Жер-жаһанды жұдырығында ұстап отырған COVID-19 індетінен келетін қауіп әлі де азайған жоқ. Алайда әлемде вирустан сақтануға көмектесетін бірнеше вакциналар ойлап табылды. Қазіргі таңда олар өзінің тиімділігін көрсетіп, екпеге деген сенім артып келеді. Десе де біздегі жайт әлемдік ахуалдан өзгеше. Дәруменнің дәрменіне сенбейтіндер көп. Осы тұғыда, ЗК-169/1 қызметкерлері көпке үлгі көрсетіп, алғашқылардың бірі болып, вакцина салдырды.
ЗК-169/1 республикалық мемлекеттік мекемесінің жеке құрам қызметкерлері тергеу изоляторы қамауындағы күдіктілер және айыпталушы азаматтармен тікелей жұмыс істейді. Күнделікті жұмысқа сырттан келіп, еңбек етіп жүргендіктен, арнайы контигент арасында жұқпалы індетті жұқтырмау мақсатында, мекеме аумағына кірер алдында дене қызулары өлшеніп, қолдарын залалсыздандырып, арнайы бетпердемен кіруі қатаң қадағаланып отырылады. Алайда аурудан толықтай сақтану үшін вакцина салдырудың маңызы зор.
Бұған дейін жеке құрам арасынан алғаш мекеменің кадр саясат тобының аға инспекторы, әділет майоры Айдос Әлназаров вакциналанған болатын. Көш бастаған желтоқсанның төл перзенті, жас болса да бас болып, ұжымдағыларға үлгі көрсетіп, жаппай егу шарасына қатысуға жол салды. Екі күн ішінде денсаулығына байланысты еш шағым айтпаған әріптесін көрген қызметкерлер бүгінде жаппай егу шарасына жұмылдырылды. Оның үстіне, қоғамда белең алған күдікті ойлардың теріс екеніне көзі жеткен мекеме қызметкерлері қаламыздағы 1-емханаға барып, екпе салдырып қайтты. Бір топ ер-азаматтарды бастап барған мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Олжабаев Қайрат Байдүйсенұлының айтуы бойынша, алдымен медицина қызметкерлері екпенің егу әдістері мен екпе салынғаннан кейінгі күтім мен сақтық шаралары жайлы айтып түсіндірген.
Қазіргі таңда мекеменің 20 қызметкері «Спутник V» вакцинасын салдырды. Тепсе темір үзетін жеке құрам жігіттерінің қазіргі уақыттағы денсаулық жағдайлары бірқалыпты. Өздерін жайлы сезінгендіктен, жұмыс орнына қайта оралып, қызметтік міндеттеріне кірісіп кетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!