…Біздің сайлауымыз циркке ұқсайтын сияқты. Акробаттардың не істейтінін, аңдардың қандай нөмірлері барын, керек десеңіз, клоундардың қандай реприздері бар екенін бәріміз білеміз, бірақ өз көзімізбен көргіміз келеді, сол қызыққа өзіміз де араласқымыз келеді. Сол сияқты, сайлаудың қалай өтетінін, нәтижесінің қалай болатынын бәріміз де білеміз, бірақ, біреулеріміз сырттан тон пішіп, болжам айтамыз, енді біреулеріміз өзіміз барып, сол қызыққа қатыссақ (бір партияны таңдасақ та, не барлығына қарсы болсақ та), бірдеңеге қолымыз жеткендей болады. Әсіресе, сиқыршылардың өнерін тамашалағанды ұнатамыз; көзіңді бақырайтып қойып, қалпақтың ішінен қоянды алып шыққанда, жағаңды ұстайсың. Біздегі сайлаудың ұқсастығы да осы жерде сияқты – әлеуметтік желіге көз салсаң, «Нұр Отанды» қолдайтын жан жоқ сияқты, демек бюллетеньде де сол баға болуы керек қой, бірақ сайлау жәшігінің ішіндегі бюллетеньдерді санағанда, жағаңды ұстайтындай нәтиже пайда болады.
Қысқасы, ешқандай саяси бәсекелессіз, жарыстың дүбірі де естілмеген, қызықсыз сайлау аяқталды. Бұрынғы сайлау жүйесі, бұрынғы заң, бұрынғы сайлау комиссиясының мүшелері, керек десеңіз, бұрынғы оппозиция, олардың бұрынғы тәсілдері – бұрынғы нәтижеге «қол жеткізді». Әр тараптан сайлауға деген баға да беріліп жатыр. Біреулерінде үміт басым болса, екіншілерінде күдік басым. Мен де осы талдауларға үн қосып, оқырмандардың көңілін бірнеше мәселеге аударғым келеді.
Біріншісі – сұрақ. Қазақ елінің сайлау жүйесі, оның кемшіліктері отыз жыл бойы айтылып келеді. Ең соңғы талдаулар мен ұсыныстар 2019 жылғы Президент сайлауынан кейін қоғамға, билікке ұсынылды. Оның ішінде «бюллетеньде бәріне де қарсымын деген таңдау болуы керек» деген де, «көппартиялық жүйені қалыптастыру үшін саяси партиялардың Парламентке өтетін 7 пайыздық деңгейін 5 не 3 пайызға түсіру қажет» деген талаптар да болды. Бұл да – отыз жыл бойы айтылып, көрсетіліп келе жатқан ұсыныстардың бірі. Сондықтан Қасым-Жомарт ағамыздың халықтың, сараптамашылардың, саяси топтардың осы бір ұсынысын осы сайлаудың алдында өмірге енгізбей, сайлаудан соң, жерден жеті қоян тапқандай болып, «бұл өзгерістер керек екен» дегені – қызықтың көкесі болды. Әрине, кейбіреулер «ештен кеш жақсы» деп жақаурататын да болар, бірақ бұл саяси процестердің алдын алу, қоғамға жаңа жол көрсетуден көрі, көштің артында қалып, амал жоқтықтан өзгеріске барып отырған сияқты ой қалдырады. Қысқасы, қажетті өзгерістерді дер кезінде өмірге енгізбеудің өзі – үлкен кемшілік болып табылады екен.
Екінші мәселе – сайлауға деген халықаралық бақылаушылардың берген бағасы. Әрине, кейбір елдердің елшіліктерінің өкілдері немесе ТМД елдерінің өмір бойы «бәрі жақсы өтті» деген баға беретін миссиясы, немесе ШЫҰ сияқты арнайы мамандары жоқ бақылаушылары, т.т. берген бағалары – «Егемен Қазақстан» мен «Хабар» сияқты бюджеттік БАҚ-тарға арналған, тозығы жеткен саяси технологияның жемісі. Меніңше, бұл «позитивті бағалардың» ақжем болғандығы соншалықты, қоғамды қоздырудың, қарсылықты оятудың тәсіліне айналған сияқты. Менің көңілімді аударған – ЕЫҚҰ-ның бақылаушыларының бағасы болды. Әрине, халықаралық бақылаушылар әрқашан саяси мәдениеттілікті ұстана отырып, әр елдің өздерінің заңдары болатынын мойындай отырып, кемшіліктерді көрсетуден көрі, ұсыныстар беруді бірінші орынға қоятыны түсінікті. Алайда осы сайлау бұлардың да төзімдерін тауысқан болуы керек, сылап сипамай, қаттырақ айтыпты. Мойындауымыз керек, бұндай бағаны өз басым осы уақытқа дейін естіген жоқпын. («наблюдатели ММНВ обратили внимание на явные признаки незаконного вброса бюллетеней, недостаток подписей в списке избирателей по сравнению с высокой явкой избирателей, объявленной УИК (участковая избирательная комиссия – КазТАГ), множественные записи в дополнительном списке избирателей, свидетельствующие о существенных проблемах с точностью регистрации избирателей, факты ненадлежащего опечатывания урн для голосования, и присутствие неуполномоченных лиц на избирательных участках»; «Почти на всех избирательных участках, где наблюдался подсчет голосов, УИК не соблюдали последовательно процедуры подсчета, не объявляли выбор избирателей или количество голосов, поданных за каждую партию, и регулярно игнорировали важные меры по предотвращению сверке данных. УИК требовали от ММНВ и местных наблюдателей держаться подальше от места подсчета голосов, что значительно ограничило прозрачность процесса. В восьми из 12 ТИК (территориальных избирательных комиссий), где ММНВ наблюдала суммирование итогов, процесс был непрозрачным»; «Две ТИК, которые ММНВ посетила ночью, были закрыты, и подсчет результатов не велся; две другие ТИК без видимых причин отложили суммирование итогов до следующего дня. ММНВ нигде так и не удалось сверить данные с записью результатов в базе данных», т.т.). Меніңше, егер осыдан кейін тәуелсіз бақылаушылар мен азаматтық қоғамның, саяси партиялардың өкілдерін қатыстыра отырып, сайлау комиссияларының жұмыстарына жан-жақты талдау жасалмаса, «Сайлау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жұмысшы тобы жасақталмаса, президенттің тамаша сөздері – қоғамды алдау есебінде қабылданатыны анық. Немесе, жоғарыдағы сайлауға берілген бағаны «шындыққа сай келмейді» деп, ЕЫҚҰ (ОБСЕ)-ны сотқа беру керек.
Үшінші мәселе – сайлау алдындағы оппозициялық күштердің жоба-жоспарлары туралы. Ашығын айтсақ, Әблязовтың «бір партияға қарсы болуы үшін басқа бір партияны қолдау» деген «аса ақылды айласы» ешқандай нәтиже бермеді. Бұл тәсілдің басты кемшілігі – Қазақ елінің билік жүйесінде жатыр. Біздегі сайлауға түскен бес партия да осы биліктің бағытын ұстанатын құрылымдар. Демек оның біреуін батыру үшін екінші біреуін қолдау – ешқандай нәтиже бермейтін, ақымақ технология. Оның қасында сайлау күні жүзге толмаған адаммен алаңға шыққан топтың жұмысы белгілі бір нәтиже берген сияқты. Әрине, биліктің қолдауымен. Егер тәртіп сақшылары оларды бірнеше сағат қоршап тұрмағанда, бұл мәселе халықаралық деңгейде биліктің адам құқығы мен еркіндігін бұзуы деп қабылданбас та еді. Қысқасы, билік тағы да өздерінің «пысықтығымен» өздерінің беделдерін түсірді.
Төртінші мәселе – сайлаудан кейінгі жағдай. Әділетсіз сайлаудың нәтижесінде жүздеген үндеместермен бірге оншақты халыққа танымал, өздерінің пікірлерін ашық айтып, әсіресе ұлттық бағытта көзге көрініп жүрген азаматтар да Парламентке өтті. Бұл – жағымды жаңалық. Бірақ әлеуметтік желіде «өте алмай қалғандар – халал да, өткендердің барлығы – харам» деген пікірлер де бас көтере бастаған сияқты. Олардың қай кезде қандай сөз айтқандары, қай жерде төбе көрсетіп, қай жерде көрінбей қалғаны сөз болып, сол арқылы, соңғы уақытта қолдану жиілігі жағыннан бірінші орынға шыққан «опасыз», «билікке сатылған» деген бағалар да беріле бастады. Бұл бізді біріктіретін жол емес деп ойлаймын. Әр адамның өзінің саяси-қоғамдық жолын таңдау еркіндігі бар, егер «менің көзқарасымды қолдамағандар – менің дұшпандарым» деген түсінікпен өмір сүрсек, алысқа бармаймыз. Біз олардың Парламенттегі жұмыстарына, ұстанымдарына, қандай заң жобасын қолдап, қайсысына қарсы шыққандарына, қоғамдағы өзгерістерге депутат тұрғысынан қалай араласқандарына баға берейік. Олардың жақсы бастамаларына қолдау жасайық, қателіктерін дер кезінде айта білейік.
Дос КӨШІМ
Коллажды жасаған Айнұр Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!