. «Ойынды» жасаушылар геймер-инвесторларға жоғары және оңай табыс пен жаңа пайдаланушыларды тарту үшін қосымша сыйақы беруге уәде береді. Әдетте, жастар қысқа мерзімді кредиттер береді, туыстарынан қарыз алады және жалған жобаға достарын белсенді түрде тартады. Нәтижесінде, бір күні сайт жабылады, ал инвестор-сымақтар сыйақысыз ғана емес, сонымен қатар өз инвестицияларынсыз да қалады.

Сондай-ақ алаяқтар танымал онлайн ойындардың жалған мобильдік қосымшаларын жасайды. Жастар осы қосымшаны өз телефондарына жүктеген кезде, олар алаяқтарға өздерінің гаджеттеріне қол жеткізулеріне мүмкіндік береді, өйткені қосымшамен бірге әдетте қандай да бір вирус жүктеледі.

Кейбір алаяқтар ойыншының жеке деректерін иелену үшін оны арнайы сілтеме арқылы жалған сайтқа бағыттайды немесе ойынға кіріп кеткен адамның IP-мекенжайына шабуыл жасайды. Осылайша олар пайдаланушылардың жеке ақпаратын, оның ішінде төлем деректерін біліп алады.

Кеңес: Сізден ақша алып, адам тартуды ұсынатын, онлайн жобалар арқылы жоғары табыс табумен байланысты ұсыныстарға сенбеңіз. Мұндай уәделерді қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар береді. Әрдайым сақ болыңыз!

 Гаджетіңізге тексерілмеген және лицензия берілмеген қосымшаларды орнатпаңыз. Егер сіз күмәнді сілтеме бойынша өтіп, жалған сайтқа тіркеліп қойған болсаңыз немесе телефоныңызда вирустық қосымшаны іске қосқан болсаңыз, онда алаяқтардың сізбен байланысуға әрекет жасайтынына дайын болыңыз. Қаскүнемдерге сіздің ақшаңыз керек. Сіздің банктік шоттарыңызға толық қол жеткізу үшін оларға төлем картасы туралы ақпарат және операцияны растаудың SMS-коды қажет. Мысалы, алаяқтар кез келген нөмірден қоңырау шала алады, өйткені нөмірлерді ауыстыру сервисі бар және өзін құқық қорғау органдарының, банктердің, әлеуметтік қызметтердің, университеттің және т. б. қызметкерімін деп таныстыруы мүмкін.

Төртінші схема. Балама инвестициялар

Жастар заманауи технологиялармен қатар жүреді және криптовалютаны пайдалану мүмкіндіктеріне қатты қызығушылық танытады. Бірақ жастардың барлығы дерлік бұның цифрлық ақша екені, олардың жоғары құны және үлкен тәуекелдері туралы біле бермейді. Сондықтан алаяқтар криптовалютаға салым салуға байланысты бірқатар схемаларды жасады. Олардың ішіндегі ең танымалы – ақысыз тарату, пошта арқылы немесе мессенджерлер арқылы тарату әдісі, онда белгілі бір криптовалютаны өте төмен бағамен, жеңілдікпен сатып алудың ерекше мүмкіндігі туралы айтылады. Және бұл «мүмкіндік» тек бүгін, дәл қазір беріледі. Алаяқтар интернет арқылы криптовалютамен жұмыс деген желеумен жалған қосымшаларды жүктейтін сілтемелерді белсенді түрде таратады, сондай-ақ фишингті пайдаланады. Жалған сайттарда алаяқтар қаржылық ақпаратты, сондай-ақ электрондық әмиянның, банк қосымшасындағы жеке кабинеттің құпия сөзін көрсетуіңізді сұрайды.

Жылдам әрі аз ғана салым салу арқылы табыс табуға деген талпыныс, хабардарлық деңгейінің төмендігі енді ғана жұмыс істей бастаған және тәжірибесіз инвесторлардың криптовалютаға салым салудың орнына ақшаны жай ғана алаяқтарға бере салуына әкеп соғады, және ол ақшаны оңайшылықпен кері қайтара алмайды.

Кеңес: Криптовалютамен мәміле жасаған кезде барынша абай болыңыз. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша криптовалюта қаржы құралы болып табылмайды және инвестициялау объектісі ретінде мемлекеттік реттеу аясына кірмейді. Криптовалютамен сауда-саттықты жүзеге асыру үшін сенімді реттелетін алаңдардың болмауы әлеуетті инвесторларға қатысты алаяқтық іс-қимылдарды оңайлатуға, дербес және карта деректерінің, сондай-ақ ақша қаражатының жоғалуына ықпал етеді.

Жоғарыда аталған барлық жағдайда адам ойланып, ақпаратты тексеріп үлгергенше қылмыскерлер барынша жылдам іс-қимыл жасауға тырысады. Жастар өздеріне уақыт беруін өтінетін уақытта алаяқтар оңай олжадан айырылып қалмау үшін бірден қорқытуға көшіп, моральдық тұрғыдан басуға тырысады. Сол үшін сізге ақшаның қайтарылатынына және қомақты табысқа жететініңізге уәде беретін инвестициялармен; ақшалай жарна енгізу қажет болатын қосымша жұмысқа байланысты кез келген ақпаратты дұрыс бағалаңыз; тіпті жай ғана қызығушылықтан күмәнді сілтемелерге кірмеңіз.

Егер сіз бұл ескертулерге де қарамастан алаяқтың құрбаны болсаңыз,  онда тез арада банкке қоңырау шалып, өз шоттарыңызды бұғаттаңыз, сондай-ақ тұрғылықты жеріңіз бойынша полиция бөліміне ресми өтінішпен жүгініңіз.

Сақ болыңыз, алаяқтарға алданып қалмаңыз және www.fingramota.kz сайтынан көбірек пайдалы ақпарат алыңыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: