Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

04.06.2021, 10:30 2426

ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Сіздерді елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Рәміздеріміз – ТУ , Елтаңба және ГИМН тәуелсіз еліміздің дербестігін әлемге танытып ғана қоймай, өткені мен бүгінін жалғастырып, болашағымен сабақтастырады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер».

Рәміздер халықтың рухы мен елдің егемендігін ғана емес, сол мемлекеттің өркениет көшінен алар орны мен деңгейін де белгілейді.

Бүгінгі күні Тәуелсіздігіне 30 жыл болған Қазақстанның мемлекеттік Туы өзімен экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген мемлекеттерде желбіреп тұр.

Жеңімпаз спортшыларымыз Туымызды көкке көтеріп, Гимнімізді асқақтатуда. Бұл әрбіріміз үшін зор мақтаныш, бақыт екені даусыз!

Осы ретте, жас ұрпақтың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз екенін естен шығармасақ деймін.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі», – деп айтқанындай, аспан түстес Көк Байрағымыз асқақтап, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз жарқырап, Гимніміз шарықтап, Тәуелсіздігіміз нығая берсін!

Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі үстем болсын! Шекарамызға ешкім сына қақпасын! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын!

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: