Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Права» алудың процесі

26.08.2021, 10:00 979

Ақпан айында редакцияның электронды поштасына Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен бір ақпарат келіп түсті. Онда «Борышкер» іс-шарасы аясында Қызылорда облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, прокуратура өкілдері және сот орындаушылары бірлескен рейдте 34 жастағы облыс тұрғынының басқаруындағы ресейлік нөмірі бар жеңіл автокөлікті ұстағаны туралы жазылған. «Оның несі жаңалық, жол ережесін кім бұзбай жатыр?» дейтін шығарсыз. Бұл ақпараттың маңыздылығы – мынада. Көлік жүргізушісі бірнеше ай ішінде жылдамдық режимін 181 мәрте бұзған. Бір емес, екі емес, 181 рет!

Құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтайтын «Арканмен» аталған автокөлікке 2020 жылдың 12 маусымы – 2021 жылдың 11 ақпаны аралығында 3591265 теңге сомасында айыппұл салынған. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылып, жүргізушіге ҚР  ӘҚБтК-нің  612-бабы, 1-бөлігімен хаттама  рәсімделген. Бұдан  да  қорқынышты мәлімет  бар.

Жүргізуші көлікті еш құжатсыз басқарыпты. Қайта абырой болғанда арты қайғылы оқиғаға әкеліп соқпаған. Осы орайда елімізде жол-көлік оқиғаларының да жиілеп кеткенін айтуымыз керек. Статистика солай дейді. Сондықтан «Жүргізуші куәлігін алу процесі қалай жүреді?», «Қызыл­ордада жүргізуші куәлігі қанша теңге тұрады?» деген сауалдарға әріптесім, «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Гүлбану Мақажан екеу­міз  жауап  іздедік.

Шынын айту керек, соңғы жылдары жүргізуші куәлігін басқа қалалардан алып жатқан таныстарымыз баршылық. Оның себебін олар бізге былайша түсіндіреді. «Қызыло­рдада жүргізуші куәлігін алу қиын», «Емтиханнан  «құлатады»,  «Бізде  қазір «права» бермейтін болған». Бұл уәж қаншалықты орынды екеніне көз жеткізіп көрдік.

Қала шетінде орналасқан Мамандан­дырылған халыққа қызмет көрсету орта­лығына кірген соң әріптесім тіркеу бөліміндегі бас маман Бағлан Алмасұлына «Алғаш рет жүргізуші куәлігін алуға келіп тұрмын» деді. Біздің журналист екенімізді білмейтін ол «Жеке куәлігіңізбен кассаға барып, медициналық бақылаудан өту үшін 8300 теңге және жүргізуші куәлігін алу үшін  БАЖ  салығы 3700 теңге төлейсіз» деген  жауап  қайтарды.

Одан соң бас маман біздің журналистік қызметімізге көмектесіп, жүргізуші куәлігін алу үшін не істеу керектігін кезек-кезек кабинеттерге кіргізіп жүріп көрсетті. Медицин­алық тіркеуден өту үшін №17 кабинетке де бардық. Онда дәрігер-тера­певт Тұрсын Иманғазина бақылаудан талап­керлерді өткізетінін айтты. Мұнан бөлек, көлік  тізгіндеуді талап қылған адамды окулист, психолог, нарколог, т.б. мамандар  да  тексереді. Әрі қарай талон алып, құжат өткізуге бару керек. Бұл жерге жаңағы медициналық бақылау кабинетінен алатын №073 «У» үлгісіндегі медициналық анықтаманы, жеке куәлікті, қандай да бір оқу орталығында оқыған болсаңыз сертификатыңызды  өткізесіз.

Мұнан соң сізді мамандар тест тапсыру кабинетіне жібереді. Онда сізге 40 сұрақ беріледі. Бұл сұрақтардың 32-сіне дұрыс жауап берсеңіз, «емтиханнан өттім» дей беріңіз. Бірақ, іс мұнымен  бітпек  емес. Әрі  қарай практикадан өтуіңіз  қажет. Диспетчер   бөлімінде  Қазыбек Тойшы­баев  пен  Гүлжан Ғабитқызы  жұмыс  істейді. Қазыбек көлік басқаруда талапкерге бағыт-бағдар береді, ал Гүлжан компью­тер арқылы ғимараттың ішінде бақылау  жасай­ды.

– Көліктегі планшет пен ғимараттағы компьютер бір жүйеге қосылған. Талапкер көлік басқару кезінде қандай ереже бұзды, неден жаңылды бәрін өзі анықтап, тиісті балды да өзі қойып, «өтті», «өтпеді» деген белгілерді де автоматты түрде шығарады. Дайындалып келсе, тесттен де өтеді, практик­аны да сәтті тапсырады, – дейді Гүлжан  Ғабитқызы.

Біз көлік айдап үйрену алаңына да аялда­дық.

«Емтиханнан  өткеннің  өзінде көлік айдап, практикада қателесетіндер көп. Немесе керісінше. Енді әркімнің қабілеті әртүрлі  ғой» деген талапкер өзі емтиханнан өту аса қиын болмағанын айтады. Бірақ, көлік  жүргізу  алдында  қорқынышы  басым  екенін  де  жасыр­мады.

Әділжан Ілияс есімді үміткер 40 сұраққа жауап берген. Ол үйіндегі «Қазақстанның жол ережелері» деген кітаппен дайын­далғанын айтты. Ізденген адамға жол ережелерін табу, оны жаттап алу қиындық тудырмайды. Тіпті, интернетте арнайы  ақылы сайттар да бар көрінеді. Онда жол ережелері тайға таңба басқандай етіп түсіндіріледі. «Емтихандағы сұрақтардың көпшілігінің жауабы осында кездеседі» дейді  білетіндер.

Байқағанымыздай, Қызылордада жүргізуші куәлігін алу аса қиындық тудырмайды. Иә, тесттен өту үшін өзіміз тиын-тебен қыстыруға бейім тұратынымыз рас. Сірә, емтихандағы қатаң тәртіп көлік жүргізгісі  келіп жүрген қызылордалық үміткерлерге көп кедергі келтіретіндей. Әйтпесе, көлікті тізгіндей алсаңыз, жол ережелерін білсеңіз, жүргізуші куәлігі қол жетпейтіндей нәрсе емес. Орталық қызметкері осы күні ер-азаматтардың оның ішінде, жастардың көп келетінін айтты. Тіпті, ізденімпаз жастардың жүргізуші куәлігін еш қиындықсыз әрі таныссыз алып жатқанын айтты. Сөз басында айтқанымыздай, бүгінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Мұның бірден-бір себебі – жүргізуші куәлігінің сатылатындығы. Жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де денсаулығына, өміріне жауапты екенін түсінуі керек. Біздің түсінгеніміз – осы.

Рыскелді  ЖАХМАН

Жүргізуші  куәлігін  қалай  аламын?

«Жүргізуші куәлігін алғаш рет рәсімдейтін үміткерлер» үшін өте пайдалы кеңес

Жүргізуші куәлігін алу үшін:

– Жеке куәлік;

– №073 «У» үлгісіндегі медициналық анықтама және оның көшірмесі;

– Мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек (1,25 АЕК – 2021 жылы 3646,3 теңге);

– Автомектеп  курсынан өткендігі туралы куәлік және оның көшірмесі (өз  бетінше  дайындалған  жағдайға  сұратылмайды);

Біле  жүріңіз:

– Жол жүру ережелері бойынша емтиханда 40 сұрақ беріледі, өту үшін 32 балл жинаса жеткілікті;

– Теориялық және практикалық емтихан тапсырушы үміткерлер емтихан сынағынан үш рет өте алады, егер сәтсіз өткен жағдайда тағы екі мүмкіндігін пайдаланады. Ал, автомектеп бітірген, куәлігі бар үміткерлер үшін мұндай мүмкіндік саны шектеусіз.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: