Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бабалар ерлігі ұмытылмайды

11.01.2021, 17:00 1502

HALYQLINE.KZ

Құрметті Жұмабек Айдарбекұлы!

Сізді туған жердің әрбір қуанышына ортақтасып, қасиетті Қазалы ауданының алға қарай жылжуына тілектес азамат ретінде жақсы білемін. Сондықтан да Сіз түрлі ұсыныс-пікірлеріңізді айтып, оның іске асуына белсенді атсалысасыз.

Сондай ұсыныстарыңыздың бірі тарих парақтарында «Арықбалық шайқасы» деген атпен қалған халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған көтеріліс құрбандарын болашақ ұрпақ жадында жаңғырту жайлы болатын.

Осыдан 164 жыл бұрын Арықбалықта патша өкіметінің озбыр саясатына қарсы шыққан жерлестеріміздің барлығын да батыр десек артық айтқандық емес. Себебі айтпаса да түсінікті шығар. Қаңтар айының қақаған суығында мұздай қаруланған патша әскерлеріне қарсы тұру мүмкін емес еді. Әйтсе де әбден ашынған халық қолына түскен балта, айырмен ғана қаруланып, бас көтерді. Көтерілістің немен аяқталғаны «көзі ашық, көкірегі ояу» жандардың есінде болар.

Қазақ халқында «Бабалардың ерлігі – ұрпаққа үлгі» деген сөз бар. Сол секілді біз де бабалардың ерлігін мәңгі есте қалдыруды бір сәт назарымыздан тыс қалдырған емеспіз. Өзіңіз білесіз, 2017 жылы Арықбалық шайқасының 160 жылдығы облыс көлемінде аталып өтілді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Біздің жоспарымызда Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы Жанқожа батырдың кесенесін абаттандыру жұмыстары бар. Кесенені абаттандырылған кезде батыр бабаға арнап барельефті тақта орнатуды көздеп отырмыз. Барельефті тақтада Арықбалық шайқасында шейіт болғандарға да арнайы орын белгіленеді.

Қазалы ауданының әкімі   Мұрат Ергешбаев

8.01. 2021 жыл.

Менің тарапыма Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың атынан келген осынау ресми хатты тебірене оқып шықтым. Кеудемді бабалар рухын құрметтеудің үлгісін танытқан Мұрат Нәлхожаұлына деген риясыз ризашылық туындады. Атаңа рақмет!

Ал санамда… қарша борап, өлім сепкен қорғасын оқтар… түскен жерін терең шұңқырға айналдырып, гүрс-гүрс жарылған зеңбірек доптары…  ажал құрығына ілінген жандардың жанұшырған айғайы… ішек-қарны ақтарылған тұлпарлардың төбеқұйқаны шымырлата шыңғырғаны… кескіленген қан-қан адам денелері… аш қасқырдай жалаңдаған патша жазалаушылары… қызыл жалынға оранған қасиетті ауылым… қаңтардың сақылдаған аязында шұбыра көшкен бауырларым… бес қаруы сай патша жендеттеріне қарсы қылышын үйіре сілтеп, дуылға-сауыты жарқырап, қалың жасақтың алдында көсіле шапқан Жанқожа батыр баба… жер-көкті күңіренткен атой… жалт еткенде жүрегім қысылды.

Жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. 5 қаңтар-9 қаңтар аралығында патша жазалаушылары көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты…» деген жазуды оқығанда кеудеңді кек кернейді. 

Сол қанды-қасап, кескілескен шайқас өткен Арықбалық – қабырғалы қауымның атақонысы. Арықбалықтың әрбір адамы үшін әр жылдың 9-10 қаңтары көзінің қарашығындай қастерлі. Бұл күндері Арықбалық ауылдық округі, Жанқожа батыр ауылында азаттық үшін басын ажалға тігіп, сол жолда шейіт кеткен бабалар есімін еске алу бұлжымас қағидаға айналған.

Күні кеше, 8.01.2021 жылы Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепте «Арықбалық шайқасының 164 жылдығына» орай оқушылар арасында әскери қолданбалы спорт түрлерінен жарыс өтті. Оған қатысушылар автоматты бөлшектеу және жинау, оқжатарды жарақтаудан сынға түсті.

Онлайн түрінде өткен жарысқа 15 қоманда, 60-қа тарта оқушы қатысты. Нәтижесінде алғашқы бөлім бойынша бірінші орынды №97, екінші орынды №94, үшінші орынды №16 мектеп иеленді. Ал екінші бөлімде №16 мектеп жеңімпаз атанса, ІІ-ІІІ орынды №104, №24 мектеп командалары бөлісті. Жалпыкомандалық есепте №16 мектеп командасы топ жарды. Ал №97 мектеп екінші, №104 мектеп үшінші орынға қол жеткізді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмірхан Әбіл бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырды. Сайысқа Шилі ауылындағы №259 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Қоланов демеушілік жасағанын атап өту ләзім.

№94 мектеп директоры Алик Тілеумбетовтің айтуынша, үшінші тоқсандағы әр сыныптың алғашқы тәрбие сағаттары «Арықбалық шайқасы» тарихынан басталмақшы.

Ерлер есімі өшпесін!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: