Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ар-ұятқа сүйенгенде ғана ұлт пен дін жанданады

20.04.2022, 9:00 425

HALYQLINE.KZ

Зиялы, не болмаса оқымысты деген азаматтармен әңгіме барысында екі топты байқадым.

1. Ұлтшылдар.

2. Діншілдер.

Оларға логотерапия теориясын айтсам, бірден «сен айтып жатқанның барлығы қазақта баяғыдан бар, қазақ ата-бабамыз данышпан болған» деген секілді өз ұлтының мықты екендігін алға тартады.

Екінші топ діншілдер: «сен айтқанның барлығы мың жарым жыл бұрын Исламда айтып тастаған» дейді.

Екі топ та мораль мәселесін өз тарапынан таратқысы келеді. Ия, түсінемін әркім өзінікіне тартқысы келеді. Бірақ, мына нәрсені ескере жүргеніңіз абзал.

Ұлтшылдар: ұлттық мораль болмайды, ортақ адамзаттық мораль деген болады. Логотерапия теориясы тек қазақта ғана емес, орыс ұлтында да бар, үндіс, грек, еуропа елдері, қытай, жапония, т.б. елдердің барлығында бар. Әр елдің өз әл-Фараби, Абай мен Шәкәрімдері бар.

В.Франкл Үндістанда логотерапияны таныстырып жатқан кезі екен. Лекция аяқталғасын тыңдарман оған «алып бара жатқан ештеңе де айтпадыңыз, мұның бәрі бізде баяғыдан бар дүние» деген екен. Франкл да айтады: «ия, рас мен ешқандай «велосипед» ойлап тапқан жоқпын. Тек, ұлы ойшылдардың пікірлерін жинақтап шықтым және тығырыққа тірелген азаматтардың жол табуға көмектесе алатын оңтайлы құрал» дейді».

Өз ұлтының патриоты болғанның еш әбестігі жоқ. Мысалға, гректер өздерін әлемнің бастауы бізден басталады, жер бетіндегі адамзат гректерден тараған деп санайды. Бірақ бұл тек аңызда ғана солай айтады.

Бұл жерде ең қауіптісі – өз ұлтынан, дінінен басқа ешқандай құндылықты көре алмайтын «топас» (отморозок) болу.

Екініші топ, діншілдер: логотерапиядағы мораль мәселесі Ислам дінінде ғана емес, оған дейінгі Христиан, Иудаизм, Будда діндерінде де бар. Тіпті Исламдағы «Бір Аллаға сен, пұтқа табынба» деген ілім Ыбырайым пайғамбар заманынан келе жатыр. Сондықтан барлық нәрсені Исламнан тарата бермеген жөн.

Логотерапия – діннің не болмаса бір ұлттың жаршысы емес, ол ар-ұяттың жаршысы. Ол ар-ұятты насихаттайтын психотерапия. Логотерапия теориясы ұлт мәдениеті мен дінде кезіге беретіні содан.

Ар-ұятқа сүйенгенде ғана ұлт пен дін жанданады. Ар-ұятсыз дін де, ұлт та ұзақ тұра алмайды. Я деградацияға ұшырайды, я радикалданады.

Ар-ұятқа сүйенген адам басқа ұлттан, я болмаса өзге діннен айырмашылықты іздемейді, керісінше ұқсастықты іздейді. Нәтижесінде, бір-бірін тыңдай алатын, бір бүтін бауыр болуға, бірігуге, құрмет көрсетіп, сыйлай білетін азаматқа айналады

Амангелді  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

психолог.

Алматы  облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: