Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас педагог әріптестеріне хат жазды

14.06.2021, 16:20 443

HALYQLINE.KZ

Қымбатты әріптесім! 

Міне, баршамыз үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы аянбай қызмет еткен әр мұғалімнің ерен еңбегімен және ерлігімен есімізде қалары сөзсіз. Мектептерге мүлдем жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейді. Өкінішке орай, біз дәстүрлі оқыту форматына толықтай көше алмадық. Пандемияның салдары білім беру жүйесіне әлі де әсер ететіні анық. Дегенмен, Сіз барлық қиындық пен сын-тегеуріндерге қарамастан, сабақтарыңызды ұтымды ұйымдастырып, мүмкіндігінше жақсы нәтиже көрсете алдыңыз. 

Сіз ұстаз мамандығының сезімталдық, балаларға деген қамқорлық және адамгершілік сынды ең жақсы қасиеттерін танытудың жарқын үлгісіне айналдыңыз. Алайда, жұмсалған күш-жігерге қарамастан, қашықтан оқыту кезінде әртүрлі себептерге байланысты артта қалған балалардың білімдері мен басқа оқушылардың білім деңгейін салыстырғанда алшақтық байқалады. Бұл жағдайдың орын алғанына балалар кінәлі ме? Әрине, балалардың еш кінәсі жоқ. Олар дәстүрлі форматта білім алса, Сіздің қолдауыңызды сезініп, өздерін көрсете алар еді деп сенемін. Оларға бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін мүмкіндік беруіміз керек пе? Әлбетте.

Мен, сіздің әріптесіңіз ретінде, мамандығымызға тән қасиет – ізгілікке ұмтылып, шәкірттеріңізге көмек қолын созуыңызды сұраймын. Жігерлі әрі алғыр мектеп оқушыларымен жұмыс істеу оңайырақ. Дегенмен, пандемияға байланысты оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушылармен жұмыс жасау оңай емес. Оқушылардың білімі бойынша артта қалуы олардың мүмкіндіктері сондай деген сөз емес. Білім берудегі олқылықтарды қиын жағдай мен оқушыларды жігерлендіру деңгейінің жеткіліксіздігімен сипаттауға болады. Мұндай балалар қазір барлық назарымызды қажет етеді. Олардың әлеуеті зор. Сондықтан балаларымызға қолдау көрсетуіміз керек. Бүлдіршіндерімізді өз қамқорлығыңызға алып, қиындықтарға қарамастан олқылықтардың орнын қосымша сабақтар өткізу арқылы толтырасыздар деп үміттенемін.

Менің бұл өтінішімді қабыл алуыңызды сұраймын. Сонымен бірге Сізді жазғы мектептердің жұмысына 26 мамыр – 20 маусым аралығында белсене қатысуға шақырамын. Осы жылы соңғы қоңырау мерекесінде ерекше сезімге бөленгеніңізді білемін.Өйткені, бір жағынан оқу жылы аяқталып жатса, екінші жағынан – жазғы мектептер жұмыс істей бастады. Біз мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Қашықтан білім беру кезінде әріптестерім әлеуметтік желілерді белсенді әрі еркін меңгере бастап, өз сабақтарына ойын элементтерін енгізе бастағанын ерекше атап өткім келеді. Біз, әрине, осындай кәсіпқой мамандарымызды үнемі қолдап, оларды басқалар үшін үлгі етеміз. Бұл үрдіс ұмытылмай, керісінше, одан да үлкен әсерге ие болады деп үміттенемін. 

Оқушыларға тәрбие беру мәселесі мұғалім жұмысында өте маңызды, сол себепті бұл бағытта ата-аналармен бірлесе жұмыс жасалуы тиіс. Сіз баламен оның жанында отбасы мен жақындары болмайтын бөтен ортада жұмыс жасап, оқушының бойында болуы мүмкін проблемалары туралы ата-аналарына дер кезінде айта аласыз. Бала отбасында да, мектепте де оған баса назар аударылатынын сезінуі керек. Бұған тек ата-аналармен тығыз байланыста, олармен тең және серіктестік қарым-қатынас құру арқылы қол жеткізуге болады. Балалардың қызығушылығын оятып, оларды қателіктері үшін айыптамаңыз. Керісінше, орын алған қателіктерін түзетуге көмектесіңіз. Соңы сәттілікке ұласпаған әрекеттерінен кейін үміт пен сенімді жоғалтпауға үйретіңіз. Балалар өзгеше ойлап, өз пікірін білдіргендері үшін олардың ұпайларын төмендетпеңіз. Қазір балаларымыз оларға барынша түсіністікпен қарағанымызды аса қажет етеді. Оларға махаббат пен қамқорлық қажет. Біз бүлдіршіндеріміздің мектепке барып, білім алғандарын қалаймыз. Сонымен қатар балаларымызды басқалармен салыстырғанымызды тоқтату керек. 

Пандемия жағдайы мұғалімнің басты қызметі тек ақпарат беру емес, сондай-ақ оның басқа да міндеттерін айқындап берді. Атап айтсақ, балаларға қолдау көрсету, жанашырлық таныту, оларды ынталандыру, көмек қолын созып, тәлімгер болу. Бүгінгінің балалары мүлдем өзгеше, олар өздерін еркін ұстайды. Ендігі кезекте олардың бойларындағы жақсы қасиеттерді сақтап, одан әрі дамыту – біздің басты міндетіміз. Қымбатты әріптес!Хатымды аяқтай отырып, Сізді вакцинация науқанында белсенді азаматтық ұстанымыңызды танытып, вакцинация туралы ғылыми деректерді тарату барысында көмек көрсетуіңізді сұраймын. Сондай-ақ, аталған тақырып аясындағы жалған ақпаратпен күресуге шақырамын. Мен оқытудың дәстүрлі форматын қолдаймын және бүлдіршіндеріміз үшін мектеп есіктері айқара ашылады деп үміттенемін.

Халық вакцинация науқанына неғұрлым белсенді қатысса, әдеттегі өмір ырғағына соғұрлым тезірек оралатынымыз сөзсіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тұрақты қолдауының арқасында пандемия зардаптарын азайту мүмкіндігіне ие болдық. Қиындықтарды еңсеріп, оқу үрдісін қамтамасыз ете алдық.Осы қиын-қыстау кезеңде мен Сізбен бірлесе отырып, жұмыс істеу құрметіне ие болдым. Осы ретте түсіністік танытып, қолдау көрсеткеніңіз үшін және адал қызметіңіз үшін алғыс білдіремін!

Баға жетпес ұстаздық еңбегіңіз үшін, жанкешті жұмысыңыз бен кез келген уақытта балаларымызға тіреу болуға деген ізгі ниетіңіз үшін рақмет! 

Сіз – нағыз батыр, биылғы оқу жылының басты кейіпкері атандыңыз. Сізге сәттілік, мықты денсаулық тілеймін! Өзіңіз бен жақындарыңызға жанашыр болыңыз! Жазғы демалыс кезінде жақсы демалып, жаңа оқу жылына күш-қуатпен оралуыңызды тілеймін. Жаңа оқу жылында жолыққанша!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: