Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің
рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек.
Абай – тума талант, данышпан, хакім, гений, қазақтың идеалы. Шығыстан да, Батыстан да көп ілім-білім жиған Абай сол білімнен адамзат биігіндегі өз ойларын қорытып шығарды. Анықтап айтқанда, Әл-Фарабидің философиялық ғылым көздері, Жүсіп Баласағұнидың мораль философиясы, Қожа Ахмет Ясауи, Бақырғани Сүлейменнің сопылық ілім негіздері, т.б. ғұламалардың еңбектері арқылы өз іліми мектебін жасақтады. Ең негізгісі, Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімі. Өз өлеңдерінде: «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз», «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – деген Абай ойлары хакімнің ғылым-білімге үлкен мағына бергенін дәлелдейді. Адамзат білім болғанда ғана жарыққа, биікке жетеді, дамиды деп түсінді. Осы ойларының мәнін аша түсу үшін қарама-қарсы мағынада надандық, білімсіздік, қараңғылықты кінәлады. Абай білімнің неғұрлым тереңін көздеді. Білімді тереңдету үшін Абай «мұлахаза» және «мұхафаза» концептуалды ұғымдарына жүгінді, терең ойға салып, ғылыми ізденістер жасады. Хәкімнің осы ізденістерінен «Толық адам» ілімі туды. Ол Конфуцийдің мораль философиясын меңгерген сияқты немесе Абай ізденіс ілімі соған алып келгендей.
«Кімде–кім осы жолмен жүруді өзіне шарт қылып, қадам басса, сол толық адам делінеді» деп, «Толық адам» бойындағы қасиеттердің ең негізгісі етіп, ізгілікті алға тартты. Бұл жерде Абай «Құтты білік» дастанындағы жәуанмәртлікті адамгершілік негіздері ретінде пайдаланып, «толық адам» концепциясына этикалық бағыт ретінде кіргізеді. Оның негізіне: ғылым, рақым, ғадәлет ерекшеліктерін алады. Осы үшеуініңбасын қосып, ізденіп толық игерген адам ғана «толық адам» қатарына қосылуы мүмкіндігін айтады хәкім.
Бізге де кейде сол Еуропа кеңесшілерінің арқасында дүниенің көрінген сырына, қоғамның заттық әлеміне басымдық беріп, мұнай-газымызды, жерасты байлығын тезірек алсақ, шетелге сатып байысақ деп жүргендер де аз емес. Ойлағанын жасап та үлгерді, байларымыз да жетеді. Ал Үкімет пен Парламент солардың шотын жауып жүрген сияқты болып көрінеді. Әйтпесе, өндірілген мұнай көлемінің 28%-ы ғана бізде, ал 72%-ы шетел компанияларының қолында екенін қалай түсіндіруге болады? Неге олар түскен барлық табысты шетелге алып кетуі керек? Біздің шенеуніктер Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін ұмытқан болар? Өкінішке қарай, егеменді 30 жыл ішінде біз Абайдың ой-өркениетін мұқият зерделегенде, баяғыда жүйені басқа арнаға салып, шетел үстемдігінде кетпес едік. Қазып жіберсек, бұл жерде кешірілмейтін қателіктер көп. Әттең, қайран Абай ерте туыпсың…
Ашығын айтқанда, біз еліктеп келген жаhандық дамудың қазіргі материалистик моделі тиімсіз екенін мойындау керек. Біз миллиардтаған адамға эндемиялық кедейшілік жағдайында өмір сүруге жағдай жасап отырмыз. Алға жылжуға жаңа жол табу керек. Сондықтан жүйелік тәсілді қарастыра отырып, мәселелердің шешімінің адекваттылығының, тұтастылығының жауабын іздеген дұрыс. Олардың ішінде, бастысы – дүниетануға гуманистік пәрмен беру, дүниенің көрінбеген сырын, рухани-ізгілік бағыттары, қадамдары мен сананы ояту идеяларын тудыру керек. Қазір ХХІ ғасырда адами ақыл-күй мен рухқа сенетін уақыт келді, әйтпесе, өте қауіпті апатқа душар болуымыз мүмкін. Мәселе, қоғамның адамгершілік тұрғыдан бүліну қаупі жөнінде болып тұр. Адамзаттың дамуын Шығысқа бұрып, оны заттық жүйеден рухани, қоғамды ізгілендіру рельсіне түсірген жағдайда, әлем тыныштанады, тұрақты дамиды.
«Осылардың бәрін қалай іске асыру керек?» дегенде, Ұлы Абайдың «Толық адам» іліміне қайта ораламыз. Сонда заңды сұрақ тууы мүмкін: «Толық адам кім өзі? Оның үлгісі біздің арамызда бар ма? Өзі кімнен өнеге-өсиет алып, кімге қарап бой мен ой түзей аламыз?», т.б. Әрине бар, түркі халқы, қазақ халқы – кемеңгер халық. Оларды осы кітаптағы тарихи ұлы тұлғалардан көруге болады. Дәл қазіргі уақытқа келсек, мен Абайдың «толық адам» үлгісі деп, кеше ғана өмірден өткен академик, заңғар тұлға Салық Зиманов пен заты неміс болса да, ділі қазақ, халық жазушысы Герольд Бельгерді, академиктер Тұрсынбек Кәкішевті, Мекемтас Мырзахметовті айтар едім. Үшеуінің де өміріне, істеген істеріне үңілсең, «елім» деп, «егемендігім» деп, тіршілігінде тек шындықты айтып шырылдап, білікті ұсыныс-идеяларды айтып та, жазып та кетті. Ал М.Мырзахметов солардың идеясын жалғастыруда. Қазақ халқын қалай ізгілендіремін деп өмірлері күреспен өтті. Олар басқаға жақпаса да халыққа жақты, елдің сүйіктісі болды. Міне, Абайдың «толық адам» аманатын орындаған деп осы тұлғаларды айтуға болар еді. Жастар осы тұлғалардың еңбектерін оқып, өнеге алса екен.
Меніңше, адам толық адам болғанда ғана қоғамға шын пайдасын тигізеді. Адам өз мақсатына адал болғанда ғана ақыл-ойы ештеңеге тәуелді һәм қолы байлаулы болмайды. Тек тәуелсіз ой ғана кемел істерге бастайды. Толық адамға биліктің де, байлықтың да керегі жоқ. Дүниенің қызықтарын, нәпсіні, басқаны ұмытып, тек еліне, халқына қызмет етуді ойлайды, ел игілігі жолында барын салады. Оның бойы рухани тазарған кезде алтыншы сезімі ашылуы мүмкін, сол кезде өзі ойламаған мүмкіндіктерге қол жеткізуі неғайбыл.
Абайдың «толық адам» ілімін шығыстық рухани даму жүйесімен ұштастырып, осыларды дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен жүйелі түрде синтез жасап, жандандыруға болады деп ойлаймын. Ол үшін бізге материя мен сананы, рухты бір жүйе ретінде қарастыратын жаңа идеялар керек, бұл біздің батыстық жүйеден басымды айырмашылығымыз болмақ. Ол деген: ұлы Жібек жолын жандандыру, Түркістанды қайта жаңғырту, рухты ояту, үлкен экономикалық белдер жасау, рухани, логистикалық жобалар ұсыну, т.б.
Ең маңыздысы – адам, оның ішкі әлемі, әр отбасы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық дәстүрді жаңғырту. Себебі, жаңа постиндустриалды өркениетте бірінші кезекке адам факторы мен рухани сана қойылуы керек. Бұл дегеніміз – Абайға жүгіну. Осы орайда, бір ұсыныс айтқым келеді. Біздің мемлекетімізде ғалымдардың қатысуымен «Хакім Абайдың толық адам ілімінің жол картасын» жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Осыны игерген адам барлық қызметке алыну керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, цивилизацияға жаңаша бет бұрамыз. Абай армандаған заман енді туады. Әлі көп кешікпей дүниежүзі Абайды Конфуций мен Нострадамустай оқитын болады. Абайдың феноменін сонда ғана адамзат түсінетін болады. Басқалар түсінгенше Абайды өзіміз бойымызға сіңдірейік.
Себебі, ХХІ ғасырда цивилизациялық даму соған алып бара жатыр. Жаһандану процесі рухани салаға мейлінше күштірек ене бастады. Адамның рухани санасына, әлемдік психологияның өзгеруіне батыл өзгерістер жасалынуы қажет. Бұл халықаралық қатынастарда құқықтың сақталуына, келісім мен бейбітшілікке алып келеді. Оған өту – бұрынғы идеологиялық постулаттарды қайта қарастырудан басталады. Мысалы, экономика жағынан алып қарайтын болсақ, оны абстрактілі тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыруға емес, нақты адамның тұтынымына бағыттау кeрек. Мысалы, жаңа ұсыныс ретінде «әр адамға әлеуметтік-экономикалық нормативтерді енгізу жолымен ғана адам капиталы саласында кедейшіліксіз өмірді қамтамасыз етуге болады».
Абайды оқу, тану, ойларының тереңіне үңілу, маржанын теру ойшылдың ой өркениетіне мойын бұру болып табылады. Сонда ғана рухани биіктікке қолымыз жетпек, сонда ғана жаңа өркениет есігінен «толық адам» болып аттай аламыз. Қазақтың тербеліп өсер бесігі – шетел насихатшылары емес, ол ұлы Абайдың шығармалары, қара сөздері, шығыс философиясы. Ұлы Абай – Шығыс даласында рухани революция жасаған әлемдік тұлға. Ойшыл хакімді өзінің осы лайықты биігіне көтеру – біздің парызымыз. Абай ілімі бізге математиканың көбейту кестесін білу сияқты, бір қалып «стандарт» болып қалса, қоғамның алға жылжуына үлкен әсері болары сөзсіз. Әр жеке адам: «Мен ішкі жан дүниемнің жұмағына қалай кірем? Осы өмірде кіре алам ба?» деген суалды өз-өзіне қойып, соны Абай ілімі арқылы шешуге тырысуы керек. Ұлы Абайдың «толық адам ілімін» игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етеді.
Келешекке көз салсақ, әлемнің постиндустриалды даму кезеңінде қоғамды ізгілендіру заманының моральдық кодексін жасақтағанда, басқа әлемдік генийлермен бірге, Ұлы Абайдың ой өркениеті, оның «Толық адам» ілімі, асыл сөздері сол Моральдық кодекстің фундаменттерінің бірі болып қаланатынына негіз мол және де олар – күллі адамзат ұстанатын мұраттар… Осыған дайындық ретінде Қазақстанда, Ұлы Жібек жолында «Абай атындағы рухани академия» ашып, сол академияда Абайдың мұрасын, Шығыс философиясын зерттейтін, Еуразия кеңістігіне ғылыми кадрлар дайындайтын орталықтар қызмет етсе, өркениеттің дамуына үлкен септігін тигізер еді.
Кемеліне келген толық адам өзінің біліктілігі сонша жоғары болғандықтан ол адамзат алдына, жалпы әлемге бағалы, өте құнды рухани дүниелер, жаңалықтар алып келеді, жаңа өркениетке жол ашады. Генийлер де осылардан шығады.
Оразалы СӘБДЕН,
академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!