HALYQLINE.KZ Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер – біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба – егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. Гимн – осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы. Төл нышандар – тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы.
4 маусымда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен қала орталығындағы «Aray Citу Mall» сауда ойын-сауық орталығында ҚР Рәміздер күніне арналған «РӘМІЗДЕР –ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰМАРЫ» атты мерекелік концерт өтті. Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада төл нышандардың тарихы, авторлары мен рәміздердің ерекше сипаты және маңыздылығы айтылды. Концерттік бағдарламада М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің «Япурай» хор ұжымы, Нұргүл халық ән-би ансамблі, «Жігіттер триосы», «Гаухар» квартеті, «Жігер » квартеті, «Дарын» дуэті, «Қыздар» вокалды тобы, «Самғау» квартеті, «Жалын» квартеті сынды бірқатар өнерпаз жастар өз өнерлерін көрсетіп, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
1992 жылдың 4 маусымы – ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні – қыран бейнелі көкшулан туымыз (авторы – Шәкен Ниязбеков), басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз (авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан), әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. 1992 жылы 6 маусым күні тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, сол күні Президент сарайы мен Парламент Үйінің төбесіне Ту көтерілді, Елтаңба орнықты. 6 ай өткен соң 1992 жылы 11 желтоқсанда Мемлекеттік Гимннің мәтіні бекітілді. Ол 2006 жылы қайта өзгеріп, желтоқсан айында жаңа Гимн қабылданды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!