ЖЫРТЫҚ ЖАМАУ
Жыртылмаған жеріміз қалмады. Жыртық-жыртық боп жалбырап жүрміз. Жоғарыдағылар жалбамызды жаңалаудың орнына жыртықтарды жамаумен айналысып кетті…
«ҚЫЗМЕТШІ»
Бір адамға ғана қызмет етуді білетіндер – қалған жұрттың бетіне түкіретіндер…
ӨТКЕН ЗАМАН
Үн шығармас үндеместерді жинап алып, үндеу жариялайтын заман өтті…
СЫНЫ ЖОҚ
«Жігітті досына қарап сына» деген соң, тұлғамын деп тұқыраңдап жүрген оның достарын іздей бастайсың. Сөйтсең, оның жалғанда жалғыз досы да жоқ екенін көресің. Көресің де сынай алмай, жайына қалдырасың…
ҚИЫНДЫҚ
Маскілілердің арасынан мас кісіні табу оңай емес.
ОСЫНДАЙ ОРТА
Ұятсыз болуды ұят санамайтын ордалы, ұялы ортада өмір сүріп жатырмыз.
АЖАЛДЫ БАЙЛЫҚ
Басы байлыққа маталғандар сол байлықтың жолында қылғынып өлуге бар.
БҰЛ – АДАМ
Адам – өз тағдырының жауапкері, болашағының адвокаты, өткен күнінің прокуроры.
БЮРОКРАТИЯНЫҢ БӘЛЕКЕТІ
Кабинеттеріне қамалған біздің бюрократияның қатқыл көңілдігі сондай – мұнда тал-шыбықтай бұралып қызметке келген балауса бойжеткендерді аз-ақ жылда қара ағаштай сірестіріп, кәрі сүйек қылып байға тигізбей тастайды.
ӨТІРІКТІҢ ҚҰЙРЫҒЫ
Өткен отыз жыл тектен-текке кетпеді. Өтіріктің құйрығын ұзартып, отыз тұтам қылуға болатындығын дәлелдеп кетті.
АРТЫҚ ОРЫНДЫҚ
Кейде кабинетіңе артық орындық қойғың келмейді. Әйтпесе орындығың әңгімеге буаз адамдардан босамай, жарғақ құлағың сарсылады да отырады.
КӨП МҮДДЕ
Мемлекеттік мүддеден жұрдай болып біттік. Бізде тек Ыбырайдың, Жыбырбайдың, Тұғырбайдың, Ығырбайдың, Сұмырайдың жекеменшік мүдделері ғана өріп жүр.
ЖҰҒЫСҚАНДА
Жаманмен жұғыссаң, жүрегіңде салқын-салқын сыз қалады,
Жақсымен жұғыссаң, санаңда жарқын-жарқын із қалады.
ІЗІН ДЕ ҚИМАҒАН…
Кейбіреудің жүрген ізімен жүргің келеді. Алайда ол қасқа артында қалған ізін сыпырып кетіп отырады екен. Содан да оның сүрлеуінен адасып қалып, айдалаға лағып кетуге мәжбүр боласың.
ПАРТИЯШЫЛ ПӘРУАРДІГЕР
Партияның ғана сөзін сөйлейтін торсаң құйрық, тоқ қарын, топас беттер-ай…
СУРЕТТЕР СЫРЫ
Бір адамдар белгілі-белгілі деген кісілермен қатар тұра қалып суретке түскенді мақтаныш етіп жарылып жүреді. Шындығында, нағыз мақтаныш бір адамдар сенімен иықтаса тұрып суретке түсуге ұмтылғанда ғана болады.
БОЛЫП БОЛҒАН…
Болғандардың баласы боркемік болады. Толғандардың баласы тоғышар болады. Мықтымсымақтардың баласы марғау болады. Кері кеткеннің баласы кержалқау болады. Аңқылдақтың баласы аңқау болады. Жұтқындардың баласы жемқор болады…
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!