Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық кәсіпкерлер 9 айда 1320 экспорттық сертификат алды

19.10.2021, 14:15 384

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес өкілдеріне 9 айда 1320 экспорттық, 85 СТ-КЗ, 11 индустриалды сертификат берді. Кәсіпкерлерге берілетін сертификаттың түрлері, ерекшеліктері туралы сұрақтарымызға Палата сарапшысы Айман Шаймаханқызы Сәдуова жауап берді.

– Айман Шаймаханқызы, Кәсіпкерлер палатасымен кәсіпкерлерге қандай сертификаттар беріледі? Бір-бірінен айырмашылығы қандай?

– Кәсіпкерлер палатасымен бизнеспен айналысатын азаматтарға сертификаттың үш түрі беріледі. Олар индустриалды сертификат, СТ-KZ және экспорттық сертификат. Индустриалды сертификаттың өзге сертификаттардан айырмашылығы – отандық қызмет, жұмыс және тауар өндірушілерге беріледі. Бұл құжатты рәсімдеу үшін кәсіпкер техникалық және технологиялық базасы, тауар, қызмет, жұмыс өндіруге қатысты нормативті құжаттары мен салаға қатысты мамандары бар екенін дәлелдеуі қажет. СТ-KZ сертификаты қазақстандық тауар өндірушіге беріледі, және қазақстандық үлестің пайызын көрсетеді және тауардың шығу тегін айқындайды. Ал экспорттық сертификат халықаралық экономикалық қарым-қатынас үшін, тауардың шыққан елін анықтау мақсатында, Қазақстан мен экспортқа шығарылатын елдердің арасында жасалған келісім-шарттар негізінде рәсімделеді.

– Айман Шаймаханқызы, осы құжаттардың ішінде индустриалды сертификатқа тоқталып өтіңізші. Сертификатты алу үшін талаптары қандай?

– Индустриалды сертификат – бұл ерікті түрде жасалатын сертификация. Өтініш берушінің техникалық, технологиялық, ресурстық мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді, тауар, қызмет және жұмыс өндіруге шамасы жететіндігін айғақтайды, өтінімде көрсетілген өнімдер ауқымын өндіруге қауқары жететінін дәлелдейді. Кәсіпкерлер индустриалды сертификатты алу үшін 2 кезеңнен өтуі қажет. Бірінші кезеңде салалық қауымдастықпен ұсынылған сарапшы кәсіпорын тапсырған құжаттар топтамасын қарап шығады, кейін өндірістің базасына барып, талдау жүргізеді де берілген мәліметтерге сәйкестігін салыстырады. Сарапшы өндірісте болып, мәлімделген тауар, жұмыс, қызмет номенклатурасын шығаруға мүмкіндікті бағалап, тиісті біліктіліктегі қызметкерлер санын, өндірістік жабдық, өндіріс технологиясын тексереді. Талдау нәтижесі бойынша тауар, жұмыс, қызметті өндіру мүмкіндігін және мәлімденген өндірістік қуаттылық туралы сараптамалық қорытынды береді (сарапшылар тізімі Ұлттық палатаның сайтында қолжетімді). Екінші кезеңде кәсіпкер электрондық құжаттар алмасудың біріңғай жүйесіне тіркеліп (қазақстандық электрондық құжаттар алмасу орталығы DOC24), содан соң өңірлік кәсіпкерлер палатасына салалық сарапшының шығарған қорытындысымен қатар құжаттар пакетін қосып, өтініш ұсынады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органның және аймақтық кеңес мүшесінің қатысуымен өндіріске тексеру жүргізеді. Кәсіпкердің өндірістік мүмкіндіктері дәлелденген кезде сертификат рәсімделеді. Аталмыш сертификат кәсіпкерге 3 жыл мерзіміне электронды түрде QR белгісімен тегін беріледі. Құжаты бар кәсіпорын автоматты түрде отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілердің тізіміне енгізіледі.

– Индустриалды сертификат 3 жылға беріледі дедіңіз. Үш жылға дейін кәсіпкер осы құжатпен жүре бере ме, әлде өзге де талаптар бар ма? Сондай-ақ сертификат қандай жағдайда кері қайтарылады?

– Сертификат 3 жылға беріледі. Дегенмен 12 ай өткеннен кейін кәсіпкер көрсетіп отырған жұмыс, қызметі мен шығарып жатқан тауар түрлерінде, технологиялық құрал-жабдықтарында қандай да бір өзгерістер болмаса, жалпы бастапқы ұсынған түріне өзгерістер енгізілмеген жағдайда сол сертификатты келесі жылға актуализация жасайды. Ал сертификатты алғаннан кейін кәсіпорнын ұлғайтып немесе мамандар санын арттырған болса, технологиялық, техникалық өзгерістер жасап, жаңадан құрал-жабдықтар алған болса қосымша өзгерістер енгізуге өтініш береді. Индустриалды сертификат бірнеше жағдайда кері алып қойылуы мүмкін. Бұл Индустриалды сертификат Қағидасының 13 бөлімінде көрсетілген: кәсіпкер өз қызметін тоқтатып ликвидация болған жағдайда, қағиданың 5-ші бөліміндегі шарттар орындалмаса, верификация кезінде көрсететін қызметін, жұмысын, өнімін шығара алатындығын дәлелдей алмаса, 3-ші жағдайды есептемегенде, өтінім беруші ерікті түрде қайтарып алса, верификация комиссиясын технологиялық базаны тексеруге өтінім иесі рұқсат етпесе. Осындай жағдайларда, өтінім беруші арнайы тізілімге өтіп кетуі мүмкін. Бұл кезде кәсіпкер 24 айға дейін индустриалды сертификат алуға қайта өтініш бере алмайды. Жалпы сертификат алуға қатысты бизнес өкілдерінен сұрақтар туындаған жағдайда кеңес беруге әзірміз. Байланыс нөміріміз 8/7242/ 40-09-81.

– Айман Шаймаханқызы, сұхбатыңызға рақмет!

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: