Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздіктен артық ештеңе жоқ!

10.03.2022, 10:20 337

СӨЗ  БАСЫ

Ғасырлар бойы әлемге үстемдігін орнатып, Еуразия елдері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген түркі әлемі өзара қырқыстан әбден әлсіреп, бірнеше хандыққа бөлініп кеткендігін пайдаланып, күшейе түскен орыс мемлекетін І Петрден басталатын неміс билігі қолға алғаннан кейін, Алтын Ордада кеткен кегін зымияндықпен, екіжүзділікпен, алдап-арбау­мен, жаңа қарудың күшімен, халықтарды бір-біріне айдап салу жолымен жаулап алып, қырып-жоюмен  айналыса  бастады.

Атап айтсақ, Ресей империясы өз тәуелсіздігі үшін күрескен абазиндер мен адығтарды 1864 жылы талқандаған соң ғана Кавказды толығы­мен бағындырды. Патшаның жазалау шаралары өте қатал әрі аса сұмдық жағдайда өрбіді. Тарихи деректерде Черкесия халқының 90 пайыздан астамы қырғынға ұшырағандығы айтылады. Үдере жер аудару, қуғын-сүргін салдарынан жаней, убых, бесленей, макош, тағы да көптеген халық жер бетінен мүлдем жойы­лып кетті. 2 пайызы ғана тірі қалған адығтар саны осы күндері 800 мың адамды құрап отыр. Отанынан жер ауып кеткен черкестер қазіргі таңда 8 миллион шамасында. Патша билігінің ұлттарды түгелдей қырып жіберу саясатын И.Сталин одан әрі жалғастыра түсті. КСРО-ның «антикеңестік» ұлттарға қарсы жүргізген этноциді 1935 жылдың 25 наурызында Ленин­град облысының байырғы тұрғындары фин-ингер­манландарды жер аударудан бастап жүйе­лі түрде іске асырыла бастады. Германия­мен болуы ықтимал соғысқа міндетті түрде оның одақтасы Жапония араласатындықтан депортацияға  Қиыр Шығыстағы кәрістер  «жапон тыңшылары» деген желеумен ілікті. КСРО мен Германия арасындағы Молотов-Риббентроп «Кеңес-герман арасындағы шабуыл жасамау туралы» пактісінен соң жапон үкіметі Еуропадағы ешқандай қақтығыстарға араласпайтынын мәлімдеді. Себебі, сенімді одақтасы А.Гитлердің күтпеген жерден И.Сталинмен қол алыса кетуі жапон үкіметіне қатты соққы болып  тиді.

Аталған пактіде қосымша құпия хаттама болған. Бұл нұсқаулық негізінде И.Сталин мен А.Гитлердің шығыс Еуропаны өзара бөлісуі үлкен соғыс алдындағы жаттығу болатын. 1939 жылдан бастап КСРО Армиясы Польша, Бессарабия және Балтық жағалауы елдеріне басып кірді. Жаулап алынған мемлекеттердің жергілікті тұрғындары (фин, латыш, литван, эстон,  украин,  поляк, т.б.) ішкі аймақтарға депортацияланды.

Нацистік Германия аталған келіссөздердің артынша Польшаның  батыс шекарасынан басып кіруі нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткені белгілі. 1932 жылы қол қойылған кеңес-поляк арасындағы шабуыл жасамау туралы келіссөздерге қарамастан, КСРО да Польшаға шабуыл жасады. Осылайша, бұл мемлекет КСРО мен Германияның бөлінісіне түсті. Польша еліне басып кіруінің себебін Кеңес үкіметінің: «Батыс Белоруссия мен Батыс Украина халқын қорғаймыз» деген желеумен түсіндірілді. Бұдан соң, қос диктатор ат тізгінін солтүстік Еуропаға бұрады. Герман билігі Дания, Норвегия, Бельгия, Нидерланд, Люксембургті, ал Кеңес Одағы Литва, Латвия, Эстония   және Финляндияның  бір  бөлігін жау­лап  алады. Бұл  соғыс  тарихта  «қысқы  компания» деп аталды. Соның салдарынан КСРО Ұлттар Лигасы мүшелігінен шығарылып, бүкіл әлем алдында абыройы төмендеді. Кеңес билігінің жүргізген сыртқы және ішкі саясаты жалпы адамзат баласына қасірет болып төнді. Қасақана жасалған бұл саясат құрбандығына шалынған негізгі халықтарының бірі – қазақ халқы да болды. Бұл қасіретті жекелеген азамат­тармен қоса тұтас ұлттар да тартты. Ал, енді осы күнгі қасіретіміз И.Сталин­нің сол жылдары қазақ халқына жүргізіл­ген геноцидін осы күнге дейін геноцид деп айта алмай, айту­ға да, мойындатқызуға да құлшыныс таныта алмауы­мызда.

Сталин дәуіріндегі тұтас халықтардың күштеп жер аударылуы КСРО-ның барша азаматт­арын қорқытып ұстаудың және тоталитарлық жүйені нығайтудың басты құралы болып табылды. КСРО мен Германия арасындағы соғыс басталысымен кеңестік неміс­тер шығыс өңірлерге жаппай жер аударылды. Артын­ша  бұл  зұлмат  қарашай, қалмақ, балқар, тағы  да  көптеген  халықтың  басына  төнді.

Сталиндік жүйе түрлі сылтаулармен ұсақ халықтарға күш көрсету арқылы елдегі негізгі ұлттарды тырп еткізбей республикаларды одақ уысынан шығарғысы келмеді. Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың жартысы жау қолында қалып, фашистерден ойсырай жеңіліс­терін өзінің қате жүргізілген саясатынан емес, «Отанға опасыздық» жасау­шы ұлттардың кесірінен деп ұқтырып бақты. Әрине, соғыс болған соң, опасыздардың қай нәсілден де шығуы бек мүмкін. Бірақ, тұтас бір ұлттардың  сатқындық  жасауы –  ақылға  қонбайтын  фактор.

Шешен-ингуштермен қатар басқа да халықтардың депортациялануының салдары қанқұмар сталиндік ресми идеология мен ел басшыларының шовинистік мүдделерінің де бар  екендігін  атап  өткеніміз жөн.

Міне, осы тарихи жағдайларға КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті М.Горбачевтың «қайта құруы» мен «жариялылығы» тұсында қаныққан сайын Орыс және Кеңес Үкіметінің қанқұйлы саясатына деген өшпенділігім  арта  түсті.

1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасы Қазақ елінің азаттығы жолындағы күресімді жаңа дәрежеге көтерді. Сөзден іске көшетін мезгіл жетті деп есептедім. Бұл ісім мені «Азат» қозғалысы  қатарына  алып  келді.

ТОҢАЗЫТҚЫШТАҒЫ  ЖАЗУ

«Тоңазытқыш» дегенде үйдегі азық-түлікті салқындататын тұрмыстық бұйым емес, ол – Қамыстыбас ауылының теміржол бойындағы ертеректе салынған балық тоңазытатын кешенді  ғимарат.

Ол сонау өткен ғасырдың 60-жылдардың аяғына таман салынды да, екі-үш ай ғана жұмыс  істеп, аппақ ғимарат сол күйі иесіз қалды. Кейінірек оны Қамбаш жұмысшылар тұтыну қоғамы (сауда мекемесі) біраз пайдаланды. Алайда, сауда мекемесі Кеңес Үкіметі тарқаған соң, көп ұзамады. Ол да тарқады. Сөйтіп, тоңазытқыш тағы да иесіз қалды. Ғимараттың жартысы бұзақылардың, маскүнемдердің жиі-жиі бас қосатын орнына айналды. Содан бастап, ғимараттың сырты неше түрлі бейәдеп сөздерге толды. Оған ешкім мән бермеді.

Сөйтіп, жылдар өтіп жатты. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағалы, орыс шовинистерінің қазаққа деген өшпенділігі арта түсті. «Орыстілділерді қорғаймыз» деген желеумен Қазақ елінің ішкі-сыртқы жаулары, әсіресе, орыс әскерилерінің  қысымы  күшейіп  кетті.

Ресей қорғаныс министрі Павел Грачевтің: «Қазақстандағы орыстілділерді қорғау үшін төрт жүз мың әскеріміз сақадай сай тұр!» – деген мәлімдемесі отқа май құйғандай өшпенділікті  мейлінше  шарықтау  шегіне  жеткізді.

Жан-жақтан қаптаған шовинистердің мұндай мәлімдемелері ішкі сепаратистердің деле­бесін мүлде қоздырып жіберді. Қазақ Еліне шынайы қауіп төнді. Егер сол бір тарихи ауыр кезеңдерде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясаты болмағанда, бәлкім, оқиға басқаша  өрбір  ме  еді, кім  білсін?!

Ол кезде бүкіл қазақ халқы ел шекарасының әлем танып, шегендеуінен көп үміт күтіп тұрған-ды.

Уақыт тоқтамайды. 1994 жыл да жетті. Гене­рал Ж.Дудаев бастаған азаттық сүйгіш шешен халқының ұлт-азаттық қозғалысы басталып кетті де, қазақ жерінде тұтануға тиісті соғыс назардан  тыс  қалды.

Тағы да қайталаймын, Кеңестер Одағының алғашқы және соңғы президенті М.Горбачевтің «қайта құру», «жариялылығының» арқасында шынайы тарихтан халық біраз сусындап қалған-ды. Сол себепті, халық арасында біз секілді  «Азат»  қозғалысының  азаматтары  шешен халқының азаттығы үшін атқа қонғанын қызу  қолдадық.

Сол бір аса ауыр кезеңдерде кейбір сая­саттан түсінігі  шамалы  зиялыларымыздың қысас­тыққа толы мақалаларына ерген жер-жердегі керітартпа күштер шовинистердің сойылын соғып, «Азат» мүшелеріне қысым­дарын  үдете  түскен.

Әсіресе, жергілікті биліктегі шолақ ойлы азаматтар мен «ақсақалдар», егде тартқандардың  қысастығы ерекше болатын. «Орысқа қарсы шығып, өле алмай жүрсіңдер ме?!», «Әділдікті орыстан ғана күтеміз!»  деген сынды аярлық пәлсапасымен уланған, күшігінен талан­ғандар талай бетімізге де түкірді. Өз ішімізден шыққан мұндай «шұбар жыландарға» шыдап бақтық. Өйткені, біз үшін «Әр қазақ – жалғызымыз» ғой! Эмоцияға берілмедік!

Иә, қазақ үшін сол кездегі бар ауыртпалықты өзіне алған қаһарман шешен халқының 1994 жылғы ұлт-азаттық соғысын біздер, «Азат» қозғалысының азаматтары қызу қолдап, әртүрлі жанрдағы мақалалар жарияладық. Листовкалар  тараттық. Ұрандар  жаздық.

Мен сөз басында келтірген ауылдағы балық тоңазытқышының аппақ ғимаратының теміржол жақ бетіне орысшалап: «Ресей, тарт қолыңды Шешенстаннан!» деп қара бояумен бадырайтып жазып, өзіміздің тілектестігімізді білдірдім!

Бұл әрекетім… Мәс-саған!.. Ертеңіне… Иә, ертеңіне ауылдағы керітартпаларды, «стукачтарды» абыр-сабыр күйге түсірді. Бейне елді  жау  шапқандай!…

Көп ұзамай, әлгі мен жазған жазу дереу өшірілді. Жұрт пікірі сан-саққа жүгірді. Дереу жазу авторы ізделді. Күн шуағына шуақтап тұратын Кеңес Үкіметінің құқайын көрген үлкендер у-шу! Тіміскілеген «шпиктердің» тіміскісі мені де айналып өтпеді. Айналдыра бастады. Ақыры, тапты да! Келген жігіттердің түсінігі мол екен. Түсінді. Ескертіп, жөндеріне кетті.

Мен әлгі «шпиктерге» барып: «Сендер білесіңдер ме?! Шешендер де біз сықылды орыс шовинистерінің қанқұйлы саясатынан көп қырылған халық! Сондықтан, мен олардың ұлт-азаттық көтерілісін қос қолыммен қолдаймын! Тіпті, ол аз десеңдер, мен Ресейдегі кез келген езілген халықтың Азаттығын қолдаймын! Әрқашан да осыны біліп жүріңдер! Біздің халықтың есепсіз қырылуына сендердей «стукачтар­дың» ойсыз іс-әрекеттері себеп!» – дедім ойымды  ашық  айтып.

Сол-сол-ақ екен, бұл сөзімді естіген олар қайтып маған жоламады. Сірә, тәуелсіздігіміздің  баяндылығына  көзі  жеткен  болуы керек. «Жалмауызға да жан керек» деген… Арттарынан   қорықты-ау!

Сөйтіп, бұл оқиға да осылайша сәтімен аяқталды.

СӨЗ  СОҢЫ

Біз қолдаған шешен халқының ұлт-азаттық күресі ақыры жеңіліс тапты.

1994 жылы 11 желтоқсанда басталған соғыс 1999 жылға дейін Ичкерияның (Шешенстанның) Тәуелсіздігін қамтамасыз еткенімен, 1996 жылдың 21 сәуірінде телефондық сигналдың арқасында Су-25 шабуылдаушы ұшақ Д.Ду­даев кортежіне 2 зымыран ұшырып, шешендердің қаһарман ұлы жойылды да, шешендер  басшысыз  қалды.

1996 жылдың 1 маусымында екі жақ бітімге келді. Аракідік кішігірім қақтығыстар болып тұрғанымен, үлкен соғыс тоқтады. Тұтқындар алмасты.

Ресейдегі президентік сайлауда Б.Ельцин қайта сайланды. Артынша Шешенстандағы шайқас қайта жанданды. Нәтижесінде, қайсар халық – шешендерді түпкілікті жою мүмкін болмады. Ақырында, 1996 жылдың 31 тамызында Ресей үкіметі Дағыстанның Хасавюрт қаласында екі жақты бітімгершілік келісімге қол қоюға мәжбүр болды. Келісімге  сәйкес, Ресей   әскерлері  Шешенстанды  тастап  шықты.

Бұл дегеніңіз – нағыз Тәуелсіздікке қол жеткізу болатын. Алайда, өкінішке қарай, бұл қол жеткізген нәтижені ешкім мемлекет ретінде мойындамады. Оның үстіне, қирандылар сол күйінде қалды. Экономика өте криминалды болды. Үздіксіз этникалық тазалау мен белсенді шайқастардың арқасында елді барлық дерлік бейбіт тұрғындар тастап кетті. Саясат пен экономикада дағдарыс қана емес, ваххабизмнің бұрын-соңды болмаған өсуі қарқын  алды.  Елдің  ауызбірлігі  бұзылды.  Соның нәтижесінде, 1999 жылдың 7 тамызында ел президенті Аслан Масхадовқа бағынбаған дала командирлері Хаттаб пен Шамиль Басаев Дағыстанға басып кірді. Екінші орыс-шешен соғысы басталды. Бұл соғыста идеологиялық жеңіске жеткен Ресей майдан даласындағы соғыста  да  жеңіске  жетті.

Сөйтіп, қолға қонып тұрған бақыт құсы – Тәуелсіздік халықтың,  биліктің  алтыбақан алауыз­дығының нәтижесінде көзден бұл-бұл ұшып, көрінбей   кетті. Өкінішті!… Өте өкінішті!…

Бұл жеңіс путиндік Ресейді мүлде масаттандырып жіберді. Өзін-өзі «Жерді түгелдеуші» атаған Путин енді көрші елдердің жерлеріне көз аларта бастады. Мұндай әрекет «сыныққа сылтау таба алмай жүрген» шовинистердің делебесін қоздырды. Идеологиялық шабуылға көшкен Жириновский, Никоновтар бірінен-бірі асып түсу үшін Украина, Қазақстанға қаратыла айтқан сөздері орыс шовинизмінің жанына жаға түсті. Ақыры, халқын улап үлгерген Ресей алаяқтықпен 2014 жылдың 19 наурызында Қырымды басып алды. Ресейдің бұл әрекеті Қазақстандағы орыс сепаратистерінің санасына  жаңа  серпін  берді.

Алайда, бұл кездерді Қазақстандағы жағдай Украинадағыдан мүлдем басқаша сипатта еді. Атап айтқанда, Қырымдағыдай – 77 пайыз, Луганскідегідей – 74 пайыз,  Донецкідегідей  69  пайыз  орыс өкілдері  тұратын  аймақтар Қазақстан  аумағында  жоқ  болатын.

Орыс өкілдерінің Луганск, Донецк айма­ғындағы басымдығын сәтті пайдаланған Ресей басшылығы аталмыш аймақтағы сепаратис­терді  Украинаға  айдап  салды.

Нәтижесінде, 2014 жылдың сәуір айында аталмыш облыстарда соғыс қимылдары бас­талып  кетіп, бас-аяғы бірнеше айдың ішінде 15 мыңға жуық бір-біріне туысқан халықтың опат  болуына  әкеп  соқтырды.

Бұл  соғыс  нәтижесінде  Донецк  аймағында – ДНР, Луганск аймағында ЛНР сепартистік аймақ құрылды. Украина Ресей пайдасына  жерлерінен  айырылды.

Мұндай қауіп Қазақстанға да төнді. Патшалы Ресей кезінен көз тігіп жүрген астықты бес облыс аймағы орыс шовинистері тарапынан нысанаға алына бастады. Алайда, Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеті басшыларының 2014 жылдың 29 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) келісіміне қол қоюы – орыс сепаратистерінің арманын іске асыртпай тастады. Өйткені, Украинамен арадағы шиеленіске Қазақстандағы кикілжіңнің араласуы Ресейге өте тиімсіз еді. Сондықтан, Ресей басшылығы Қазақстандағы орыс сепаратистеріне басу айтуға мәжбүр болды.

Сөйтіп, Еуразиялық экономикалық одақ пен Украинаның арқасында Қазақстан тағы да Ресей тарапынан болатын жаңа агрессиядан құтылып кетті десе болады.

Дегенмен, Шешенстан мен Украинадағы оқиғалармен біздегі «Қаңтар оқиғасын» салыс­тырсақ, көптеген ұқсастықтар бар. Әсіресе, халық­тың ауызбірлігі мықты еместігі білініп қалды. Сыртқы факторлардың әсері мол. Ақылдан гөрі ашу басым. Билік пен халық арасы­нда тиянақты диалог жоқ. Билік беделден жұрдай. Жемқорлық халықтың ашуын қана­дан шығарып жіберген. Қалың көпшіліктің әлеуметтік жағдайының тым төмендігі. Криминалдың әсері. Діни теріс ағымдар. Бәрі-бәрі қосылып кеткен. Әсері мол. Ел Тәуелсіздігі  естен  шыққан.

Мұның бәрі, сайып келгенде, импералис­тердің тіміскі  әрекетіне таптырмас жағдай! Шешенстан  қолда  тұрған тәуелсіздігін жоғалт­са, Украина біраз жерінен айырылып қалды.  Өте  өкінішті!…

Бізді Құдай сақтады, әйтеуір! Көкше­таудағы жігіттермен хабарластым. Сепаратис­тердің ниеті бұзық. Әрбір осал тұсты ұтымды пайдаланып  қалғысы  келеді.

Анау айтқандай, отыз жыл босқа кетпепті. Сепартистердің саны қысқарып, қазақтың саны әжептеуір өскен. Бұл тұста әрқашан қауіп­тің бетін қайтарып келген қазақ аналарына тағы да мың алғыс! Саясат та дұрыс жүргізіл­ген.

ҰҚШҰ-ны (ОДКБ) пайдаланып, орыс әскерінің тұрақтап қалуына, орыс сепартис­терінің үн қатуына кедергі Украинадағы жағдай ғана емес, қазақ халқының үлес салмағының артуы  да  қатты әсер еткені анық. Сонда да қауіп әлі де сақталып тұр екен.

Біз Тәуелсіздігімізді қорғауда әрқашанда сақ болуымыз керек! Өйткені, орыстар тура­лы әр кезеңде айтылған ұлы адамдардың пікіріне тоқтала кетсек, М.Салтыков-Шед­рин: «Біз, орыстар, ешқандай негізсіз өзімізге өзіміз өтірік айтып отырамыз, өйткені оларды иелік етпейміз» – десе, Джохар Дудаев: «Аула сыпыру­шыдан академикке дейін, жаңа туған нәрестеден қартайған шалға дейін – отырған империялықтар» – деп орыстар туралы пікірлерін  айтып  кеткен. Сондықтан, қашан да қауіп іргеде. Оған Қытайды қосыңыз. Жалпы, біз қандай жағдайда болайық, еліміздің алдында алдымен Тәуелсіздік құндылықтары тұруы керек.

Осы тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлының: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» – деген өсиетін естен  шығармағанымыз  абзал.

Әйтпесе, «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дегендей, өзімізді жылытып отырған тонымызды, яғни мемлекетімізді «битке» – жемқорларға өкпелеп, отқа тастасақ, кейінгі ұрпақ  тек  қарғыс  беретінін  ұмытпайық!

«Орны бар, оңалар» дейді бабаларымыз. Құдайға шүкір, орнымыз – тәуелсіз мемлекетіміз  бар,  қиындықты  жеңіп, оңалармыз әлі!

Тек айналадағы анталаған жауларымыздан сақ  болайық,  ағайын!

Тәуелсіздіктен  артық  ештеңе  жоқ!

Нұрбай ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: