Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарыз алдың – қайғы алдың…

11.02.2021, 12:30 924

Халқымыз «Қарызды берген батыр емес, алған батыр» деп бекер айтпаса керек. Қазақстанның Ұлттық банкі таратқан ақпарат бойынша, өткен жылдың 1 қазанындағы көрсеткішпен еліміздің сыртқы қарызы 160,9 млрд долларды құраған. Бұл ақпараттан соң, қарызға белшесінен батқан билік басындағыларды «батыр» демей қайтесің? Салыстыра қарасақ, бұл қаражат ЖІӨ-нің 90,7 пайызын құрайды екен. Одан бөлек,  БАҚ өкілдерінің хабарлауынша еліміздің соңғы 5 жылындағы сыртқы қарызы екі есеге өскен. Алайда жауаптылар бұл мәселе мемлекетімізге кері әсерін тигізбейді деп сендіруде. Осы тұрғыда, еліміз кімге қалай қарыз болғанын зерттеп, мәселенің  мән-жайын  анықтауға  тырыстық.

«Қарыз алдың – қайғы алдың» демекші, қанаты сынған ел экономикасына мамандар алаңдаумен қарайды Бірақ, Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл сандардан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, мемлекет бұл қарыздың бәрін төлеуге міндетті емес. Қазақстанның сыртқы қарызының, яғни осы 160,9 млрд доллардың 80%-ы жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі екен. Демек, бұл қарызды мемлекет те, қарапайым халық та қайтаруға міндетті  емес.  Атап  айтқанда,  жеке сектордың  компанияаралық  қарызы – 101,3 миллиард доллар немесе  62,9%-ды құрайды, ал  квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 20,1 миллиард доллар, яғни 12,5% болып тұр. Мемлекеттік сыртқы қарыз –

13,2 миллиард доллар, пайызбен өлшесек, 8,2%-ды ғана құрайтын болып шықты.

– Қазақстанның мемлекеттік секторы өзгелерге қарағанда нетто-кредитор болып саналады. Сондықтан, 2020 жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша, Қазақстанның сыртқы активтері сыртқы міндеттемелерден 43 млрд долларға немесе 4,3 есеге көп болды. Яғни, біз өзгелерге емес, өзгелер бізге қарыз деп айтуға болады. Халықаралық тәжірибеде сыртқы қарыздың параметрлерін талдау кезінде компанияаралық қарызды алып тастау әдетке айналған, өйткені ол ең аз қауіпті болып саналады. Ақыр соңында, аффилиирленген несие берушілер қарыз алушылардың табысты қызметін жалғастыруға мүдделі және бұл міндеттемелер көп жағдайда шартты болып табылады. Қазақстанның сыртқы қарызы Үкімет пен Ұлттық банктің үнемі бақылауында, – дейді Ұлттық банктің төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев.

Одан бөлек, өткен жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстаның тікелей және шартты сыртқы міндеттемелері 33,3 млрд долларды құраған. Бұл – соңғы үш жылдағы 6,2 млрд долларға немесе 15,7%-ға азайған көрсеткіш. Ол негізінен квазимемлекеттік сектор қарыздарының уақытынан бұрын төленуі мен реструктуризация жасалуы есебінен қысқарған.

Сонымен қатар, еліміздің жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы мен Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдалану тұжырымдамасы арқылы ел қарыздарының тұрақтылығын анықтайтын индикаторлар да бар.

1. Мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздың арақатынасы – ЖІӨ-нің 60%-ынан аспауы керек (2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 46,5%).

2. Елдің сыртқы қарызының арақатынасы – ЖІӨ-нің 100%-ынан аспауы керек (2020 жылғы 1 қазандағы 90,7%).

3. Үкіметтің сыртқы қарызы мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызының көлемі – Ұлттық қордың валюта активтерінің жалпы сомасынан аспауы керек (2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 59,1%).

Жауаптылардың айтуынша, бюджеттің жыртысын жыртудың қажеті шамалы. Еліміз ит пен құстың аузына қарап қалмас үшін алдын ала шаралар қабылданып қойған екен. Тіпті біз емес, жұрт бізге қарыз дегеннен де қымсынбады. Алайда тәуелсіз мамандардың қағып жатқан дабылы да бекер емес. Kursiv.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, еліміздің сыртқы қарызы соңғы  5 жылда 117 пайызға өскен. Биліктегілердің қарызынан бөлек, аймақ әкімдіктерінің де қарызы қомақты көрінеді. Атап айтқанда, соңғы 5 жылда олардың берешегі 5 есеге өскен. Яғни, 310 млрд теңгеден 1,4 трлн теңгеге дейінгі өсім байқалған. «Мойындағы қарыздан қой да өледі» демекші, соңғы жылдардағы сыртқы һәм ішкі қарызының осылайша күрт өсуі кімді болмасын алаңдататыны анық. Оның үстіне бұл ақпарат «барлығы жақсы» деп сендірген жауаптылардың құрғақ статистикасымен де ұйқаспай қалып отыр.

Сандарды сөйлеткеннен кейін жоғарыдағы тәмсілді еске түсіріп, биліктегілерді шынында «батыр екен» дерсіз. Мұнша қарыздың үстінде отырып, екі қолымен дем алу еріккеннің қолынан келетін іс емес. Бәлкім, өздері айтқандай мәселенің түйіні берік емес те шығар. Кім білген?

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: