Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы ұрлық неге ашылмады?

19.08.2021, 11:00 1383

Бәсе, неге ашылмады?! Алысқа бармай-ақ, Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кесенесінде болған ұрлықты мысалға келтірсек. Осынау айтуға ауыз бармайтын келеңсіз оқиғаның жай-жапсары кезінде журналист Жұмабек Табынбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында, республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің №49 (10.XII.2020 жыл) санында «Қазалыдағы «Құдайдан қорықпайтындар» атты мақаласында жарияланған болатын. Енді сол мақаладан үзінді келтірсем.

«2020 жылдың 3 желтоқсан күні түске таман Жанқожа батыр кесенесінің шырақшысы Дәурен Әбдіхалықов маған қоңырау шалды. Оның айтуынша, түнде, яғни 2 желтоқсаннан 3-іне қараған түні Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабамыздың кесенесіне арам ниеттілер ұрлыққа түскен. Осылайша кіреберіс қабырғаға бекітіліп қойған анкер болттан ажыратып, ел-халықтың садақа ақшасы салынған темір қорапты (сейф) ұрлап, өздерімен бірге алып кеткен. Қылмыс болған жерге Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері келіп, тексеру жұмыстарын жүргізіпті» деп жазылған.

Осынау жүрегінде иманы бар кез келген адамды бей-жай қалдырмайтын келеңсіз оқиға көпшілік тарапынан қызу талқыланып, сұғанақ қолды сұмырайларға деген жұртшылықтың ашу-ызасын туындатқанын атап кеткен жөн.

Тәртіп сақшыларының тексеру жұмыстары аяқсыз қалмасына, ұрылардың анықталып, әділ жазасын алатындығына, ең болмағанда халықтың талқысына түсеріне алғаусыз сенген едік. Алайда сол сенімімізге селкеу түсті. Тексерудің соңы сиырқұйымшақтанып  кетті.

Облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілепке қоңырау шалып, ішкі істер бөлімінен хабар алуды сұраған едік. Обалы нешік, депутат сөзге келмеді. Көп ұзамай сол тұстағы полиция бөлімі басшылығының ағамызға «ізі шығып тұр» дегенін естігенде қуанып қалған едік. Ерте қуаныппыз. Онан бері де біршама уақыт өтті. Қазалылық ізкесерлер «ізі шығып тұр» деген ұрылар әлі күнге анықталған жоқ.

Гәп Жанқожа батыр кесенесінен қолды болған сейфте қаражаттың бар-жоғы, көлемі немесе ұрылардың  ұсталып, жаза арқалап, сотталуында тұрған жоқ.

«Ешбір күнәһар басқаның күнәсін көтермейді».  Зүмәр  сүресі, 7-аят.

Ендеше қасиетті мекенге арам пиғылмен түн жамылып барып, залым ниетін жүзеге асырғандар уақытша құрықтан құтылғанымен түбінде тұтылатыны айдан анық. Жанқожа батыр кесенесіне жасалған осындай шайтани іс бірінші рет болып отырған жоқ. «Ашынғаннан шығады ащы даусым». Өкініштісі, осыған ұқсас келеңсіз көрініс бұған дейін де кесенеде 2 мәрте қайталанған. 2017 жылы кесенеге зиярат етушілер садақасын салатын құлпы бар темір жәшікті (сейф) біреулер жасырынып келіп, бұзып ашып қаражатын алуға әрекет жасаған. Соның алдында да дәл осындай оқиға болған еді. Сол кезде де бір оқырманымыз осы жайтты ашына жазып, (суретін қоса жіберген) мақала «Халық» газетінде жарияланған болатын. Көп ұзамай темір жәшіктің есігі жөнделіп, қайтадан қалпына келген еді. Осындайда «дәніккеннен құныққан жаман» деген аталы сөз есіңе түседі. Одан әрі ойлаудың өзі  қорқынышты.

Қазіргі таңда Жанқожа батыр кесенесінде бірқатар іс тындырылды. Жоғарыда айтылған қолды болған сейфтің орнына сапалы жасалған, жан-жағына берік бекітілген сейф қойылды. Батыр ұрпақтарының ауызбіршілігінің арқасында санаулы күнде кесененің төрт қапталы әсем пішінделген темір бөліктер арқылы қалың әйнекпен жабылды. Еденіне кілем жайылған кесене іші баба аруағына  деген  елінің риясыз құрметін аңғартып  тұрғандай.

Десе де, миллиондаған тұрғыны бар алып қала емес, аудан орталығында, оның ішінде, халқы көзінің тірісінде әулиеге балаған Жанқожа батыр бабамыздың кесенесінде болған ұрлықтың ашылмауы көңіліңді құлазытады. Бұған құзырлы орындар, Қызылорда облыстық Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан не айтар  екен?!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: