Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Садақаны сауыңда бер…

31.03.2022, 11:20 791

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді» деген екен (Имам Бухари). Алла тағала Рамазан айын барша мұсылман адамының жан-тәнін тазартып, күнәларынан арылтып, мейірімділікке жете­леп және мол сауапқа кенелетін қасиетті әрі ерекше айлардың сұлтаны деп санады. Сондай-ақ  бұл айда адамдар артық сөзін жөндеп, ерсі іс-әрекеттерден аулақ болып, нәпсісін тыю үшін исламның бес парызының бірі ораза ұстауды міндет қылды. Сол себепті, жылына бір рет келетін ғибадат айын­да барлық жағынан іс-амалдарымызды түзеп, ізгілікті істер жасау арқылы иманымызды күшейту керек. Біздің елімізде ораза ұстаған жанды сыйлап, ауызашар беріп, құрметтейді. Және осы атаулы айда жақсылық сауабынан жинап, қайырымдылықпен қолымыздан келгенше айналысқанымыз жөн. «Садақаны сауыңда бер» деген. Берілген мүмкіндікті барынша қайырлы пайдалансақ, өзімізге нұр болып қайтатыны айқын емес пе? Садақа берудің үлкен-кішісі болмайды және уақытпен шектелмейді. Көңілің қалаған, беремін деп ниет еткен затты Алла разылығы үшін кез келген мезгілде, жасырын немесе ашық беруге рұқсат етілген, яғни өз қалауынша ұсына алатыны анық. Бүгінгі таңда мұсылмандардың қаншалықты садақа беріп, сауапты іспен айналысып жүргендігі жайында дін ұстазынан пікір алғанды жөн көрдік.

– Қазір  қоғамда көптеген қайырымды­лық қорлары жақсы жұмыс істейді. Яғни, әлеуметтік желіде бір адамның еміне немесе үй алып беруге белгілі бір қаражат жинау арқылы жақсылық көптеп жасалып жатыр. Оған барша халық сенім артып, «қайырлы болсын» деп ақшаларын салады. Бұдан айналамызда ақыретін ойлап, садақасын үзбейтін адамдардың баршылық екенін бағамдауға болады, – дейді Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағат ауылдық мешітінің имамы Сәбит  Аманиязов.

Ораза жақындағанда ауыз бекіту мен ауыз­ашар уақытына арналған кесте, айт мере­ке күні, Қадір түнінің уақыты және пітір-сада­қаның  құны  алдын  ала  жария­ланатыны белгілі. Осылайша, Қазақстан мұсыл­мандары діни  басқармасы Қырғызстан мен Өзбекстан ғұламаларымен келіссөз жүргізіп, ортақ байлам­ға келді. «Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн  болады. Мамырдың 2-сі айт күні деп белгіленсе,  27  сәуірден 28  сәуірге  қараған  түн – Қадір түні. Сонымен қатар, жыл сайынғы берілетін пітір садақасы – 500 теңге» деп Елордада өткен мәжілісте мәлімдеген болатын. Пітір садақаның мөлше­рі еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа есеппен шығаратын бағасын құрайтынын білеміз. Деген­мен, ораза айында ғана пітір садақасын беріп немесе мүлдем жақсылық жасаудан  бас  тартатын  жандар  өкінішке қарай  бар.

– Мұсылман бауырларға пітір садақасын беру уәжіп болып саналады. Яғни, тұрмыстық жағдайы орташадан жоғары болса міндетті болады. Міндетті емес адамдардың санаты да бар. Ондай жандарға Алла тағала тауфиқ (Алланың жәрдемі) берсін дейміз. Садақа беруде адам міндетті түрде бай-дәулетті, зекет беретіндей жағдайда болуы шарт емес, тек шынайы ықылас, ниетпен берілсе болғаны. Сондай-ақ, Алла тағаланың разы­лығын көздей білу керек. Биылғы пітір садақа­сына келіспей, шағым жасап жатқандар да кездеседі. Ол кісілерге айтарым, әр істің өз қайыры болады. Алла тағала өз пенделерін қиыншылыққа салмайды, керісінше не нәрсенің де қайтарымын береді, – деді С.Аманиязов.

Өмір есігін жаңа ашқан сәби мен қаусаған қария үшін пітір садақасының мән-мағынасы  – дүниеге адам болып келіп, жер бетін басқаны үшін парыз. Десе де, парызын өтей алмайтын, шамасы жетпейтін жандар да баршылық. Қазақ  – жетім мен жесірін далада қалдырмаған аса қамқор халық. Дәлірек айтсақ, садақа деп берілетін сый-сияпаттар асыраушысы жоқ, тұрмысы төмен отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  балаларға  арналып  жиналады.

Қорытындылай келе, «жиған-тергенің өзіңдікі емес, бергенің өзіңдікі» деп айтыла­тын қазақтың жақсы сөзі кең болса, кем болмайтынын білген жанға өте құлақ түрер ақиқат. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» демек­ші жақсылық жасаудан жарысып, жомарттық жолы шарықтаған заман болайық. Жүрегі таза, пейілі кең мұсылман бауырлар, бәрімізге біртабан жақындаған Рамазан айы мүбарак болғай!

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: