Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Медициналық мекемелерге медет болған меморандум

19.05.2021, 16:30 557

HALYQLINE.KZ Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың жаңа қызметке тағайындалған уақыттағы алғашқы жұмыстарының бірі қала емханаларын вакцина сақтауға арналған тоңазытқыштармен қамтамыз ету болатын. Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған сәтте қызметке кіріскен Ғанибек Қонысбекұлы жедел шаралар қабылдап, «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде бүгін қала әкімі «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-мен жаңа меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында қала әкімдігі мен кәсіпорын арасындағы өзара ынтымақтастық негізінде қаладағы денсаулық сақтау субъектілеріне вакцина сақтайтын 20 дана компрессорлы автотоңазытқыш және 13 дана мұздатқышты өтеусіз беру ұйымдастырылды.

Шарада шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлы «Қалыптасқан қиын кезеңде Өзіңіз басқарып отырған «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорны қала халқының денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында вакцина сақтайтын арнайы медициналық жабдықтарды денсаулық сақтау ұйымдарына табыстауда. Бұл ретте, жерлестеріңізге деген жанашырлық ниетіңіз үшін алғысымызды айтып, шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деп мекеменің жұмысына табыс тіледі.

«Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорынының басшысы Мұрат Кеңесбайұлы болса «Короновирус инфекциясының таралуы әлем халықтарының ортақ мәселесіне айналып отырғаны барлығымызға белгілі. Өткен жылы мекеме тарапынан індетпен күресте көмек болсын деген мақсатта Қармақшы, Жаңақорған аудандарына 2 рентген аппаратын табыстап, облыстық медицина орталығына кислародты станция салуға демеушілік білдірген болатынбыз. Акционерлеріміздің қолдауымен алдағы уақытта да қолдан келгенше медицина саласына демеу білдіруді жалғастыра береміз», – деді.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов жаңадан алынған құрылғылар вакцинаға тұрғындардың қолжетімділігін арттыратындығына ерекше тоқталып, тоңазытқыштар вакцинаны қажетті температурамен қамтып, шет аймақтар мен ауылдарға тасымалдауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпорын тарапынан салаға көрсетілген қолдау үшін медицина қызметкерлері мен ем алушылардың алғысын жеткізді.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: