Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі талқыланды

10.03.2020, 12:08 524

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық жұмыс тобының 2020 жылғы алғашқы отырысында 3 мәселе қаралды.

Жұмыс тобының отырысында бірінші болып Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов хабарлама жасады. Ж.Ержанов өз хабарламасында, 2019 жылы бөлім тарапынан 5968 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін, бөлімге жеке және заңды тұлғалардан 11861 өтініш түсіп, бөлімге тікелей түскен 5893 өтінішке жауап берілгендігін жеткізді.

Дегенмен, өткен жылы ҚР МҚІА Қызылорда облысы бойынша департаментіне жер қатынастары саласына қатысты 10 шағым түскен. Басым бөлігінде жер телімдерінің қабаттасуы, қала әкімдігінің қаулысының кеш шығуы, және т.б. мәселелер арыздануға себеп болған.

«2018 жылы қалалық жер қатынастары бөлімінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында 7 бұзушылық болса, 2019 жылы 107 өрескел бұзушылықтар тіркелді. Оның ішінде, 6 рет стандартта көрсетілген қызмет көрсету мерзімдері сақтамалмаса, 84 рет стандарт талабында көзделмеген артық құжаттар сұратылған, 17 рет толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсетілген.

Яғни, кейбір азаматтардан артық құжаттар сұратылса, енді бір азаматтардың құжаттары жетіспесе де қызметтерді толық көрсеткенсіздер. Бөлімнің қызметінде ашықтықты, мемлекеттік қызметтерді көрсету процесінде сапа пен қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет», – деді Ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы Нұрман Талқанбаев.

Аталған мәселені жан-жақты талқылаған Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында қалалық жер қатынастары бөлімінің есебін қайта тыңдау жөнінде шешім қабылдады.

Келесі кезекте, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов, филиалмен 2019 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Күн тәртібіне сәйкес, Департаменттің басқарма басшысы Ғалымжан Ілкібаев 2019 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына жүргізілген республикалық қоғамдық мониторинг нәтижелерімен таныстырды.

«Қоғамдық мониторинг қызмет алушылардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, қолжетімділігіне жəне рəсімдеріне қанағаттанушылық деңгейін анықтау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі проблемалық мəселелерді анықтау мақсатында жүргізілген.

Ең маңыздысы, зерттеулерге қатысқан азаматтардан алынған ұсыныстар мен ескертпелер негізінде әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін оңтайландыру және автоматтандыру бойынша қорытындылар мен ұсынымдар әзірленеді», – деді Ғ.Ілкібаев.

ҚР МҚІА Қызылорда облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: