Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазантаевтың қарымы: облыс әкімінің алғашқы тапсырмасы қандай?

09.04.2021, 14:30 603

«Әкімсіз елде тұрма» дейді қазақ. Тура бір апта бойы қаланың бас креслосы бос тұрды. Облыс орталығын 8 жыл басқарған Нұрлыбек Нәлібаев кеткен соң, қалаға әкім болып кім келетіні барлығын алаңдатқаны анық. Әркімді әкеліп отырғызып қойғандар да көп болды. Нәтижесінде, араға апта салып, қала әкімі болып Ғанибек Қазантаев тағайындалды. Саясатта азды-көпті тәжірибесі бар әкім бүгінде алпысты алқымдаған. Шаһардың жаңа басшысын таныстыру қалалық әкімдіктің мәслихат ғимаратында өтті. Жиынға облыс әкімі мен сала басшылары және қоғам қайраткерлері қатысты. Жаңа әкім бұдан 8 жыл бұрын Сырдария ауданына әкім болып тағайындалған. Басшылық қасиеттерімен де сол кезден бастап танысқан болатынбыз. Айтпақшы, сол уақытта «Халық» газетінің тілшілері аудан әкімін арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан да еді. Әкім де «ағынан жарылып», бар шындығын айтты. Осы тұрғыда, «қала әкімі 3 жыл бұрынғы сұхбатында не деді, Қазантаевты Қызылорда қалай қабылдады және облыс басшысының жаңа әкімге берген алғашқы тапсырмасы қандай» деген сұрақтарға жауап береміз.

– Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің және Қызылорда қалалық мәслихатының келісімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Ғанибек Қонысбекұлын тағайындадық. Ол – Сыр топырағының тумасы. Туған жерде білім алып, осы жердің игілігі үшін де бірнеше жыл қызмет атқарған. Сондай-ақ, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық ахуалымен жақсы таныс. Жергілікті атқарушы органдарда жинаған мол тәжірибесі бар. Өз ісін жоғарғы деңгейде атқарып келе жатқан белгілі азамат. Елбасы мен мемлекет басшысының саясатын  жүргізіп, Үкімет пен облыс әкімдігінің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласының сәулетті келбетімен қатар инвестициялық тартымдылығын арттырып, қаланың одан әрі дамуына бар күшін салатынына сенімдімін. Жаңа қызметіңізбен құттықтаймын! Қазіргі қиын кезеңді бастан кешудеміз. Инвестиция мәселесіне көп көңіл бөлуіңіз керек. Мол тәжірибеңіздің арқасында бұл жұмысты бір жолға қояды деп сенемін, – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Иә, жер астындағы қара алтынның азайғанына байланысты сырттан инвестиция тартып, өндіріс һәм туризмді дамытуды басты назарда ұстау қажет-ақ. Сондай-ақ, облыс басшысы қала әкімдігінде жас болса да тәжірибесі мол қызметкерлердің көп екенін айтып, алдағы уақыттағы жұмысына көп көмектесетінін түртіп өтті. Бізде «кадрларымен қоса келетін» басшылар көп. Бір қуантатыны, жаңа әкім олардың қатарына жатпайтын көрінеді. Дәлірек айтсақ, 3 жыл бұрын бізге берген сұхбатында бұл қасиетті құптамайтынын жеткізген. Әкімнің айтқанын сөзбе-сөз жеткізсек…

«Әрине. Көпшілік «біраз жыл қызметтес болғандар «ағайын» болып кетеді» деп ойлайды. Олай емес. Қай қызметте болсаң да, алдымен «тазалық» қажет. Қолдың, ардың тазалығы. Мен өзіммен бірге сырттан кадр әкелген емеспін. Орынбасарларымның барлығы – жергілікті жердің азаматтары. Кез келген мәселеде ақылдасып, ойласып, шешім қабылдаймыз. Әріптестеріме «дұрыс емес тұсын айтыңыздар» деп ұдайы айтып отырамын». Міне, жаңа әкімнің кадрлар мәселесіндегі көзқарасы – осындай. Сонымен қатар, әкім сол сұхбатта сын мен мінді де қабылдауға әрдайым дайын екенін айтып өткен еді.

– Бүгін Қызылорда қаласының тұрғындары үшін тарихи сәт. Өйткені, жақында ғана қаламызды 8 жыл басқарған Нұрлыбек Машбекұлын шығарып салсақ, бүгін қала басшысы етіп, үлкен әулеттен тәрбие алған Ғанибек Қонысбекұлын тағайындап отырмыз. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Қаланың тыныс-тіршілігін басқару оңай емес. Нұрлыбек Машбекұлымен көп жыл қызметтес болдық. Осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыратыңызға сенемін. Бұл қызметке тәжірибесі мол азамат келгеніне қуаныштымын. Ардагерлер қолдау көрсететін болады, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев.

Шараға жиналған қоғам қайраткерлері жаңа әкімді бір ауыздан қолдап отырды. Әкім де өзіне артылған жауапкершілікті толықтай сезінетінін жеткізді. Таныстыру кезінде мінберге шыққан Қазантаев көп сөйлемеді. Сөзін қысқа қайырып, іспен дәлелдейтінін айтып кетті. Жалпы, Ғанибек Қазантаев бірнеше жыл бойы мұнай саласында қызмет еткен, 20 жылдай түрлі компанияда қолтаңбасы қалған. 1992 жылдан 2013 жылға дейін «Нефтегаз строй Кызылорда» корпорациясының президенті, «АйДан» ЖШС атқарушы директоры, «Ақмешіт» АҚ президенті, «Сырдария мұнай» АҚ бас директоры, «Транснефтьсервис» ЖШС бас директоры, Kazpetrol Group ЖШС атқарушы директоры болған.

Мемлекеттік қызметке тек 2013 жылы келген. Сол жылы 30 маусымда Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалып, бұл қызметте алты жыл жұмыс істеген. 2019 жылдың қазанында Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының Оңтүстік өңіраралық басқарма басшысы қызметіне келген.

– Жауапкершілігі мол жұмысқа мені ұсынып, маған сенгендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта сенімдеріңізді ақтауға жұмыс істейтін боламын. Өздеріңізбен бірге жұмысты жалғастырып, өз деңгейінде алып шығуға тырысамын. Ел алдында, халық алдында адал жұмыс істеуге дайынмын, – деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.

Жаңа әкім – Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстан Жоғарғы кеңестерінің депутаты болған, бірнеше ауданды басқарған Қонысбек Қазантаевтың баласы. Қала әкімінің ісін бағамдауға әлі ерте екенін түсінеміз. Тағайындалуы вирустың қайта өршуіне дөп келген әкімнің алдағы уақытта жұмысы ауыр болатыны да түсінікті. Десе де, өмірлік тәжірибесі мен көп жылдар бойы жасақталған сапалы кадрлық құрамның арқасында бұл қиындықты оңай еңсереміз деп сенеміз. Әліптің артын бағайық…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: