УАҚЫТ-АЙ!
«Уақытша қиындық», «уақытша ауырлық» деу жоғарыдан уақытша келген әкімдердің уақыт өткізу үшін айтар алдарқатуы екенін білгенімізше, барлық алтын уақытымыз өтіп барады…
ЖАЗУ ӨНЕРІ
Нені жазу керектігін білген жақсы. Нені жазбау керектігін білген одан да жақсы.
КЕМШІН
Қиялы бар, ойы жоқ.
ЫЗБАЙ
Ымшық-шымшық ауруынан ыңқыл-сыңқылды алапат ауру жасайтын ызбай…
ЭРУДИТТІҢ
ҚАСЫНДА
Оның білімінің түпсіз тереңдігі, эрудициясының кеңдігі сондай – онымен аз-кем сөйлескен кісі ашық мұхитқа түскен ағаш қайықтай қалтылдап, сөз бен ойының бағдарынан әп дегенде-ақ айырылып қалады.
АКСЕЛЕРАЦИЯ мен ИДИОТИЗМ
Адамдардың дене тұрқы өсіп, ақыл тұрпаты қораштанып барады.
ӨМІР БАЗАРЫ – ҚҰР БАЗАР
Өмірдің базарына бір-ақ рет келесің. Үлгергеніңше үлдесі мен бүлдесін көресің. Алайда сол базардан алып қайтар, қолтығыңа қысып, қалтаңа салып қайтар ештеңең жоқ.
ӨСУ ЖОЛЫ
Өскенше береген еді, өскен соң алаған болды.
БҰЛ ЗАМАННЫҢ СИПАТЫ
Бір заман – жылмақайлардың заманы. Бір заман – сумақайлардың заманы. Бір заман – қоқиғандардың заманы. Бір заман – ақиғандардың заманы… Ал бұл заман солардың бәрінің бастарын қосқан бір заман болып тұр…
КҮШ БІТІПТІ
Жалған белсенділер жан-жағымызды жайпап-тайпап кете жаздайды да тұрады.
ШАЛ КЕЗЕК
«Жастарға жол берейік» деп бір шал ығыса қойып еді, босаған орынға он шал келіп отыра кетті.
АЙЫРҒЫСЫЗ
Кейбіреудің басы мен құйрығының айырмашылығы білінбейді. Сондықтан да басына не кигізсең де жарасып тұрады.
САТҚЫШБЕКТЕР
Біреулер затын сатады. Біреулер атын сатады. Біреулер барын сатады. Біреулер бәрін сатады…
САЛДАРЫ СОЛ
Тәуекелсіздіктің салдарынан тәуелсіздікті толық сезіне алмай тосаңдап жүрміз.
НАУҚАН КЕЗІНДЕ
Ауылдың әкімдігіне кандидаттардың бағдарламасын оқығаннан кейін туған ойым керемет: ауылдың ешқандай мәселесі жоқ екен, ел ішінде қой үстіне бозторғай ұялаған заман орнапты.
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!