«Арал ауданынан «Қамышорда» ЖШС арқылы Германия, Голландия мемлекеттеріне 594 тонна қамыс және Өзбекстан Республикасына «КZ-MBK» ЖШС арқылы 136 тонна I сұрыпты «Аралым ұны» экспортталды» дейді біздегі мәлімет.
Мұны білгенде ауыл маңындағы көлдің бетін, арық-атыз, каналдың ішін жауып, шашағы үкінің қауырсынынша желбіреп, желмен тербелген ну қамыс көз алдымнан көлбең ете түсті. Жайшылықта мән бере бермейтін қамысты әлемдегі іргелі мемлекеттер сатып алса, бөтен болмағаны да. Қолда барды қадірлей білгенге не жетсін?!
Арал ауданы – ауыл шаруашылығына, оның ішінде төрт түлік өсіруге бейімделген өңір. Десе де, теңіз төскейінде егін егу де мүлде ұмыт қалмапты. Мәселен, өткен жылы аудан бойынша 193,0 гектар жерге егін егілсе, оның 98 гектары көне жоңышқа, 2 гектары картоп, 80 гектары бақша, 13 гектары көкөніс екен. Көзі қарақтыларға су жүретін жолдардың таза болуы қаншалықты маңызды екені жақсы мәлім. Бұл тұрғыда қолға алынған жұмыстар да бөтен емес тәрізді. Облыстық бюджеттен Бекбауыл ауылдық округіндегі «Кеңесарық» каналын 85,2 млн теңгеге тазалау, су тоспасын салу және Райым ауылдық округіндегі «Жүсіпәлі иіні» учаскесіндегі оң жағалау қорғаныс бөгеті 33,7 млн теңгеге қайта қалпына келтіріліп, таспен қалау жұмыстары жүргізілген. Оған қоса, республикалық бюджеттен 100,5 млн теңге бөлініп (құрылыс жұмысының көлемі –4,7 млрд теңге), «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Айдынды теңізді Арал жұртшылығына берген Тәңірдің сыйы десек, әсірелеу болмас. Бір сәт, қабырғалы қауымның балық кәсіпшілігіндегі тыныс-тіршілігіне назар аударсақ.
– Ауданда 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Қосжар елді мекенінде орналасқан «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы жылына 14,8 млн дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар Кіші Арал теңізіне және көлдер жүйесіне жіберіліп, өсірілуде.
«Жамбыл» өндірістік кооперативі Аманөткел ауылдық округіндегі «Ақшатау-Сорғақ» тауарлы көліне майда шабақтар жіберіп, күтіп-баптау жұмыстарын кеңейту мақсатында 21 млн теңгеге «Ғаламдық экологиялық қоры» арқылы инкубациялық балық өсіру цехының жобасын іске қосып, 10 млн дана майда шабақ өсіріп, аудандағы табиғат пайдаланушыларға беруде. Ақбасты елді мекенінде екі бірдей балық цехы іске қосылды. Оның бірі ауланған балық қорын 100 тоннаға дейін сақтаса, екінші цех күніне 40-қа жуық балық консервісін шығаруда.
2020 жылдың 1 желтоқсанына ауланған балық 6 214 тонна болса, өңделген балық 5 388 тоннаны құрады. Таратып айтсақ, 2159 тоннасы Ресей, Қытай, Германия, Польша, Грузия мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалу мақсатында Аралды құтқару қоры арқылы «Көкарал» су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды, – дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.
Соңғы жылдары теңіз төскейінде ауызсу мен газ атауы егіз ұғымдай қатар аталып жүр. Мұның өзі түйсінгенге біраз жайттың басын ашқандай.
Білгеніміз, Арал ауданындағы 49 елді мекеннің 38-і, яғни 78 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Өткен жылы Шөміш, Қарашалаң елді мекендері мен Арал қаласындағы 1 мөлтек ауданы ауызсу жүйесіне қосылса, биыл Қосаман, Ақбасты, Тоқабай, Абай, Көктем, Аққұлақ елді мекендерін қосу жоспарлануда.
«2017 жылдан бастап 1,2 млрд теңгеге Қосаман елді мекенінде орналасқан Арал – Сарыбұлақ топтық су құбырының бас тоған ұңғымаларына күрделі жөндеу және 2020 жылдан бастап 355 млн теңгеге Бөген – Қарашалаң қосу тармағына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Газдандыру жұмыстары барысында Жақсықылыш кентіне 57,7 шақырым газ құбыры, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункттері орнатылып, облыс әкімі Гүлшара Наушақызының қатысуымен телекөпір арқылы пайдалануға берілді. Жалпы Жақсықылыш кентіндегі 855 жеке тұрғын үй, 23 кәсіпкерлік және 4 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» кезең-кезеңімен қосылуда. Арал қаласындағы көшелерге газ құбыры жүйелерін жеткізу жұмыстарына 19,1 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде 50 жеке тұрғын үй газ жүйесіне қосылып, 2 шақырым газ құбыры жаңадан салынды» дейді қолдағы деректе.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!