Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сын садағының мергені

23.09.2021, 10:30 420

Қазақ  қоғамы  деп  келте  кеспей-ақ  қояйық, жалпы қоғамда ежелден келе жатқан астарлы ақиқат деген ұғым бар. Кейде адам ызадан не айтарын білмей, кекесін, сын арқылы жеткізуі мүмкін. Бұл – шындықты сипаттауға сөз таппау деген мағына емес, керісінше, дерттің дендеген тұсын емдеудің бір тәсілі. Яғни, қалжың-қағытпа, әзіл-сықақ, зілі басым сатирада  жазылған  жайттың  барлығы осы тектес қоғам көрінісінен алынған. Сати­рик Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзі бар. Осыдан-ақ, сатираны өмір боямасындағы шынайы болмысты баян­дайтын суретшінің картинасы деп те қабылдауға болады. Айтпақшы, сатира дегенге көпшілік міндетті түрде «күлкілі контент» болу керек деген түсінікпен қарайды. Жо-жоқ, мүлде олай емес. Әр сатираның астарында ызалы мысқыл, терең әжуа жатуы әбден мүмкін. Қалай дегенмен, бұл жанрдың жүгі жеңіл емес. Дәл осындай өмір айнасын қалам қуатымен айшықтап жазып, астарын бүгіп, қоғам наразылығын тудырған мәселені мейлінше ащы мысқылға арқау етіп жүрген қызылордалық сатирик Қазыбек Әшірбекұлы  75  жасқа  толды.

Сатирик 1946 жылдың 20 қыркүйегінде дүниеге келген. Ол уақыттың қандай кезең екенін топшылап отырған боларсыз. Өмірдің бұра тартқан бұралаңы, шыр айналдырған шырғалаңы болмысынан жігерлі, өжет, сенімді болып қалыптасуына сабақ болған секілді. Ширек ғасырдан астам ішкі істер органында әртүрлі қызметтер атқарып, халық алғысына бөленді. 1991 жылы зейнетке шыққан ол – отставкадағы майор. 1992 жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ­стан сықақшылары «Найзагер» қауым­дастығының мүшесі, сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің екі мәрте  иегері. Әртүрлі  тақырыптағы  туындылары қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда үзбей жария­ланып тұрады. Осы ретте республикалық «Халық» газеті­нің арнайы «Ойпырмай» әзіл-сықақ бетінің тұрақты авторы екенін айтуымыз керек. Заман тынысын тарылтқан жайттарды сын садағына алып, қалжың қылышына қадап, сойылымен «сойып» салатын сатириктің өлеңдерінен ащы күлкі, тамыры терең мысқыл сезіледі. Өмірден көрген-түйгендерін қойындәптеріне түртіп қоюға машықтанған сатира сардарының «Күлкі керуен», «Ұрт пен мұрт», «Жебе», «Белорақ» сынды сатиралық кітаптары жарық көрген. Өмірдің әрбір қисынсыз сәтін қаламына түйреп алатын Қазыбек Әшірбекұлының қырағылығына тәнті  болмасқа  шара  жоқ.

Сөз сойылының иесі «Алыптар арасындағы  айқас»  сатиралық  өлеңінде:

«Қазіргі шонжарлар,

Қаржысы мол жандар.

Болсын!

Күндемейміз!

Толсын!

Тілдемейміз!

Дегенмен,

Бұлар бір-бірінің жүрістерін,

Іштен-сырттан кірістерін,

Күндіз-түні санап жүреді…

Араласатын адамдарын,

Әрбір басқан қадамдарын,

Кірпік қақпай қарап жүреді…

Бірінің қылығы жақпай қалса,

«Қой»-ға құлақ қақпай қалса,

Табанда бірден «түртіп» жібереді.

Көптен сыйластықты,

Кешегі қимастықты,

Санадан мүлдем сүртіп жібереді.

Сонымен, елдің «мақтаны»,

Солай соттасып жатқаны…

Иә, бұл да коррупциямен күрестің бір түрі,

Күресудің басқа да бар түр-түрі…

Алыптар тірлігі ала болмаса,

Жазықсыз жабылған жала болмаса,

«Мәреге«  жетпей шала болмаса,

Шын мешкейге сауап-ау!» – дейді.

Рас, қоғамның жегіқұртына айналып тұрған өзекті мәселенің байыбы баяндалған бұл қалжың қағытпасына сіз күле алдыңыз ба? Әрине, ол – өз еркіңізде. Бірақ, ойлы адамға күлетін емес, ойланатын, өзегін тырнайтын жайттың карти­насы,  өмір ағымына өгей  баладай  төселген  кейіпкер  түзіліп-ақ  тұр.

– Әлемнің көптеген елдерінде сатиралық  бағытта  жарыққа  шығатын  газет-журналдар баршылық. Өкініштісі, біздің елде көп көңіл бөлінбейді. Сондықтан болар, қызығушылық бар бол­ғанмен, алға жылжу жоқ. Бұрын басылымдар сатира жанрына бүтіндей бір бетті арнайтын. Соның айқын дәлелі марқұм Әділхан Бәйменов ашқан «Ақмешіт апталығы» газеті еді. Өзім сол газетте жұмыс та істедім. Кейіннен  ол бет те шықпайтын болды. Танымал «Ара» журналы да жабылып қалды. Енді қалғаны – «Айқын» газетіндегі «Жатыпатар», ата басылым «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сөз сойыл», республикалық «Халық» газетіндегі «Ойпырмай», «Әлімсақ»  журналындағы  «Қызылорданың  маса­сы» арнайы айдарлары. Қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп айтқан. Сын жариялауға жол берілмесе, мін қайдан түзеле­ді?! Мен 35 жылдан бері жемқорлық, алаяқтық, парақорлық туралы жазып келе жатырмын. Осы үш мәселеде үлкен өкпем бар. Жалпы, сатира деген біреуден естігенін жаза салатын жанр емес, ол әділ, таза,  анық  және  түбінде шындық болу  керек. Сатира сонда ғана  сатира деуге келе­ді, – дейді  сатирик Қ.Әшірбекұлы.

Қазақ сатирасының тарихы мен жанр­лық-көркемдік ерекшелігін зерттеген Темірбек Қожакеев «Әзіл-қалжың да – юморлық  сезімнің жемісі. Алайда, қылжақ күлкі – әлеуметтік мәнсіз күлкі. Ол тапқыр­лықтан, адалдықтан тумайды» дейді. Бұл сөзбен де келіспеске шара жоқ. Зіл батпан жүк арқалаған сатира ызадан да туады.

Сын  садағының  мергені  атанған  Қазы­бек Әшірбекұлын мерейлі 75 жасы­мен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Нұрбике  Қази

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: