Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан бұл соғысқа араласуы мүмкін бе?

06.04.2021, 10:15 769

HALYQLINE.KZ

Әлемнің назары қазір Украинада. Сарапшылары талқылап жатыр, БАҚ-тары жарыса жазуда, ал телеарналары түрлі видеоларды көрсетуде. Ресейдің Батыс шекараға әскери техникалары мен қару-жарағын жеткізіп жатқанын, ал Украинаның шығысына эшелон-эшелон қару-жарақ жіберіп жатқанын түрлі арналар көрсетіп, қызу талқы жасауда. Тек біздің медиа ғана бұл тақырыпта мылқау. Неге ондай позиция ұстанып отыр, ол жағы маған белгісіз.

Жалпы, Еуропа саясаттану тілімен айтқанда қашанда хартленд болып келді. Бірінші дүниежүзілік соғыста қанды ұрыстар көбіне Батыс Еуропада өрбісе, екінші дүниежүзілік соғыста Шығыс Еуропада кескілескен шайқастар болды. Қазір де осы шығыс Еуропа қақтығыс ошағы болып отыр. Агрессор Ресей, жапа шеккен Украина және оны қолдаушы Еуропа. Ресей 2014 жылы өзімен жасасқан кез келген құжатты, келісімді орындамайтынын, өркениетті әлемнің заңдылықтарын ұстанбайтынын анық көрсетті. Қырымды тартып алды, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдап, бейбіт елді қан сасытты. Онысын «орыс әлемін қорғау» және «БҰҰ принципі бойынша халықтардың өзін-өзі анықтауына үлес қосу» деп атады. Ал шын атауы агрессия, жаулаушылық болатын.

Қазір Украина шығысындағы қарулы қақтығыс қайта күшеюде. Бұл жолғы шайқас (егер болса), онда 2014 жылғыдан басқаша болады деп ойлаймын. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, Украина әскері соңғы жеті жылда соғысып, айтарлықтай тәжірибе жинақтады. 2014 жылғыдай каскасы көзіне түсіп, жүрегі дүрсілдей жүгіріп жүрген жауынгерлер аз. Былайша айтқанда обученные. Бұл – маңызды фактор.

Екіншіден, Украина әскерінде жаңа қару түрлері пайда болды. Ол әсіресе Джавелиндер, соққы жасаушы дрондар, НАТО-лық стандарттарға сай пулеметтар мен снайперлік қару түрлері.

Үшіншіден, Украина әскерін НАТО инструкторлары соңғы бес жылда дайындап жатыр. Күні-түні. Мысалы 20 мың арнайы жасақты қалалық ұрысқа сақадай сай етіп қойыпты. Одан бөлек мина орналастыру, мергендерді дайындау, дронмен жұмыс істеу, барлау жасау, диверсия ұйымдастыру бойынша түрлі жаттығулардан өткізген.

Қысқасы, Украина әскері 2014 жылы жіберген біраз қателікті ескеретін шығар. Енді Ресейдің де тактикасы белгілі. Олар ресми бұл соғысқа қатысымыз жоқ дейді. Сондықтан сепаратистерге қаруды «гуманитарлық көмек» деген желеумен бүркемелеп беріп келді. Қазір де сөйтіп жатыр. Олар барынша сепаратистерге қару-жарақ табыстайды. Әскерилерін арнайы айырым белгісі жоқ етіп, кіргізуі де мүмкін. Ал негізінен ЧВК Вагнер өкілдері шайқасатын шығар.

Соғыс өзара соққы алмасумен басталуы мүмкін. Егер болса әрине. Екі жақ зеңбірекпен оқ жаудырады. Сепаратистер 2014-2015-тегідей танк пен БТР-ларды бытырлатып алға тастай бермейді. Джавелин өртеп жіберуінен қорқады. Жалпы, Қарабақтағыдай қиян-кескі шайқас болады деп ойламаймын. Жердің ландшафты да басқа дегендей.

АҚШ пен НАТО әрине әскерін кіргізіп, соғыспайды. Көмекті қару мен қаржы түрінде береді. Ал алдыңғы шепте әрине украин жігіттері өздері соғысады. Бұл түсінікті де. Біріншіден, Украина НАТО мүшесі емес. Егер соғыс Балтық елдерінде болса, онда НАТО тұтастай соғысатын еді. Екіншіден, Детройтта туған жігіт Донецк үшін, Лондонда туған жігіт Луганск үшін жанып салып соғыспайды. Сол себепті де алдыңғы шепте Джон емес Богдан, окопта Майкл емес Михаил болады. Егер Ресей соғысқа ашық араласса, онда НАТО да ашық араласады. Сондықтан Мәскеу ашық кетпейді, Брюссель де ашық соғысқа бас сұқпайды.

«Қазақстан бұл соғысқа араласуы мүмкін бе?» деген сұрақтар туындап жатыр. Менің ойымша жоқ. Біріншіден, біз Қырымды Ресейдікі деп мойындаған емеспіз. Қырым біз үшін қашанда Украинаның жері болып қалады (қалуы тиіс). Екіншіден, ҰҚШҰ (ОДКБ) бойынша бір әскери ұйымда болсақ та, ұйым шартына сәйкес ұйымға мүше елдерге агрессия жасалса ғана әскери көмек беруге болады. Ал бұл жағдайда Украина зардап шегуші, ал Ресей агрессор. Сондықтан Қазақстан ең дұрыс позицияны ұстанады деп ойлаймын: ол ұрыс қимылдарына алаңдаушылық білдіріп, екі тарапты келісімге шақыру.

P.S. Кеше Донбасста бір бала қаза тауыпты-мыс. Оны Ресей каналдары «Украина дроны тастаған жарқыншақтан көз жұмды» деп көрсетіп жатыр. (Ондай оқиға болды ма, жоқ па ол анықталған емес) Сөйтіп халқының миында Украинаның «фашистік образын» қолдап жасап жатыр. Яғни басып кіру үшін алдымен халқын соған сендіруі керек қой. Осылайша соғысқа Украинаны кінәлі етіп көрсетпек сынды. Ішкі аудиториясына бағытталған дүние ғой. Ресей каналдарын көретін біздің азаматтар да расымен солай деп ой түйетін шығар.

Келіспеуге құқылысыз. Субъективті ой ғой.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: