Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қонаевтың өкініші

19.03.2022, 12:00 1387

HALYQLINE.KZ Бірде біздің үйде Дінмұхамед Ахметұлымен мазмұнды кеш өткіздік. Мен оған өзімнің жаңа өлеңдерімді оқыдым. Үлкен ұлым Қуаныштан өрбіген Елқанат атты тұңғыш немерем тәй-тәй басқан қалпы қайта-қайта Димекеңнің мойнына асылумен болды.

Шай үстінде Димекең анамнан:

– Жеңеше, неше балаңыз бар? – деп сұрады.

– Рухани балам үшеу. Үлкені — Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі мына Мұхтар Шаханов, – деді анам.

– Бәрекелді, жеңеше. Қазақтың үш мықтысын дүниеге бір өзіңіз өрбіткен екенсіз ғой, – деп әзілдеді Димекең.

Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, менен өзге перзенттерінің бәрін қара жер қойнауына берген, әйтсе де үміт-сенімін маған ғана артып, рухын құлатпаған, қайсар әрі шектен тыс мейірімді адам еді. Шымкентте тұрғанымызда Шәмші Қалдаяқов анда-санда өз үйіне қонып жүретіні болмаса, негізінен, біздің жанұяның бір адамы сияқтанып кеткен-ді. Ал Төлеген Айбергеновтің әр келуі анам үшін үлкен мереке болатын. Қазақтың осы екі дара перзенті де менің анама өздерінің туған анасындай еркеледі. Сондықтан да анам оларды өз перзенттерінің қатарына қосып алған-ды.

– Шәмші Қалдаяқовқа менің құрметім ерекше, — деді Димекең.

– Қайбір жылы маған Нұрғиса Тілендиев келген екен. Әңгіме арасында оған Шәмшіні тауып, маған жолықтыруын өтіндім…

– Иә, Нұрғиса аға біздің үйге, маған телефон соққан. Сіз шақырып жатыр дегенді естіген соң, Шәкеңнің киімдерін ретке келтіріп Алматыға аттандырғанбыз. Қаланың орталығынан үш бөлмелі үй бергізіпсіз және әндер жинағын шығаруды баспаға міндеттепсіз. Сізге ерекше ризалық сезіммен оралды, – дедім мен.

– Талантқа қол ұшын беру кез келген билік адамының азаматтық міндеті, – деді Димаш Ахметұлы.

– Төлеген Айбергеновті тым кеш, көзі өтіп кеткеннен соң ғана білдім. Той туралы бір тамаша өлеңі бар ғой. Үзіндісін жатқа оқи аласыз ба?

Мен тақпақтата жөнелдім:

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің…

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ, бірақ… Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай,

Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.

Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,

Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша.

Жығылған палуанға да бәйге берем,

Адалдығы сезіліп тұрар болса…»

– Тамаша! Билігім жүріп тұрған кезеңде осы ақынға және Сізге инедей сәулем түспегеніне өкінемін, – деді Димекең.

Мұxтар ШАХАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: