Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азық-түлік тапшылығы болмайды

16.03.2020, 13:00 812

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегендей, доллар доқ көрсетсе, теңгеңіздің тәлтіректейтіні рас. Тиісінше, азық-түлік бағасы аспандап, қалтаңыз одан сайын жұқарады. Бүгінгі күні мұнай бағасының құбылуына, валюта бағамының тұрақсыздығына және коронавирус инфекциясының таралуына байланысты халық дүрлігуде. Әп-сәтте әптер-тәптер күйге енген көпшіліктің көңілін жергілікті билік қалай жұбатпақ? Қандай қам-қарекет жасайды?

Сенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында шұғыл жиын өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов елдің елеңдеуіне негіз жоқ деп отыр. Өйткені, «тұрғындарға ең қажетті 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары қатаң бақылауда» дейді ол.

– Маусымаралық кезеңде 2200 тонна өнім сатып алынып, облысқа толық жеткізілді. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 1200 тоннадан астам өнім бар. Сауда ұйымдарында, қоймаларда, өңірдегі 27 әлеуметтік маңызы бар дүкендерде азық-түлік тапшылығы болмайды, – деді Сейілбек Серғазыұлы.

Оның айтуынша, Қызылорда облысы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасы ең арзан өңірлердің бірі саналады.

Брифинг барысында асыраушы сала өкілі доллар бағасының өзгеруіне байланысты «кейбір тауарлардың құны қымбаттауы мүмкін деген» болжамды жоққа шығарған жоқ. Облыста өндірілмейтін өнімдердің бағасында өзгерістер болуы ықтимал.

– Бұған байланысты шұғыл жоспар әзірлеп, 3 айға жететін ең қажетті тауарлардың көлемінің жобасын дайындадық. 3,5 мың тоннаға келісімшарт жасалып, оны облысқа жеткізу жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті басқарма өкілі.

Сейілбек Серғазыұлының сөзінше, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында облыс орталығы мен аудандарда автокөлік үстінде сату ұйымдастырылған.

Сенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бірқатар сауда дүкендерінде болып, азық-түлік бағасын көзбен көріп қайтыпты. Ол сол күні әлеуметтік желіде:

– Бүгін халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры мен бағасын білу мақсатында Қызылорда қаласындағы бірқатар сауда нүктелерін араладым. «Small», «Magnum» сауда орталықтарында, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қоймасында және Жаппасбай батыр көшесіндегі «Әлеуметтік дүкенде» болдым. Қазіргі таңда облыстық тұрақтандыру қорында 1219,9 тонна өнім бар. Сауда ұйымдарында, қоймаларда, өңірдегі 27 әлеуметтік маңызы бар дүкендерде азық-түлік тапшылығы болмайды деп отырмыз. Сонымен бірге, 3,5 мың тонна азық-түлік өнімдерін сатып алу шаралары жүргізілуде. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта мұнай бағасы мен валюта бағамының тұрақсыздығына және коронавирус індетінің таралуына байланысты азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және қажетті қор жинау мақсатында тиісті жұмыстарды тоқтаусыз жүргізе береміз. Тұрғындар тұтынып отырған азық-түлігінен таршылық болмауы керек. Осы ретте, өңіріміздің кәсіпкерлері халыққа қолайлы жағдайды жасауға барынша атсалысады деп ойлаймын, – деп жазба қалдырды.

«Жергілікті билік барлығын бақылауда ұстаймыз» десе де, көптің көңілі әлі де күпті…

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: