Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шағандық шаруалар неге шырылдады?

17.03.2021, 11:50 604

HALYQLINE.KZ

Облысымызда аграрлық өнеркәсіпті дамыту жоспарланып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салада өндірілген өнім көлемінің өсуі 2,0%-ды құраған. Егіншілік саласы да, мал шаруашылығы да табысты нәтижелерге қол жеткізген. Алдағы уақытта балық шаруашылығын дамыту жоспарда бар екен. Сонымен қатар, егіншілікті бір ретке ыңғайластырып, су тапшылығын болдырмай, барынша мол табыс алу көзделуде. Дегенмен, өңірімізде жер дауы тоқтамай тұр. Шаруалар өзара қырқысып, бір шешімге келе алар емес. Алайда бұл егін шаруашылығына өз кесірін тигізбейді екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Өткен жылы облыс аумағынан 551 мың тоннадан астам күріш жиналса, мал шаруашылығы да жақсы көрсеткіштерге жетіп, ет өндірісі 2,8%-ға, сүт өндірісі 2,4%-ға артқан. Одан бөлек, аймақта балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін балық экспортын 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттыру көзделуде. Нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

– Облыста 16 шарбақтық балық өсіру шаруашылығы, тауарлы балық өсіретін 12 тоған құрылып, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы іске қосылатын болса, көл-тауарлы су айдындарының саны 55-ке жеткізіледі. Өңірлік бағдарламаны іске асыру үшін жалпы көлемі 28,9 млрд теңге қаржы есептелді. Осыған байланысты балық шаруашылығын қолдау мақсатында, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылды. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық жағдайын және балық шаруашылығын одан әрі дамытуға оң әсерін тигізетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов.

Айта кетейік, облыс аумағында Сырдария өзені мен Кіші Арал теңізі және 207 көл бар. Оның ішінде, 95-і тауарлы балық өсіру шаруашылығына бағытталған. Сонымен қатар, мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру жоспарда бар. Бүгінде өңіріміздің өнімдері 18 мемлекетке тарайды.

Облыс аумағында соңғы жылдары шаруалар шуы көбейіп кетті. Шаруалардың өзара қырқысуының кесірінен өнім жоспардағынан аз шығып, «егіншіліктен сүрініп қаламыз ба?» деген уайым бар. Осы тұрғыда, облыс әкімінің орынбасары Шаған ауылы шаруаларының арасындағы текетірес жайлы да айтып өтті. Естеріңізде болса, өткен аптада Шаған ауылының шаруалары жиналып, облыс әкімдігіне келіп, наразылығын білдірген еді. Ауыл екіге бөлініп, бірі шаруа қожалығынан шығып, өздерінің иелігін алғысы келсе, енді бірі бөлінгісі келмей шаруа қожалығын сақтап қалғысы келеді екен. Сол себепті егін егу жұмыстары қазір тоқтап тұр деген де ақпарат шыққан еді. Алайда облыс әкімінің орынбасары бұл сөзді жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазір екі тараптың мәселесі заң шеңберінде шешілу үстінде. Ал егін өз уақытымен егіліп жатыр.

– Әкімдікке соңғы келіп, жағдайдың шешілуін сұраған шаруалар – бөлінгісі келмейтіндері. Ал бөлінгісі келетіндер оның алдында келіп, арызданып кеткен. Шаруақожалықтың 90%-ы 6 адамның қолында болған. Сол алты адамның жақтаушылары, барлығы 800-ге тарта шаруа бөлінгісі келеді. Ал қалған бөлігі оған қарсы. Жақында осы мәселе бойынша сот шешімі шықты. Әлгі 90%-ды иемденген 6 адамның құқығын жойды. Яғни, қалған шаруалардың барлығы 100%-ды өзара теңдей бөлісіп алады. Соның ішінен 800 адам бөлінгісі келген. Заң бойынша бұл мәселе өздерінің жалпы жиналысында шешіледі. Бұған әкім де, басқасы да қатыса алмайды. Дегенмен, қазіргі таңда егін жұмыстары басталып кеткен. Сол себепті де жерді бөліп, алып кету заңға қайшы. Тек егін аяқталған кезде ғана бөлісу жұмыстары жүреді, – деді облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов.

Егін егілу жұмыстары басталғаннан соң, жерді бөлу мүмкін емес. Ол процесс тек егіннің өнімі алынып болған соң, күзде ғана жүруі мүмкін екен. Дәл сол уақытта егін өнімін де өзара бөлісіп алады. Ендігі мәселе өнімді бөлу кезінде тағы да шу шығуы мүмкін. Егер ол кезде де шаруалар өзара келісімге келмесе, сот өнімді мәжбүрлі түрде бөліп береді. Яғни, әркім жер бөлінісіне қарай өнімін алады. Алайда әкімдік шаруақожалықтың бөлінгенін қаламайтынын айтты. Барынша шаруаларды келістіріп, бөлінбеуіне жұмыс істейтін боламыз деп уәде етті.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: