HALYQLINE.KZ Құнанбай Омбыға айдалғанда жолдас болған бір адам, кейінгі кезде Сібірге айдалып, күні біткен соң қайтып арып-шаршап Семейге жетеді. Қайыршы қалпында еліне баруға арланады және Құнанбай есіне түсіп, Құнанбай ауылын сұрастырып қалашыларға ілесіп, Құнанбай ауылына тартады. Бірде жаяу, бірде қалашылардың көліктеріне мініп, Семейден жүз шақырым жердегі бір ауылға келіп бір үйге шамасы бітіп зорға жетеді. Ол үй иесінен Құнанбай ауылына жетуге көлік сұрайды.
Үй иесі: «Құнанбай ауылы анау тұр», – деп қораны көрсетіп, бір бас білетін өгізін беріп: «есік алдына барған соң бас жібін түріп қоя бер ауылға өгіздің өзі келеді», – дейді. Әлгі жолаушы Құнанбай ауылына келіп үйге сәлем беріп кіреді. Үйде көп адамдар отырады. Бұл есік жақта отырып қалады. Аз уақыттан кейін Құнанбай әлгі жолаушыға қарап баяғы досы екенін танып, оған қарай орнынан тұрып бара жатып былай дейді:
Жаңылмас, қате баспас хан бола ма?
Тапжылмас, табан таймас жан бола ма?
Бәйгеге күнде қоссаң алдын бермес,
Тұлпарда арықтаса сән бола ма?
Кер заман кез келсе адам жаңылмай ма?
Кемеңгер келелі істе танылмай ма?
Айнымас таза жүрек, сенімді дос,
Тарығып, талған кезде табылмай ма?
Шықпайды жан, кесімді қаза келмей,
Асыл ерлер өтті ме наза көрмей?
Елі үшін еңбек етіп азап тартқан,
Мақшарда бейіске енер, жаза көрмей! –
деп, досын құшақтап амандасып, қасына отырғызыпты.
Бірнеше күн сыйлап, қонақ қылып, жақсылап киім кигізіп, ат мінгізіп еліне қайтарыпты. Құнанбайдың бұл жолдасы руы – Керей, Бейсеке деген адам екен. Ол Құнанбай қайтыс болғанша соғымын, керек-жарағын алып тұрған.
Жалпы, Құнанбай Өскенбайұлының кезінде шығарған өлеңдері мен қанатты сөздері аз болмаған. Мысалы, «Көптен ажал да жасқанар, адалдан арам да жасқанар», «Елге еңбек етсең, бермесін аласың, қиянат етсең, тамұққажанасың», «Арсыздық малға байланысты, адамдық арға байланысты» дегендері бар. «Көптің күшіне сен, басшының ісіне сен», «Жанымнан малым садаға, арымнан жаным садаға» деген сияқты нақыл сөздері ел аузында сақталған.
Ахат Шәкәрімұлының «Құнанбай туралы» естелігінен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!