Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

21.04.2022, 9:00 389

Кер   кезеңнен  өттік   пе?

Мәжігүнді министр қылған, даласуанды депутат қылған, ақикөзді әкім қылған, төрге шығып көрмегенді төраға қылған, кем ақылды кеңесші қылған, желікпені жұлдыз қылған, аңқыманы ақын қылған, паңқыманы батыр қылған, еркекке сырға тақтыр­ған, әйелге халық бақтырған кер кезеңнен  өттік  пе-оу?!.

Шатқаяқтап  шақ  тұрмыз

Еліміз ілгері қарай жылжып, тіліміз кері қарай жылжып, екі ортада шатымыз айырылып кетпесе екен деп есалаң күйде тұрмыз.

«Тексіз»

Оған қарап ең болмағанда: «Әй, сен мұсылман емессің  бе?»  деп  те  айта  алмайсың…

Бата  көптік  етпейді

Дастарқан батасы, той батасы, құданың батасы, наурыз баталарға енді семинар батасы, есеп беру жиналысының батасы, келген әкімге бата, сайлаудың батасы, партияластардың батасы боп көбейіп барады…

Сөйлегіш

Кеше былай сөйледі. Бүгін олай сөйлеп тұр. Ертең былай да емес, олай да емес деп сөйлейін деп отыр.

Әртүрліміз

Адамның бәрі өзімдей деген адам қателеседі. Өйткені Жаратушы әрқайсысымызды бір-бірімізге ұқсамайтындай әртүрлі етіп жаратқан…

Момындық

Пысықты көріп, пысықай болғың келеді. Кербезді көріп, керіліп-созылғың келеді. Тентекті көріп тебіреніп, біреу ә десе, мә дегің келеді. Абызды көріп, айналаңа сөз сапырып ақыл айтқың келеді… Бірақ ұмсынып-ұмсынып барып, көзің бақырайып, баяғы қоңторғай, қоңырқай момындығыңа қайтып келесің. Келесің де анау айтса соған көніп, мынау айтса бұған көніп, әркімге бір жем боласың да жүресің…

Жаңа  ем

Кейбір кешегі күйлі шал-шауқандар қит етсе шөп-шаламмен емделіп жүр екен. Меніңше, оларды жас тоқалмен «емдесе», жақсы нәтиже беріп, жағдайлары күрт жақсарып кетер еді…

Бір  ауыз

Бірауызды бола-бола барлық жиған-тергенімізді бір ауыздың ғана жеуіне жағдай жасап қойған екенбіз.

Болашағы  жоқ

Өз болашағы үшін тырбанбайтын адам – жаман. Өз болашағын ойламайтын қоғам – қараң…

Алаңсыз

Ол олай деді, бұл бұлай деді ғой деп, деділерді малданып, өзіміз ештеңе демей-ақ алаңсыз жүріп жатырмыз…

Өмір

Өмір сейілді серуеннен гөрі салпақтаған сенделіске жақын.

Ерлі-зайыптылар

Ерлі-зайыпты екеу жарасып, көз қызығарлықтай қол ұстасып әп-әдемі болып келе жатыр: әйелі – дана сияқты, күйеуі – бала сияқты…

Кетік-кетік  Кекшебай…

Опырып та жеген, толтырып та жеген. Жей-жей күрек тістерінен күрек тісі қалмаған. Бірақ ол оған қарайтын емес. Әлі де жеуге бар. Шайнай алмаса да, жайындай қылғыта жұтып жіберуге бар.

Су  аяқ

Әр сұрағыңа «иә», «иә» деп қойып, әрі қарай еш жауап бермей, діңкәңді құртып, сілеңді қараптан-қарап қатыратын су аяқтар да бар.

Өмір – базарда

Өмірдің базарында жұртыңның назарына ұсынатындай бір нәрсең болсын.

Жақсы  әдет

Шәңкілдеп ұрысып жеңгеннен гөрі үндемей-түндемей жеңген дұрыс. Кейін «біз ешқашан ұрысқан емеспіз» деуіңе жақсы.

Күле  біл

Қатты риза болғаныңда, ақтарыла қарқылдап күле біл. Қатты ашуланғанда да, жартылай жымисаң да күле біл. Осы күлкілер сені күлкі болудан сақтайды.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы өткен сандарда.  Жалғасы бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: