Қызылорда 200-ге жуық адамды ревакцинациялап жатқанда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың «омикрон» штамының әлемді шарпып жатқанын айтып дабыл қағуда. Оңтүстік Африка Республикасының дәрігері Анжелик Күтзее коронавирустың «омикрон» штамын жұқтырған науқастар туралы алғаш болып хабарлады. Дәрігердің айтуынша, патоген қайтадан мутацияға ұшырады деген күдік «COVID-19»-дың ерекше белгілері бар науқастардың ауруханаға жиі түсуіне байланысты пайда болған. Сонымен, науқастардың арасында қатты шаршау сезіміне шағымданған жастар, сондай-ақ жүрек соғу жылдамдығы мен жоғары температурасы бар алты жастағы балаларда жаңа симптомдар байқалған. «Омикрон» Еуропаның бірнеше елінде – Германия, Чехия, Италия, Ұлыбритания, Нидерланды, Бельгия, Гонконг, Израиль және Аустралияда тіркеліп үлгерген.
Ал Қазақстанда жаңа штамм әзірге тіркелмеген. Көптеген мемлекеттер «ауру қаупі күшейеді» деп шекараларын шегендеп жатыр. Түркия билігі бес елмен әуе қатынасын тоқтатып үлгерді. Жаңа штамм шетел асып жүргендермен «еріп» келуі мүмкін. Бірақ, әзірге «омикроннан» аманбыз. Жапонияның Ұлттық жұқпалы аурулар институты коронавирустың жаңа штамына өте қауіпті деген баға беріп отыр. Эпидемиологтардың айтуынша, Алматыда «омикрон» штамының таралу қаупі бар. Бұған осыған дейін «COVID-19» штамдарының негізінен «ауа-тамшы» механизмінен таралатынын анықтаған зерттеу дәлел. Лондондық Импер колледжінің өкілі Том Пикоктың айтуынша, басында «B.1.1.529» деп аталған штамм қауіпті 32 мутацияны біріктірген, соның комбинациясынан кейін бұл штамм адамға көбірек тарайды. Оған вакцина да қауқарсыз. Бұл нұсқа антиденеден айналып өте алады.
Осыған дейін үнді штамы да елдің үрейін алғаны рас. Бұл одан да сорақы болады деп дабыл қағуда дәрігерлер. Иммундық жүйесі әлсіз, вакцина алмағандарға бұл штамның шабуылы «қатты соққы» болады деген ескертулер де жоқ емес. Вакцина дегеннен шығады. Қызылорда облысында ревакцинациялау жұмыстары өткен аптада басталды. Апта басындағы мәліметке сүйенсек, коронавирусқа қарсы қайта вакциналаудан облыс бойынша 192 адам өтті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов мәлімдеді. Өңірімізде 23400 доза «Pfizer» вакцинасы бар. Бұл 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер және жүкті әйелдер мен бала емізуші әйелдерге арналған. Бүгінде «Pfizer» вакцинасын 4951 адам салдырды. Оның 3653-і – бала, 646-сы – жүкті әйел, 652-сі – босанған әйел. Эпидемия басталғалы бері өңірімізде коронавирус инфекциясымен 19294 науқас тіркелген. Өткен тәулікте 6 жағдай (29.11.21ж) анықталды. Жалпы емделіп шыққаны 97 пайызды құрайды. Облыс бойынша инфекциялық стационарда 117 науқас, реанимациялық төсек-орында 14 науқас ем қабылдап жатыр.
Ал, вакциналау жұмыстары басталғалы бері облыста вакцинаның 1-компонентімен егілгендер саны – 403 511, халықтың қамтылуы 89,2 пайызды құрады. Екінші компонентпен – 344 815 (76,2 пайыз) адам егілген.
ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой әзірше жаңа штамм туралы мардымды дүние айтқан жоқ, бірақ «Фейсбук» әлеуметтік желісінде:
– «Омикрон» басқа штамдарға қарағанда қалай таралатыны әлі белгісіз. Иә, Оңтүстік Африкада қазір бұл штамды жұқтыру дерегі көбейген, бірақ эпидемиологиялық зерттеулер аяқталғанға дейін бұл нұсқаның таралу әлеуеті артқаны туралы нақты қорытынды жасауға болмайды. Әзірге «омикрон» белгілері «COVID-19»-дың басқа нұсқаларынан қалай ерекшеленетіні туралы ешқандай дәлел жоқ. Алдын ала мәлімет Оңтүстік Африкада ауруханаға жатқызу жиілігі көбейгенін көрсетеді, бірақ ауруханаға жатқызу қауіптің алдын алуға байланысты болуы мүмкін. Алдын ала деректер басқа нұсқалармен салыстырғанда «омикронды» қайта жұқтыру қаупі жоғары болуы мүмкін екенін көрсетеді, бірақ деректер аз, – дейді.
Енді коронавирустың өршуі әлемдік нарыққа әжептеуір әсерін тигізіп жатқанға ұқсайды. Өткен аптаның дүйсенбісінен бастап Еуропаның үш елінде коронавирус инфекциясымен ауырудың күрт өсуіне байланысты локдаун қолданыла бастады. Жаңа шектеу шараларының жаппай ықтимал енгізілуіне байланысты отынға деген сұраныстың күрт төмендеуіне қатысты қауіптену салдарынан Брент сұрыпты мұнай бір баррель үшін 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін 11,6%-ға құлдырады. Мұнай нарығы АҚШ пен отынды тұтынушы басқа елдердің стратегиялық резервтерден мұнайды сату бойынша келісілген іс-қимылынан кейін қысымда болды, алайда коронавирустық жағдайдың айқын нашарлауы баға белгілеудің құлдырауына әкелді. Сыртқы нарықтардағы келеңсіздіктер мен мұнай бағасының құлдырауына жауап ретінде апта басында теңге бір доллар үшін 433,50 теңгеге дейін немесе жұмадан бастап 0,4%-ға әлсіреді.
Кейбір ұзынқұлақ коронавирустың алдағы 5 жылда жоғалмайтынын айтып жүр. Сенбейін десең, шындығында «үшінші толқын, төртінші толқын» деп сағызшы созылып бара жатыр. Толқынды толқын қуып жүргенде бес жылдың да белесіне барып қалуы бек мүмкін. Тіпті «тұмау секілді өмір бойы қыр соңымыздан қалмауы мүмкін» деген де болжамдар бар. Бетін әрі қылсын, әйтеуір ел аман, төңірек тыныш болса екен.
Керім ТАУАР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!