Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Агроөнеркәсіп адымы

29.07.2021, 10:00 799

Сәлемнің басын «мал-жаның аман ба?» деп бастайтын халқымыз әу бастан шаруашылықтың жайын алдыңғы орынға қойған. Көнеден кәсіп болып қалыптасқан мал мен егіннің бабын келтіріп, оны шаруаға ыңғайлау оңай жұмыс емес. Соған қарамастан мемлекет ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен экономиканың тұрақты дамып келе жатқан салаларының бірі ғана емес, сонымен бірге бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тартымды салаға айналып отыр. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев алға қойған еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын барынша арттыру міндетін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өзектендірілді.

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР  «СЫБАҒАДАН»  ҚҰР  ҚАЛЫП  ЖАТҚАН  ЖОҚ

«Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін биыл қалаға «Сыбаға» бағдарламасымен   125 бас асыл тұқымды аналық және 3750 бас қой малының аналығын сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда қалаға қарасты 1 ауыл шаруашылығы құрылымы өз жеке қаржысы есебінен өзге облыстан 40 бас асыл  тұқымды аналық сиыр алды. Сондай-ақ тағы екі шаруа­шылық құрылымдары «Сыбаға» бағдарламасымен 1500 бас қой малының аналығын сатып алуға  «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы несие  құжаттарын  рәсімдеуде.

Қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құры­лымдары «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс істеп, мал басын асылдандырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Мысалы, Қосшыңырау ауылдық округінде «Аруана» шаруа қожалығы бар. Шаруашылық төрағасы Бақыт Жакешбаев «Сыбаға» бағдарламасын сәтті іске асырып, бүгінгі күні өз төлдерін сататын репродуктор шаруашылық деңгейіне жетіп отыр. Сонымен қатар, жылқы шаруашылығын дамытуда «Танкаман» ЖШС 2011 жылдан бері жылқы шаруашылығымен айналысып келеді. 2016 жылы көршілес Актөбе облысынан «Мұғалжар»  тұ­қымды 50 бас жылқының  аналығын  сатып  алып, қазіргі таңда мал басын 300-ге дейін көбейткен. Ал «Аруана» шаруа қожалығының «Аруана Агро лидер» консерві өңдеу цехы өз қаржысы есебінен іске қосылып, қуаттылығы аусымына 800 дана консерві өнімдерін шығаруда.

Белкөл кентінде кәсіпкердің өз қаржысы есебінен «КZО ЕТ» 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы 2020 жылы іске қосылып, қазіргі таңда ет өнімдерін тұрақтандыру мақсатында қаланың халқы тығыз орналасқан 6 аумағындағы  жеке сауда орындарында сиыр етін 1650 теңгеден (базарларда сиыр еті 1900 теңге) сатуда. Бұдан бөлек осы төмен бағадағы әрі сапалы ет өнімдерін қаладағы «Қызылорда», «Анвар» ірі сауда үйлерінде сатылымға шы­ғаруда.

ЕКСЕҢ  ЕГІН,  ІШЕРСІҢ  ТЕГІН

Биыл шаруашылық үшін оңай кезең болып тұрған жоқ. Қуаңшылық, жайылымдық жерлердің азаюы және жауын-шашынның аз болуы бүйірден қысып тұр. Соған қарамастан Қызылорда қаласына қарасты ауыл шаруашы­лығы құрылымдары 9071 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарды екті. Оның ішінде 4139 га жерге – күріш, 2783 га жерге – көкөніс, картоп, бақша дақылдары, 1505 га жерге – малазықтық дақылдар, 604 га жерге – дәнді дақылдар және 40 га жерге майлы дақылдар  егілді.

Су тапшылығына байланысты ауыл шаруа­шылық дақылдары ротациясын сақтай отырып, суды аз қажет ететін және су үнемдеу әдістерін қолдана отырып өсірілетін картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі арттырылды. Өткен жылы 878 гектар жерге бақша дақылдары егілген болса, биыл 987 гектар жерге бақша дақылдарын екті. Жаңа жоңышқа дақылы өткен жылы 266 гектар жерге егілген болса, биыл 585 гектарға орналастырылды.  Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.  Сонымен  қатар «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС «Golden  Bridge  Turan»  ЖШС-мен  бірле­сіп  жапон технологиясымен 200 гектарға көшеттеп күріш егу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 150 гектар аумаққа көшеттеп егу тәсілі арқылы күріш дақылы егілді.

Қызылорда қаласының тұрғындарына қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінен маусымдық кезеңге картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егуге 10 гектар жер көлемінде егістік жер бөлінді. Жер алып, бақша баптаймын деп ынта білдірген 87 қала тұрғынының әрқайсысына Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 сотықтан жер бөлінді. Бұл да болса қала тұрғындарына едәуір көмек. Маңдайы терлеп, қолы қимылдағанның еңбегі жанып, оның жемісін көргенінен артық қандай сый бар. Есесіне, көкөніс, жеміс-жидекті базардан сатып алмайды, өз бақшасынан үзіп жейді. Біріншіден, қалтасына жеңіл тиеді, екіншіден, табиғи жолмен, өз қолымен баптаған өнімді күдіксіз  пайдалана  алады.

Күріш егу ағымдағы жылдың 28 сәуірінде басталып, қазіргі таңда 4139 гектар (100%) жерге күріш дақылы егіліп, толығымен суға бастырылды. Күріш дақылының «Сыр сұлуы», «Лидер», «Маржан» ерте пісетін таңдаулы сортт­арының тұқымдары егілді.

Су шаруашылығы нысандарын дайындау бойынша жоспарланған су жүйелерін тазарту жұмыстары шаруашылықаралық каналдар және ішкі шаруашылық каналдары бойынша барлығы  86,3  мың текше метр  болып  белгіленген  болатын. Бүгінгі  күнге  дейін  олар   100 пайыз тазаланды. Гидротехникалық құрылыс­тарды жөндеу жұмыстары бойынша 3 шаруа­шылықаралық каналы, 6 ішкі шаруа­шылық каналы және 79 гидробекет жөндеуден толық­тай  өткізілді.

Айта кетейік, Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылдық округтері «Оң жаға магистралі» каналы арқылы күріш егістігіне секундына – 10,78, Ақжарма ауылдық округі күріш егістігіне «Сол жаға» (Шіркейлі) каналы арқылы секундына – 8,10, Ақсуат ауылдық округі күріш алқабына «Жаңаарық» каналы арқылы секундына 2,93 текше метр су жіберіліп отыр. Дегенмен күріш және басқа да дәнді дақылдар егістігінде су тапшылығы байқалуда. Егіс көлемдерінің ұлғаюына байланысты қосымша су лимитіне сұраныс беріліп отыр. Бүгінгі күні жаздық бидай дақылы толығымен пісіп, егісті ору жұмыс­тары  басталуда.

ТҮЙІН. Қалада агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары өз деңгейінде атқарылуда. Бірақ, былтырдан бері бүйірден қысып тұрған бүкіләлемдік пандемия, қаржылық дағдарыс, экономикадағы шатқаяқтау, облыс көлеміндегі қуаңшылық пен шаруашылықтағы бәсеңдікті жасырып қоя алмаймыз. Баяғыдай қуатты қарқынымыздан ажырап қалғанымызды да айту керек. Алайда ер мойнында қыл арқан шірімеген. Кедергілерге кібіртіктеп, қиындықтарға қысылып қалмай, қызылордалықтар да шама-шарқы жеткенше шаруашылықтан қол үзіп қалмаудың амалын жасап жатыр. Көптің көмегімен атқарылып жатқан істердің ұлы жобасы әзірге осындай. 

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: