Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚБӨКЕНДІ ЖАЛМАҒАН ЖҰТ немесе қазақтың сордан арылатын күні туа ма?

05.04.2021, 11:40 1362

HALYQLINE.KZ

Арқадағы ақбөкендерге жұт келді! Байқоңырдан зымыран ұшқанда Арқаның ауа райы күрт өзгеріп, қыстың өзінде жаңбыр жауатынын көзімізбен көріп жүрміз. Наурызда жауған қар аралас жаңбырдан, күннің бір жылынып, бір суығанынан қатқан көк мұздан түз тағылары тағы жайрады. Аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер азық іздеп, ауыл-ауылға дейін кіріп кеткен. Қорғалжын-Теңіз алабының жұрты киік түгілі, жылқылардың да құлын тастап, көтерем болып құлап жатқанына дабыл қағуда. Сайын далада қырылған киіктердің өлексесі шашылып жатыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Аян Мейраш берген ресми ақпарат бойынша, бір ғана Ақмола облысының аумағында жыл басынан бері 207 ақбөкеннің жансыз денесі табылған. Соның ішінде, 139 аталық пен 68 аналық киіктің өлімі Астрахань, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград аудандарының аумағында тіркелген. Әлеуметтік желідегі парақшама берілген ресми жауапта құзырлы мекеме өкілі техникамен қарды аршып, киіктерге шөп шашылғанын жазыпты. Түз тағылары ол шөпті жемейді екен. Меніңше, қырылған киіктердің саны одан да көп.

Бізде мұндай апатты жағдайда киіктерді қорғайтын жүйе жоқ. 2013 жылы Қызылорда, 2018 жылы Батыс Қазақстан облысында да қыстыкүні жұт болып, қаншама киік қырылды. Бұған дейін «Қазақстанда киіктерді қорғау туралы бөлек заң қабылдау қажет» деп дабыл қақтық. Парламент депутаттары бұл мәселеде бізді қолдап, Үкімет басшысы А.Маминге сауал жолдады. Бірақ… Премьер-Министр депутаттарға берген жауабында: «Ешқандай бөлек заң да, ұлттық парк те керек емес» депті. Бұлай қол қусырып отыра берсек, киелі жануарлардан мүлдем айырыламыз. Ұлттық парк ашу туралы идея осы мақсатта айтылған. Жемқорлардың «асқазанындағы» миллиардтардың бір бөлігін осы мақсатқа жұмсасақ, Алланың алдында өте бір сауапты іс жасаған болар едік.

Жазықсыз жануарлар адам баласынан жәрдем тілеп, жанұшырып жүр. Бірақ… бұл зобалаң да адамның қолымен жасалғанын білмейді-ау. 1993 жылы да осындай жағдай болып, арып-ашыған ақбөкендер адамнан үрікпей, мал қораға тығылған. Бәріне күн райы кінәлі дейміз-ау! Бұрын-соңды қыстыкүні жаңбыр жаумайтын еді. Қазір Байқоңырдан зымыран ұшса, ақпан айында да жаңбыр құйып тұрады. Ресей Үкіметі малдың, жан-жануарлардың жүдеген кезін күткендей, сол кезде ұшырады. Биылғы жұт – осының дәлелі.

Байқоңыр қазаққа сор болып тұр, қайтейік! Кеше ғана депутат Арман Қожахметов Мәжілістің мінберінен мынадай батыл мәлімдеме жасады: «Байқоңырдан ұшырылған алғашқы ғарыш кемесінен бастап (1959 жылдан бері) Қазақстан жеріне және Алтай өлкесіне 600-ден астам зымыранның қалдықтары құлаған. Уыты аса жоғары «қоқыстың» салмағы – 3 мың тоннадан асады! Байқоңырдан ұзақ уақыт бойы «Протон», «Циклон», «Днепр», «Циклон-М» зымырандары ұшырылып келді. Олардың қозғалтқышына сұйықтық ретінде демитилгидразин мен гептил қолданылды. Гептилдің қауіптілігі сол, бір литр суға микрограмы араласса, адам өліміне әкеледі. Мәжіліске Жезқазған өңірі тұрғындарынан Байқоңырға қатысты хаттар келуде. Халық әсіресе космодромның қоршаған ортаға жағымсыз әсері салдарынан аймақта жүйке жүйесі мен ісік ауруларының көбейіп кеткеніне қатты алаңдауда».

Сөз түйіні: Байқоңыр бізге сор болды! Сорымыз емей немене, Ресейдің құлаған бір зымыраны топырақты 20-30 жылға зақымдап, күйдіріп жібереді екен. Бұл – нағыз экономикалық диверсия! Демек, Байқоңырды жабуды халық болып талап етуіміз керек! Айтпақшы, осы Қазақстанға Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келе жатыр. Біздің Сыртқы істер министріміз Мұхтар Тілеуберді Байқоңыр мәселесін көтеріп, зымыранның кесірінен сайын далада жазықсыз жануарлардың қырылып, адамдардың ауруға шалдығып жатқанын айта ала ма екен?!. Әй, қайдам! Бұл мәселеге тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласуы керек. Абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай айтқандай, «ақбөкен байғұстың тағдыры қазақтың өз тағдыры сияқты»… Жазықсыз жануарларды жұттан аман алып қалу үшін тезірек қарекет қылайық, ағайын!

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: