Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол сапасының нашарлығына не себеп?

07.01.2021, 13:00 440

Әлемде жолда болатын жол-көлік оқиға­сынан жыл сайын 1,35 миллион адам қаза таба­ды екен. Оған себеп ретінде жол сапасының нашарлығы, жол қауіпсіздігін бағамдамау секілді түрлі жайттар баршылық. Сондықтан бұл мәселе халықаралық сипатқа ие. БҰҰ алдағы­ он жылда осы деректерді 2 есеге қыс­қарту міндетін қойып отыр. ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтері сапасы­ның ұлттық орталығы Қазақстан жолдарындағы құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарын сараптауды жүргізіп келед­і. Оған дәлел – 2020 жылы орталық қызмет­керлері 513 рет жолға тексеру жұмыстарына шыққандығы. Ішінара тексеру барысында 1282 сынама алынып тексеріліп, оның ішінде 621 жол құрылыс материалдарының сынамалары нормативтік құжаттардың талап­тары­на сай болмаған. Аспаптық тексеру барысын­да 118 өрескел кемшілік анықталған. Олардың ішінде қала ішінде, іргесінде төселіп жатқан тротуарлар мен асфальт жабындылары­ да бар. Мәселен, жуырда ғана Қызылордада қар бетіне асфальт төсеп, халыққа сапасыз жол ұсынбақшы болған мердігердің миға сыйым­сыз әрекеті әшкереленген еді. Одан қалды, Жаңақұрылыс-Бекарыстан би жол құрылысы да өткен жылдың шулы істерінің бірі  болды.

*Бүгінде мәселенің мән-жайы қандай­  болып­ жатыр?

*Жол сапасының нашар болуына не себеп?

*Қандай  кемшіліктер  жиі  болады?­

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы 2020 жылы автомобиль жол­дары басқармасы, қала және жеті ауданмен 21 келісімшарт жасаған. Соның негізін­де жол құрылысын жүргізіп жат­қа­н нысандарға тапсырыс берушімен бірлесе отырып, жұмыс сапасына ба­қылау жүргізілді. Дегенмен, кейбірінде нәтиже болса, енді бірі асығатын түрі жоқ. Сондай-ақ, соңғы уақыттары тендерге қатысып, жосықсыз әрекет істеп отырғандар  да бар.

– Жол саласы құрылысына қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сол себепті оны игеретін үлкен-кішілі мекемелер де көбейіп кеткен. Тіпті арасында тәжірибесі былай тұрмақ, техникасы да, маманы да жоқ жеке компаниялар да бар­шылық. Сөйтіп, құрылыс жұмысына қойылатын талаптарға мән бермей, ақша жеңсем болды деп ойлайтындар қатары сиремей тұр. Мәселен, салқын ауа райында асфальт төсеуге болмайды, ашық, күн жылыда салу керек деген талап­ бар. Осындай басты талаптарды сақтамау салдарынан негізгі ақаулар пайда болады. Ол былайынша көрін­бегенмен, сынама алған уақытта көрініп тұрады, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда об­лыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Өткен жылы Арал ауданында төселген асфальт халықтың пайдасына жарайды деп қуанып отырғанда көшпелі зертхана мамандары ол құрылыстың да жағдайы мәз еместігін айтқан еді.

– «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» жол құрылысынан алынған 27 сынаманың 16-сы талапқа сай келмеді. Жоба бойынша қалыңдығы 6 сантиметр болуы­ тиіс. Алайда мердігер мекеме  4 сантиметрден асырмаған. Мердігерге ескерту жасадық. Соған байланысты құжаттарды жинақтап, сыбайлас жем­қорлық агенттігіне, сәулет-құрылыс басқ­армасына хаттар жібердік. Әзірге жөнделгені жөнінде хаттар келіп түскен жоқ, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ зертхана меңгерушісі  Ержан  Орынбасарұлы.

Негізінде асфальт төсеуде өзіндік шарттары бар: күзгі мезгілде +10 градус­тан төмен, ал көктемде +5 градустан төмен ауа райында асфальт салуға болмайды. Жер жамылғысы құрғақ болуы шарт. Жұмыстың ең үлкен сапасыздығына осы шарттар әсер етеді.

Сала мамандарының айтуынша, жол сапасының нашар болуына техникасы, маманы жоқ мердігерлердің тендерге қатысуы басты себеп болып отыр. Ең көп кездесетін олқылықтар – асфальтта­ шұңқырдың пайда болуы, қалыңдығының талапқа сай келмеуі, тығыздығының жоқтығы, енінің жетіспеуі. Ал бұл кемшілік жұмыс барысында техникалық қадағалаушының басы-қасында бол­мауынан шығады. Қазіргі салынып жат­қан­ тротуарлардың кейбірі талапқа жауап­ беретіндей емес. Бір өкініштісі, бұл орталық көп кемшілік жіберетін мердігерлердің келесіде де тендерге қатыспауына ықпал ете алмайды. Оны құзырлы  орындар  шешеді.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: