Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қандай құрылтай керек?

21.04.2022, 11:20 347

Соңғы жылдары біздің билік халыққа жақындай алмай-ақ қойды. Халық олардан қаша ма, әлде олар халықпен жақындасуды білмей ме екен,  әйтеуір «еститін  үкімет» дегенді де шығарды (сол ар­қылы, «бұрынғы үкіметтің» халықтың айтқанын құлақтарына қыстырмайтынын өздері мойындады. Бірақ бұларды «қазіргі үкімет» деуге де аузымыз бармайды, барлығы сол қалпы «бұрынғы үкіметтің» адамдары… ), «алтын көпір» дегенді шығарды, жергілікті атқарушы билік пен халықтың арасында байланыс орнату мақсатында «қоғамдық кеңес­терді» ойлап тапты, алайда, халық басым болып кетер деген қауіппен оның отыз па­йызын (атқарушы биліктің жұмысынан халықтың хабары  жоқ қой деген сылтаумен) …атқарушы биліктің өзіне берді. Кейін ол отыз пайыз он пайызға түсті, бірақ осы бес жылдың ішінде «қоғамдық кеңестер» де ештеңе өзгерте алмады, азаматтардың билікке деген ашу-ызасын, өкпе-назын шығаратын орын болып қалды. Биліктің өздері жасақ­тайтын кеңестерге сексен де жиырма пайыз деген тәсіл енгі­зіліп, халықтың мұқтажын айтатын 20 пайыз азаматқа бұрын билікте болған, әлде де болса, шіреніп, «мен об­лыстық (аудандық, министрлік, т.т.) кеңестің мүшесімін» деп отыруды армандайтын «ақсақал», «қарасақалдардың» 80 пайызын қосып, атала деп аталатын қойыртпақты өмірге алып  келді.

Билік халыққа жақындай алмай-ақ қойды. «Халықтың сөзін тыңдау керек» деген ұранмен осы отыз жылда қанша құрылымдар, «палаталар» мен «кеңестер» құрылды, оны бір Алла біледі. Менің өзім бес жыл «Қоғамдық палатаның» мүше­сі, сегіз жыл Ассамблеяның ғылыми сарап­тама кеңесінің мүшесі, үш жыл Президенттің жанындағы Адам құқығын қорғау комитетінің сарапшысы,  екі мәрте «Жер комиссиясының» мүшесі, «Ел бірлігі» доктринасын дайын­дайтын жұмысшы тобының мүшесі, т.т. болыппын. Қысқасы, билік халықпен жақындасудың жолдарын іздеуді ешқашан тоқтатпаған және тоқ­татпайтын да сияқты. Биліктің осыншама ақ тер, көк тер болғанына жаным ашиды, бірақ, оның сырын жақсы түсінемін – халық өкілдерінен құралатын, әділетті сайлау арқылы халықтың таңдауынан өткен құрылым (Парламент) болмағаннан кейін «халықпен ақылдасудың», «халық өкілдерімен бас қосудың» түрлі жолдары қарастырылады. Бұл құрылымдардың барлығына «ойын», «алдау» деген ат беруден аулақпын. Қоғамға аса қажетті нақты бір сұрақтың төңірегіндегі басқосуларда, көп жағдайда, қоғам өкілдерінің көзқарас­тарының жеңіп шыққанын да білеміз  (ҚР  Халық   Ассамблеясы дайындаған «Ел бірлігі» доктринасының қабылдануын тоқ­татып  қана қоймай, сол жұмысшы тобына кіріп, құжатты өзіміздің мүддемізге сай қайта жазып шығып,  оны   қабыл­дату  қоғам  өкілдерімен   жұмыс  істеу  жолдарын тиімді  пайдаланудың  нақты  мысалы  болып  табыл­ады).

Бір  таңғаларлығы,  бұндай  «халықпен  жа­қындасу» жолдары өркениетті елдерде мүлдем жоқ екен. Қызық! Сонда олардың халықты көздеріне ілмегені ме, әлде халықты, азаматтық қоғамды, оппозицияны ысырып қойып, өздері­нің ойларына  келгендерін  жасай  бере ме деген ой келеді. Былай қарасаң, олар да ақымақ емес сияқты. Бірақ 500 ұлт өкілі тұратын Англияда, не  400  ұлт  өкілі   тұратын   Францияда  біздегідей  Халық   Ассамблеясы жоқ. Ағылшындар «біз көп ұлтты, көп конфессиялы елміз» деп жар салмайды, бірақ Лондонның мэрі Садик-хан – мұсылман, ал Францияның футболшылары ғана емес, Парламентінің  де  үштен бірі – қара  нәсілді жандар. Өркениетті елдерде де заң шығарушы билік бар, олардың шығарған заңын жүзеге асыра­тын атқарушы билік бар, бірақ құйысқанға қыс­тырылған «қоғамдық  кеңес»  деген  атымен  жоқ.  Неге?

Меніңше, бұл «феноменнің» жауабы – тым қарапа­йым. Халық билігі жүзеге асырылмаған жерде билік иелері «халық өкілдерін» жинап, дүбәра бір құрылым жасайды екен. Сол арқылы билікке, билік шығаратын шешімдерге халық­тың қатысы бар екендігін көрсетеді. Бір сөзбен айтқан­да, «халық пен биліктің біртұтас» екен­дігін көрсетуге күш салады. Ал халықтың өз билігін жүргізіп тұрған жүйеде ондай «кеңестер» мен «комис­сиялардың» ешқандай қажеттілігі болмайды. Себебі ол жерде сол халықтың өкілдерінің  өздері  отыр.

Соңғы жылдары Қазақ елінде Құрылтай көбейіп кетті. 2019 жылдан бастап, жаңсақ айтсам, кешірім сұраймын, бес Құрылтай өткен сияқты. Сол жылдың мамыр айында ғана сайлауға бойкот жариялағандар (Қосановқа қарсы, Тоқаевты жақтаушылар) екі Құрылтай өткізіпті. Былтыр бір күнде қазақтың екі Құрылтайы өтіп, тағы да ыңғайсыз жағдайда қалдық. Әрине, «қазаншының еркі бар» демекші, ұйымдастырушылардың өз жиындарын қалай атаймын десе өз еркі, бірақ, қазақтың әр сөзінің нақты мағынасы бар екенін де ұмытпайық. («Асау» деген сөз – тек жылқыға байланысты қолданылады, оны «тышқан» сөзіне қосақтауға болмайды). Қазақтың қасиетті сөзін барлық жиынға жапсырып, кез келген жерде пайдаланып, мазмұны мен мағынасынан айырып, арзандатып, беделін түсіру – ешкімді ұшпаққа жеткізбейтін  әрекет.

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, Құрылтай сөзін билік те пайдалануға көшкен сияқты. Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев өзінің Жолдауында «сенім комиссиясының» орны­на Құрылтай жасақталады деген пікір айтты да, оның міндетіне, жасақталу жолдарына, құзыретіне жан-жақты, терең тоқталған жоқ. Ол түсінікті де, себебі, біріншіден, Жолдаудың форматы ондай кең деңгейдегі түсініктеме беру­ді көтер­мейді,  екіншіден,  Құрылтай  Ережесі  арна­йы  құжат  ретінде  кейін  дайындалуы  керек.

Өз басым, «Ұлттық жобалар мен стратегия­лық құжаттарды ашық талқылау керек» деген пікірді толық қолдаймын. Әлеуметтік желіде неме­се газет-журналдың беттерінде талқылау бір бөлек те, ашық пікірталастың жөні мүлдем басқа. Сонымен бірге Құрылтай тек қана биліктің дайын­дап берген «ұлттық жобалары» мен «стратегиялық құжаттарын» талқылаумен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Құрылтай мүшелері өздері өкілеттік алған топтардың (мүмкін, аймақтардың) атынан өздерінің көзқарастарын, жобалары мен қоғам дамуының басты бағыттарын ұсынуға, оны дәлелдеуге мүмкіндік алуы шарт. Байқайсыздар ма, осы уақытқа дейін билік тарапынан дайындалған кейбір «жобалар» мен «стратегиялық құжаттарды» халықтың көпшілігі қабылдаған жоқ. Қарсы болды. Тоқтатуды талап етті. Алайда билік өзінің бағытынан айныған жоқ. Жерді сату мәселесінде, халыққа «сендер түсінбейсіңдер» деді, министрлерге «түсіндіре алмайсыңдар» деді, жоғарғы сыныптарды ағылшын тілінде оқыту мәселесінде де, халықтың жанайқайына қарамай, миллиардтаған ақшаны босқа шашып, мұғалімдерді ағылшын тіліне оқытты, «Әліппені» алмаңдар» дегенге қарамастан, алып тынды, жоғарғы оқу орындарындағы «Қазақстан тарихын» алып тастап, «Қазіргі Қазақстан тари­хы» деген пәнді енгізді, «Сбербанкпен» шарт жасасуға ниеттенді, т.т. Бірақ сол жобалардың тиімсіздігін, жемқорлық үшін көтерілген ақымақ жоба екенін кейін өмірдің өзі дәлелдеді. Қазір сол жобалар тоқтатылды. Бірақ «сол уақытта Сіздердікі дұрыс екен» деп бірде-бір билік өкілі айтқан жоқ… Мүмкін, Құрылтай биліктің осы бір «өзім білемін» деген ауруына тосқауыл қоятын болар. Ол үшін Тоқаев айтқандай «жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды». Ол үшін Тоқаев айтқандай «Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтайтын» болуы керек. Дала демократиясы дәстүрі сонда ғана жаңғырады. Демек, ең басты мәселе – Ұлттық Құрылтайдың құзыретінде.

Әрине, Президенттің Жолдауынан кейін, астананың солтүстік жағалауындағы көлеңкелі кабинеттердің бірінде Ұлттық Құрылтайдың ережелері жазылып жатқаны анық. Олардың алдындағы сұрақтар қоғамның да алдында тұр. Солардың  екеуін  талдап  көрелік.

Бірінші сұрақ. Құрылтайды кімдер жасақтайды, кім ұйымдастырады, кімдер басқарады, қысқасы, «ойын ережесін» кім жасайды? Өз басым, бұл жауапты жұмысты билікке тапсыруды дұрыс деп санамаймын. Олардың халық жиынына нақты құзырет беретініне күмәнім бар. Осы уақытқа дейін осыған ұқсас құрылымдарды ой елегімізден өткізсек, «сөз сөйлеу», «пікір айту», «ұсыныс беру» кезеңінен соң, шешім шығару мәселесі – не тасада, не билікте қалатын. Сондықтан, Ұлттық Құрылтайдың Ережесін жасау­ға азаматтық қоғамның өкілдері – оппозиция, журналистер, қоғам қайраткерлері, т.т. тікелей араласуы қажет. Басты мәселенің бірі – Құрылтайдың мүшелерінің өкілеттігі. Оны кім анық­тауы керек? Жолдауда президенттің аузынан «Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблея­сы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңес­тер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады» деген сөз шықты. Меніңше, Парламент пен Ассамблея өкілдерінің биліктің «жоба­лары» мен «құжаттарына» әсер ететін мүмкіндіктері жетерлік, сондықтан оларға Құрылтайдан орын беру артық сияқты. «Өндіріс пен ауылшаруашылық еңбеккерлері, бизнес өкілдері» деген сөз – бұрынғы Кеңес зама­нындағы Жоғарғы Кеңеске  депутаттарды жасақ­тауды есімізге  түсіреді. Ленин орденді, Социалис­тік Еңбек Ері деген атағы бар қойшылардың Кремльдің Съездер сарайында қалғып-шұлғып отыратынын ұмыта қоймаған болармыз. Бұл – еңбеккерлерді, не бизнес өкілдерін жиынға шақырмау деген емес, олардың ішінде де қоғамға танымал, халықтың қамын өзінің қалтасынан жоғары қоятын жандар жеткілікті, бірақ соларды қалай таңдап аламыз? Бір ауыз сөзбен айтқанда, таңдау  шарттары  қандай  болмақ?

Бұған дейінгі осыған ұқсас «халықпен пікірлесу»  жиындарында таңдауды биліктің өзі жасай­тын (жоғарыдағы сексен де жиырма тәсілі). Егер Ұлттық Құрылтай да осы жолмен жасақ­талатын болса, қандай нәтижеге жететінімізді білу үшін балгерге барудың қажеті жоқ деп есептеймін. Егер Құрылтай мүшелері азаматтық қоғамның негізгі көрсеткіші болып табылатын Үкіметтік емес ұйым­дардан жасақталса, жиырма мың қоғамдық ұйымның ішінен таңдап алу да оңай жұмыс болмайды және оны кім таңдайды деген сұрақ тағы да алдымыздан шығатыны анық. Меніңше, Ұлттық  Құрылтайды жасақтау мәселесін шешкеннен соң ғана, бұл – Жаңа Қазақстан­ның белгісі болып табыла ма, әлде Ескі Қазақстанның бұрынғы «халықпен жақындасу» ойынының жалғасы ма деген  сұраққа  жауап  бере  аламыз.

Өз басым, отыз жыл бойы осы жүйеге қызмет жасаған, оның атқарушы билігі мен идеология­лық бағытына беріле жұмыс істеген адамдарды Ұлттық Құрылтайға кіргізбеу туралы арнайы шарт, заңдық норма қабылдау керек деп есептеймін. Осы шарт арқылы мен оларды екіжүзділік пен тұрақсыздықтан құтқарып алғым келеді. Құрылтайда «заман өзгерді – мен де өзгерейін» дегендер  емес, «заманды  адамдар  өзгертеді»  деген  жандар отыруы керек. Назарбаев пен оның іс-әрекетінің «сабақтастығын» (президенттің өзінің сөзі) ұстанып отырған  Тоқаевтың жүйесіне қызмет  жасаған адамдардың  Ұлттық Құрылтайда отырғаны – президентімізге  сын.

Екінші сұрақ. Ұлттық Құрылтайдың құзыреті қандай болмақ? Бастама көтерген Президентіміздің сөзіне қарағанда, бұл – президенттің жанындағы ондаған кеңесші органдардың бірі сияқты. Бірақ, аты – дардай… Егер оған мүше бола­тын адамдарды (жоғарыдағы сұрақтың бірінші тұруының себебі де осы болар) халық таңдайтын болса, Парламенттің жағдайы қиын болады… Онда не Құрылтай, не Парламент, екеуінің бірі қалуы керек. Парламентте халық қалаулылары отырған жоқ, қолдан жасалған партиялардың, сол партияны ойынға қосқан биліктің таңдаған адамдары отыр. Бір тойда екі жар жоқ…  Егер қазақ дәстүріне сай құрылған Құрылтай болса, оның шешімдері – талассыз шындық, нақты ақиқат, заңды шешім! Парламенттің міндеті – сол шешімге сай заңдарды қабылдау. Бұған бүгінгі билік көне ме? Бұл да сұрақ. Құрылтай халыққа жақпайтын  заң  жобаларын  қалайша  тоқтата алады? Құрылтайта дауыс беру арқылы қабылданған шешімді Президент не Парламент бұза ала  ма? Бұл да  сұрақ.

Бұл мақала Сіздерге ой салу мақсатында жазыл­ды. Ұлттық Құрылтай – жаңа бастама. Бұл құрылымның қандай болуын тек биліктің шешуіне беріп қоюға болмайды. Өзіміздің пікірлерімізді білдірейік. Егер көңілімізден шықпаса, қарсылығымызды көрсетейік. Ережені жасайтын жұмысшы тобына кірейік. Шақыра қалса…

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: