Қадірлі сырбойылықтар!
Осыдан екі жылдай уақыт бұрын ел Президенті маған Қызылорда облысын басқаруды сеніп тапсырды. Алғашқы әйел әкім ретінде туған жерімді түлетуге үлес қосқаным үшін Мемлекет басшысына ризамын.
Біздің елімізге ғана емес, әлемге зиянын тигізген пандемия тұсында облыс басшылығына келу де жеңіл емес екені белгілі. Мұндай қиын кезеңде әйел адамға ел басқару қиын ба, қиын емес пе, ойлануға, еш босаңсуға уақыт болмастан, қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаландық. Өзекті мәселелерді өздеріңіздің қолдауларыңызбен барынша шешуге тырыстым.
Кез келген азамат туған жеріне, еліне адалдықпен қызмет етіп, жауапкершілік жүгін үлкен жігермен арқалауы керек деп түсінемін.Менің туған жерімде атқарған жұмыстарым көз алдарыңызда өтті. Сынасаңыздар, сындарыңызға шыдадым, ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеріп, кеткен кемшілік болса, түзетуге жұмыс істедім.
Сын сағаттардан сүрінбейтін Сыр елінің жайсаң халқымен, жерлестеріммен бірге атқарған жұмыстарым үшін өздеріңізге алғысым шексіз!
Әр отбасына құт-береке, амандық тілеймін! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болсын!
Сыр елі – менің жүрегімде!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!