Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кемелдік кілті

03.03.2022, 9:20 504

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Абай  Құнанбайұлы

«Су – кездескен бөгеттерді айналып өтіп, жылға сайды қуалай жылжып, мақсатына жетеді. Сен де өмірде кездесетін кедергілерді осылай айналып өт. Мақсатыңды жиып қойып, жолыңда кездескен адамдармен айтысып-тартысып уақытыңды босқа өлтіріп алма!

Су – қандай ыдысқа құйылса да сол ыдыстың формасына ыңғайланып, өз қасиетін жоғалтпастан пішінін өзгерте алады. Сен де су тәрізді жағдайға ыңғайланып, қоғамға бейімдел. Бірақ, су секілді сен де өз болмысыңды, ішкі құндылықтарыңды сақта.

Су өзгерістен қорықпайды. Ол бу болып аспанға ұшады, бұлт болып жосылып көшеді, жаңбыр, бұршақ болып жерге қайта жауады, қар болып жапалақтайды, мұз болып қатады, су болып қайта ериді, аяғында су – су болып қалады. Ендеше сен де су секілді өзгерістен қорықпа. Өзгерістің дәмін татқан адам ғана дамиды», – дейді Қайрат  Жолдыбайұлы.

Тіршілік көзі мөлдіреп аққан суды мысалға ала отырып, кемелденудің жолын көрсеткен жазушының «Кемел адам» кітабын бүкіл қазақ халқы іздеп жүріп оқиды. Соңғы жылдары елімізде «қазаққа кітап керек пе?» деген сауал қойылып жүр еді. Міне, керек болғанда қандай? Рухани аш екенбіз. Белгілі дінтанушы, islam.kz порталының бас редакторы, Мысырдағы Әл-Азхар университетінің түлегі, PhD докторы, «Ислам ғылымхалы», «Ақиқат шуағы», «Күдікпен күрес», «Дін мен діл», «Имани гүл» кітаптарының авторы Қайрат Жолдыбайұлы Қызылорда қаласына арнайы іссапармен келіп, оқырмандарымен жүздесті. Үлкен-кішісі ағылып келген жұртшылық тіпті көрермен залына симай, екі бағанда тік тұрып тамашалады.

Өзге елдің мотивациялық кітаптары оның ішкі құндылығына қарамастан елімізде дендеп кетті. Бәрімізге адамнан қолдау жетіспей кетті. Сосын шет мемлекеттердің түрлі тұлғалық даму кітаптарын алып, оқи бастаймыз. Өзіміздікі оқылмайды,  жақсы дүние жоқ, өтпейді деген желеу басым. Алайда өзгенің дақпыртына еліктеп, қазір жаңа заманның ұрпағымын дейтіндер көбейді. Иә, будда діні, фетишизм, қызыл әмиян­дар насихатталып жатқан кітаптардың әсерінен «Кемел  адам» кітабын жазуды шешкен екен автор. Туындыға бір жылдық ғұмырын арнап, біршама адамның өмірінің жақсы жаққа өзгеруіне ықпал еткені сөзсіз. Ал, кітаптың жай-жапсарын оқығасын білесіз. Дегенмен қазаққа ақша табудың жолын бағамдайтын тренингтен гөрі өз-өзін дамытудың жолын көрсететін кітапқа қалың жұртшылықтың келуіне не себеп болғанына қысқаша  анықтама  беріп  өтсек.

Өкпе-ренішке себеп болатын бір нәрсе – күту. Ал жүрегіңе реніштің бір дәні түссе, ол дертке айналады. Біз айналамыздағы адамдардан өзіміздің ойымыздағы қарым-қатынасты күтеміз. Егер болмаса ренжиміз. Біз міндет емес нәрсені күтеміз. Адамнан емес, Алладан күту керек деген пікірде Қайрат Жолдыбайұлы. Шынында да, қоғамда өкпелегіштер көбейді. Саған бір адам қол ұшын берсе, тағы да көмектессе, үшінші рет ол саған міндет секілді көрініп қалады. Осының әсерінен ұрыс-жанжалдар болып, бір-біріне жау болып кетіп жатқандар бар. Және туысқандар арасындағы бірлік жоғалып бара жатыр. Бұрындары ет бауыр жақының осы жандар болса, қазір алыстан араласқанды жөн санайды. Міне, туысқаннан өзіңнің қиялындағы байланысты күтіп, болмай қалса өкпелеп, бір-бірін көрмей кеткендер қаншама. Осы қаншалықты дұрыс? Бүгінгі таңда адамға ренжуге уақыт жоқ кезең. Өмір тым қысқа. Сондықтан жолынның ақ болуын тек бір Жаратқаннан күткен дұрыс.

Екінші айтылатын мәселе – тәуекел етіп, нәтижені Алладан күту. Тағы да күту. Бәрімізге күткен ұнамайтыны даусыз. Дегенмен күтсең бір нәтиже болатыны анық. Бұл кітаптың өзін жазған кезде де шабытты күтіп, тәуекел етіп, нәтижесін Алладан күтті. Әркімнің несібесіне қарай түрлі жемісін береді. Иә, бірінші кезекте еңбек маңызды. Алайда өмірдегі кез келген туынды – бір ғалымның еңбегі. Олар тағатсыз­дана күтті. Бірақ күтті. Соның арқасында түбі нәтижесін берді. Дәл осы ғалымдар секілді бір топ терін төккен ғалым бар. Десе де нәтижесін күтпей, жарты жолда қолын бір-ақ сілтеп ақыры  жемісін енді ешкім көрмейтіні белгілі. Автор да Алланың құзырындағы нәрсені өзіне алмай, шекарасына өтпей, тек қана күтуге кеңес береді. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп  бекер  айтылмаған-ау, сірә.

– Көп адамның депрессияға түсуі – махаббаттың орнын ауыстыру. Жоқтан бар жасап берген Алланың махаббатын жоққа шығарып, жалған пұттарға арнау. Мәселен, мансапқа арнаймыз. Өміріміздің барлығын мансаппен ғана шектеп, бір күні ол жоқ болғанда өміріміздің мәнін де жоғалтып аламыз. Аллаға деген кемел махаббатты  басқа  ақша,  мансапқа  арнаудың  қажеті  жоқ, – дейді  автор.

Және кездесу барысында көпке ұнағаны тайм-менеджмент шығар. Уақытты тиімді пайда­лануға байланысты жүйелі жоспарды ұсынды. Біз күнделікті күйбің тірлікке қарамай, жетістікке жетудің жоспарын әзірлейміз. Кейде шұғыл тірліктер жоспарымызды бұзады. Сондықтан Қайрат Жолдыбайұлы маңызды істер мен екінші деңгейлі істер деп екіге бөлген дұрыс деп есептейді. Маңызды істерді уақыт өзгерсе де, ешнәрсеге айырбастамай орындау керек екен. Ал, екінші деңгейлі істерді құрбандыққа шалуға болады. Егер маңызды істерді тұрақты орындасақ, жетістікке біртабан жақындайтынымыз анық. Енді тұрақты орындау үшін не істеу керек? Адам міндетті түрде ұйықтайды және ұйқысынан оянады. Сол міндетті түрде орындайтын ісіңізге бір маңызды ісіңізді дағды қылып қоссаңыз, сол кезде  жетістікке  жетуіңіз  мүмкін.

Айта кету керек, кітап жазғыштар көбейіп, кітаптың қасиеті жоғалып, ешкім оқығысы келмей кетті деген пікірлер айтылып жүр. Қазақ кітабының аты аталмай, үні көп уақыттан бері шықпай кетті. Мұндай бұралқы ойдың әсерінен керісінше шетелдік кітаптарға ұсыныс белең алып отыр. Шынтуайтына келгенде, халықтың қазақы кітаптармен рухани тыныстауына еш кедер­гі жоқ екен. Тек сапалы кітап сапалы оқыр­манын табады. ХХІ ғасырда кітаппен қалың жұртшылықтың басын қосу мүмкін емес сияқ­ты еді. Бірақ ұлтқа кітаптың қадірін түсіндіріп, қоғамға керекті дүниені жеткізе білген Қайрат Жолдыбайұлының аталмыш кітабының бір сағат кездесуде 200 данасы сатылғаны сөзімізді дәлелдей  түсетіндей.

«Кемел адам» кітабын мемлекет басшысы да оқып, мұндай мазмұндағы өнегелі кітаптардың көптеп болуын қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Сол себепті ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Білім-инновация» лицейінің аналар академиясы, «Kitapal» дүкендер желісі, Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың ұйымдастыруымен осы іс-шара өткізілді. Бұл кітап арқылы халқымыз жетістікке жетудің жолы мен тұлғалық дамудың түрлі тетігін жыға танып, «Кемел адам» болатынына сенеміз. Егер кемелденген ұлт болсақ, бірлігіміз  нығая  түсетіні  даусыз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: