Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел

25.02.2021, 10:30 954

Жуырда карантин талаптары сақтала оты­рып,  Қазалы ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алқа мәжілісі өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, қала, кент, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб директорлары, қызметкерлері, алқа мәжілісінің мүшелері қатысты.

Алқа мәжілісінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жол­таев   алдағы    жылы    атқарылатын  жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Роза Бағланованың 100 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында және тағы басқа атаулы күндерге байланысты атқарылатын жұмыстармен та­ныстырды. Мұнан соң мәдениет үйлері мен клубтар бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері жайлы аудандық мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Айгүл Маратқызы мен мәдени ұйымдастырушы Мөлдір Малдыбаева толық­қанды  жеткізді.

Аталған жиында мәдениет саласында ат­қарылып жатқан жұмыстарды тізбектеумен ғана шектелмей, кеткен кемшіліктердің де ашық айтылуы қазіргі таңда жиі қозғалып жүрген қоғамдағы жариялылық, ашықтық аталатын үрдістен табылып жатты. Оған қоса, мәдениет саласының алқасына аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлының өзі қатысып, пайымды пікір білдіруі жиынның салмағын арттыра  түскендей.

Бөлім басшысы Болат Әбенұлының: «Ансамбльдердің байқауын және басқа да атаулы мерекелер мен мерейтойларды түрлі форматта жоғары деңгейде атап өту үшін жүйелі түрде дайындық жұмыстарын жасап, жоғары дәрежеде өткізуді ұйымдастыруымыз қажет. Сіздерге даталы күндер, мерейтойлар тізбегі  берілді.  Дұрыс  жоспарлау  нәтижесі – жұмыс кепілі. Жоспар жасау барысында алдын ала әдіскерлерді шақырып, түсіндіріп жібереміз. Алайда олқылық пен бір-бірінен көшіру, былтырғы өткен шараны айна-қатесіз көшіріп қою фактісі кездеседі. Сондай-ақ грамматикалық қатенің кетпеуі де маңызды», – деген сөзі кез келген, әсіресе, мәдениет саласында ұсақ-түйек іс болмайтынын, көпшілік назарына ұсынылатын әрбір  шара терең жауапкершілікті талап  етерін  ұғындыра  түскендей.

Қазалы ауданында 6 мәдениет үйі мен 17 клуб халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 8 халықтық ұжым, 2 жылжымалы мәдени-демалыс кешені жоспарлы және жоспардан тыс ұйымдастырылған мәдени іс-шараларда өз үлестерін қосуда. Жыл басынан бері өткізілген іс-шаралардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауын насихаттауға, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және атаулы мерейтойларға арналған.

2021 жылға бюджеттен 565294,0 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мәдениет Үйлері мен клуб-кәсіпорындары жыл басындағы бекі­тілген жоспар бойынша онлайн және оф­лайн түрде жұмыстарын атқаруда. 2020 жылы мәдени іс-шараларға жергілікті бюджеттен 11291,0  мың  теңге  бөлініп, толықтай игерілді.

Мәдениет саласында тындырылған то­лымды тірліктер жеткілікті. Десе де, көңіл­ді «әттеген-ай» дегізген тұстар да кездеседі. «Үйірменің үйретері көп» дегенді естіген шығарсыз?! Ендеше Қазалы ауданының мәде­ниет саласы бойынша көркемөнерпаздар үйір­мелеріне жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін ортаға салған хабарламашының мәліметіне қысқаша тоқтала кетсек.

Хабарламашының сөзінше, жыл көлемінде үйірме жұмыстарын жандандыруда 265 іс-шара өткізіліп, оған 10789 қаралым болған. Сондай-ақ, үйірме мүшелері 150 түрлі бай­қауға 595 өнерпаз қатыстырған екен. Оның ішінде 83 өнерпаз Бас жүлде, 118 адам І орын иеленсе, 86 өнерпаз ІІ-ІІІ орынды жеңіп алған. Байқауларға қатысу бойынша Жанқожа батыр, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйі, Абай, Лақалы, Өркендеу ауылдық клубы жоғары көрсеткішті құраса, Қазалы аудандық мәдениет орталығы, Қазалы қалалық мәде­ниет үйі, Бозкөл, Қожабақы ауылдық мәдениет үйлері, Әйтеке би кенттік клубы, Кәукей, Тасарық, Қ.Пірімов, Бірлік, Жалаңтөс батыр, Басықара, Ү.Түктібаев, Аранды, Ақтан батыр ауылдық клубтары орташа деңгейден табылған. Ал Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйі, Майдакөл, Ақсуат, Сарыбұлақ, Шәкен ауылдық клубтары төменгі дәрежеде екен.

2021 жылы жаңадан 25 үйірме ашылды. Олардың қатарында классикалық вокал, жас ақындар, қобыз, домбыра, дәстүрлі ән, «Ару аналар» ансамблі, «Шашу» ұлт аспаптар ансамблі, «Ұйқыашар» әзіл-сықақ отауы, шешендік өнер тағы басқалары бар. Осылайша 139  үйірме, 1615 қатысушы болып отыр.

Хабарламашының «Майдакөл ауылдық клубы құжаттарында грамматикалық қате жеткілікті, үйірмеге арналған қабырғаларды қайта жаңарту жүргізілмеген, безендіру жұ­мыстары өте төмен. Би топтарына арнап ата-аналары 2016-2018 жылы барлығы 16 көйлек көйлек тігіп берген. Қуантарлығы, облыс бойынша клуб кәсіпорын басшысы жоғарғы сұранысқа ие республикалық «Алтын домбыра» иесі Мұхтар Ниязовтың ізбасарлары жас айтыскер ақындарды тәрбиелеп шыға­руда. Қазіргі таңда шәкірттері облыстық бай­қаулардың бірнеше жүлдегері» дегені бөлім басшысы, білікті педагог Болат Жолтаевтың «грамматикалық қатенің кетпеуі де маңызды» деген  лебізін  жадымызға  оралтты.

Хабарламада  айтылған  «Кәукей,  Майда­көл, Ғ.Мұратбаев, Бекарыстан би, Жалаңтөс батыр, Басықара ауылдарынан басқа клуб кәсіпорындарының есепшілері қаладан ауылға бармай жұмыс істейді. Сондай-ақ, Тасарық, Абай, Ақтан батыр, Әйтеке би кенттік клубтың есепшілері 0,5 штаттық бірлікпен қосымша басқа ауылдық клубтың есепші қызметін қоса атқарады. Бұлар ана ауылдан мына ауылға бір күнде қалай барып келеді? Есепке қатысты құжаттар мекемеде сақталуы қажет, қаржыға қатысты болғаннан кейін әр жерде жатпауы тиіс. Қазіргі уақытта роутер модем деген бар, beeline, аltel, kcell байланысын қостырып, флэшка арқылы жұмыс істеуге болады. Осы мәселені, яғни ауыл әкімшіліктеріне қарасты мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарының кадр мәселесін ауыл әкімдері өздері қадағалап, бір жүйеге келтірсе деген ұсыныс айтамыз» деген пікір де ескерусіз қалмайды деп ойлай­мыз.

Алқа мәжілісі барысында Жанкент ауыл­дық клубының директоры Болатбек Рсалиев білікті кадр тапшылығы, Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің директоры Қаламқас Сәби­това штат мәселесі, мәдениет саласының ардагері  Орақ  Баубеков «Атамекен» ардагер­лер  ансамбліне музыкалық аспаптар алып беру, Майдакөл ауылдық клубының директоры Ермекбай Ағырай жаңа ғимарат салу жөнінде мәселе  көтерді.

Әрбір ұсыныс-пікірді мұқият тыңдаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мәжілісте айтыл­ған әрбір мәселе назарда болатынын жеткізді.

– Мәдениет саласында қол жеткізген жетістіктеріміз өте көп. Пандемияға қара­мастан көптеген шаралар онлайн өтті. Деген­мен  кемшіліктер де кездесіп тұрады. Осы жерде ұсыныс-пікірлердің айтылуы орынды. Олардың барлығын бірден дұрыстаймыз деп айта алмай­мыз. Бірақ біртіндеп шешуге тырысамыз. Алайда кейбір мәселелерді ауылдық округ әкімдері өздері шешу қажет. Себебі «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» деп тегіннен-тегін айтылмаса  керек, – деді  Мұрат  Нәлқожаұлы.

Басқосуда  аудан  басшысы  халық  театрлары туралы бірде-бір ұсыныс айтылмағанына қынжылыс білдірді. Алдағы уақытта халық театрларының жұмысын жандандыру және оларға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер алу үшін ұсыныс беруді тапсырды.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: