Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сыр сандық» оқырманға жол тартты

20.12.2021, 15:10 1236

Тұсаукесер

HALYQLINE.KZ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында «Сыр сандық» атты жас ақындар антологиясының тұсаукесері өтті. Іс-шараға ақын, журналист Шаһизада Әбдікәрімов, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, ақын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағамбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай қатысты.

Антологияның баспа бетін көруіне жастар жанашыры, кәсіпкер Мағжан Абзалұлы демеушілік жасаған. Кітаптың таралымы – 500 дана. Жинаққа 70 ақынның топтама өлеңі енген.

– Сырбойылық шайырлар облыс орталығынан бөлек әр ауданда поэзия кештерін өткізіп тұруды межелеген. Бір айда екі не үш мәрте Қызылорда қаласында өтіп келген «Поэзия кеші» қарт Қаратаудың етегінде ұйымдастырылды. Киелі Шиелінің ақын-жыршы, әншілерінің бірлігі арқасында облыс ақындары Қаратау жағасында мөлдір өлеңін оқыды. Жырдан шашу шашылып, Қаратау сілемдері шайырларға шабыт сыйлады. Тасқа да тіл бітірген поэзияшыл жастар осы игі үрдісті тоқтатпай, сол мезетте Қазалы шәріне баруды жоспарлаған болатын. Қазақтың сүбелі сөзін сүйегіне, қара сөзін қанына сіңірген жыршыл жастар, келіскендей Қазалы ауданының орталығында қайта бас қосты. Өзге де аудандарды өнер сапарымен аралап жүр, – дейді Мағжан Ералиев.

Жалпы, соңғы уақытта Сырдың жыршыл жастары жиі-жиі бас қосып, өлең өлкесіне бірге саяхаттап жүр. Өңірімізде өлеңге үйірсек келетін жандар мен жанашырлар да бар екенін поэзия кештерінен байқау қиын емес. Осындай кішкене ғана кездесуден басталған іс-шара үлкен поэзиялық кештер мен кітаптың тұсаукесеріне жалғасуда.

«Сырдағы жас ақындардың антологиясы алғаш рет жарық көріп отыр. Қадірі ханнан жоғары қалың оқырман, іздегеніңіз осы – «Сыр сандықтың» ішінде. Аталған жинаққа жетпіс жас ақынның таңдаулы өлеңі топтастырылған. Уақыт тауып сандықты ашсаңыз, не керектің бәрі бар. Мұңаясыз, көңілденесіз, тазарасыз, рухтанасыз, жігерленесіз, жасарасыз» дейді ақын, журналист Қуат Адис.

Жалпы, кітаптың басылып шығуына, өлеңдердің жинақталуына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жастар саясаты және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы, ақын Жанар Бимұратқызы, осы оқу орнының пиар-менеджері Талғат Меңдібай, Абылайхан атындағы №140 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жақсылық, «Ұстаз мәртебесі» газетінің жауапты хатшысы, ақын Айдар Сайлауовтар ерен еңбек сіңірді.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: