Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана мен бала саулығы – ұлт байлығы

26.11.2020, 11:00 2271

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді. Одан қалды, ата-бабамыз әр отбасыға «өсіп-өн» деген тәлімді тілек жеткізуді ұмыт қалдырмаған. Неге? Өйткені «Адамның бір қызығы – бала деген». Баласының табанына кірген шөңгені өзінің маңдайына қадалуын жөн көретін адам баласының перзент дегенде шығарда жаны бөлек.

Аймағымызда жыл басынан бері 700-ден астам нәресте шала туған. Әлемдік пандемияның алғашқы толқыны ана мен балаға да қауіп төндірді. Олардың сауығуына қандай жағдай жасалды? Бетін аулақ қылсын, бірақ екінші толқынға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Алдағы қиындыққа қалай төтеп береміз? Медициналық жабдықтардың қандай түрі бар? Балаларды қалай  қорғаймыз?  Осы сұрақтарға жауапты 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күнінде аймақтағы бірқатар денсаулық сақтау нысанына ұйымдастырылған баспасөз турынан таптық.

«АУРУХАНАҒА   ЖАТСАҚ, БАСҚА   АУРУ   ТУДЫРАМЫЗ»

Бүгінгі таңда облыс балаларына алғашқы амбулаториялық-емханалық көмек 20 қалалық және аудандық емханалар арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ, стационарлық мамандандырылған көмекті көпсалалы облыст­ық балалар ауруханасы, орталық­ аудандық ауруханалардағы балалар бөлімдері, облыстық туберкулезге қарсы диспансер, облыстық дерматологиялық диспансер, об­лыстық жүйке-психиатриялық диспан­сер және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы көрсетіп келеді. Баспасөз туры барысында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қызметімен та­ныстық.

Жалпы, Қы­зыл­орда облысынд­а 18 жасқа  дейінгі балалар  саны        286 972-ні құрайды. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 16677, 1-5 жас­тағылар – 87808, 5-14 жас аралы­ғындағылар – 133685, 15-18 жас аралығында­ғы жасөспірімдердің жалп­ы  саны – 48802.

– Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы 350 орынға арналған. Оның ішінде кардиологиялық, эндокринологиялық, онкогематоло­гиялық және 96 хирургиялық стол бар. Ал ауыр түрде қабылданған науқа­старға ем тағайындау үшін телеме­дицина арқылы кеңес алынады. Егер науқасқа мамандандырылған көмек керек болса, санавиация арқылы қызмет көрсетіледі. Айта кетерл­ігі, пандемияға байланысты ата-аналар арасында «ауруханаға жатсақ, басқа ауру тудырамыз» деген үрей бар. Олай болуы мүмкін емес, өйткені келген адамды карантин талапт­арына сай кіргізе алмаймыз. Сондай-ақ, кез келген ауыр жағ­дайдағы науқасты санавиациямен Алматыдағы орталыққа жеткізу мүмкіндігіміз бар, – деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Шарипа Жақсылыққызы журналистерге берген ақпаратында.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының мәліметінше, пе­диатрлармен қамтамасыз ету 10000 балаға шаққанда 10,5 пайызды құрайды. Бүгінде балалар ауруханасында 104 дәрігер ғана жұмыс істейді, штаттық кесте 89%-ды құрады, оның ішінде 19 хирург пен 85  педиатр  және  әртүрлі профильдегі  мамандар  бар.

140  ЕГІЗ,  5  ҮШЕМ

Одан кейінгі бағытымыз – «Ана мен бала орталығы». Бұл – елдегі ең үлкен стационардың бірі. Мұнда да жылына шамамен 11 мыңға жуық босану дерегі тіркеледі. Перинаталдық орталық 350 төсекке лайықтал­ған, 770 қызметкер жұмыс істейді.

– Бұл орталық – Қызылорда облыс­ы  бойынша  өңірлендірудің  ІІІ деңгейдегі тек бір ғана босану орны. Өңірлендірудің үшінші деңгейінің негізгі мағыналық бағытын айтар болсақ, ақысыз кепілді көлемді сала шеңберінде медициналық көмекті, асқынған жүктілікпен түскен екіқабат әйелдерге, 22 аптадан бастап 33 аптаға дейін гестация мерзімімен уақытынан бұрын босанатын әйелдерге, жаңа босанған және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге, соның ішінде ауыр паталогиямен босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелер мен гинекологиялық ауруы бар науқастарға жет­кі­лікті және дер кезінде мамандан­дырылған және жоғары мамандандырылған дәрігерлік жәрдем көр­сету болып табылады. Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бергі 10 айда 9608 нәресте туылса, оның ішінде 719-ы – шала туған балал­ар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 101 нәрестеге артық. 499-999 грамм салмақтағы шала туған нәрестелердің өмір­шеңдігі 27%-дан 48%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, орталықта дүниеге келген­ егіздердің саны да ұлғайып келеді, мәселен осы уақытқа дейін 140 егіз өмірге келді, бұл өткен жылмен­ салыстырғанда 28 жұпқа артық. Ал былтыр екі үшем болса, биыл 5 үшем өмірге келді. Әрбір ана мен баланың бір-бірімен аман-есен қауышқанына біз де қуанамыз, – деді облыстық перинаталдық орталықтың нәрестелер саласы бойынша бөлім басшысы Дәулетбек Сәдуа­қасов.

Жоғарыда атап өткен бес үшемнің бір жұбына біз де куәгер болдық. Байқоңыр қаласынан келген жас ана үшемін аман-есен бауырына басқаны үшін дән  риза.

– Ең әуелі Аллаға шексіз ризамын. Одан кейін бәріміздің жанымызды аман-есен алып қалған дәрігерлерге алғыс айтамын. Бұл үшем отбасымызға ерекше қуаныш сыйлады. Екі қыз, бір ұл босандым. Есімдерін Айым, Күнім, Қолғанат деп нағашы көкесі қойды. Бұған дейін де екі қыз, бір ұлымыз бар. Алланың  қалауымен  көпбалалы  ана атандым. Қазір үшемнің жағ­дайы­ жақсы, өзімнің жанымда, – деді көпбалалы ана Арайлым Ахметова.

Бүгінде Қызылорда облыстық перина­талдық  орталығы  облыстағы дүниеге келетін барлық сәбидің 60 пайызын құрап, Сыр бойының демографиясына үлкен үлес қосып келеді. Орталықта санитарлық жағдайды жақсартуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге­ ерекше көңіл бөлінеді. Тиімді перинаталдық технологиялар сәтті енгізілді: ұрықтың жағдайын уақы­тылы диагностикалау және босану тактикасын таңдау үшін ұрықтың құрсақішілік жағдайын тексеру әдісі (КТГ), ұрықтың орталықтандырылған мониторинг станциясы орнатылды, бір уақытта 13 палатадан ұрықтың жүрек соғысын жазу жүр­гізіледі, «алтын минут қағидаты» бойынша жедел медициналық көмек көрсету үшін әр блокта тұрақтандырудың екі бөлмесі құрылды, қан кетумен күресу үшін қымбат тұратын препараттар (ново-сэвен, иммунат) және тағы басқалар қол­данылады. Бұдан басқа, перинаталдық орталықта биохимиялық, пренаталдық, неонаталдық скрининг, медициналық-генетикалық орталықта УДЗ-скрининг жүргізіледі. Шала туған нәрестелерде рети­нопатияны  уақытылы  анықтау  үшін ретина­льды камерамен оф­тальмо­диагностика  және  емдеу  жүргі­зіледі.

КОРОНАВИРУС  АНА  мен  БАЛАДАН  ДА  АНЫҚТАЛДЫ

Жаңа туған нәрестелер арасында электромиография көмегімен анық­та­у – қаңқа бұлшықеттері мен перифе­риялық нервтердің функ­ционалды жағдайын анықтауға көмектесетін  зерттеу  әдісі.

2019 жылдан бастап телемеди­цина белсенді қолданылады. Дәрі­герлер Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларының жетекші ғылыми институттарының мамандарымен, сондай-ақ аудандармен кеңеседі. Перинаталды орталық қазіргі уақытта салмағы аз шала туған нәрестелерге күтім жасау үшін жаңа технологиялық құрылғыларды тиімді пайдаланады. Сондай-ақ, бұл орталықтың қызметкерлері әлемді жайлаған пандемия  кезінде де жұмысына салғырт қараған  жоқ.

– Перинаталды орталықтың 2-ші ғимаратында 90 төсектік провизорлық стационар ашылды. Онда барлығы 152 ана емделіп шықты. Босан­ғ­андар саны 89-ды құрады, коронавирус инфекциясы 54 ана мен үш бала­дан анықталды. Пандемия кезін­де қосымша 7 өкпеге жасанды ауа желдеткіш аппаратын алдық, орталы­қ бойынша 15 ӨЖАЖ, 16 оттегі концентраторы, 90 оттегі бал­лоны бар, барлығы да жұмыс жағдайында. Жеке қорғаныш құрал­дары да дайын, – деді облыстық перин­аталдық орталық бас дәрі­герінің ішкі аудит жөніндегі орынбасары  Сәуле  Жақанова.

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы уақытпен санаспай, бір тәулік бойы күрделі де жауап­ты ардақты мамандыққа білім-білігін, күш-қайратын жұмсай отырып­, ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы үшін тынымсыз жұмыс жүргізіп келеді.

ЕМХАНА  ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ  ЖАУАПТЫ  ҚЫЗМЕТІ  ҚАНДАЙ?

Одан кейін №4 қалалық емхананың ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатындағы атқарып жатқан­  жұмыстарымен  таныстық.

– Емхана  40  мыңға жуық халыққа қызмет көрсетіп келеді, оның 14 мыңы – 14 жасқа, 1060-ы – 1 жас­қа, 5235-і – 5 жасқа дейінгі балалар. Емханаға қарасты тұрғындар арасындағы туу қабілеттілігі бар әйелдердің денсаулығы тұрақты бақыланып отырады. Өткен жылы туу көрсеткіші 25,7 пайыз болса, биыл 28,7 пайызды құраған. Сондай-ақ, емханада «Жасыл дәліз» кабинеті және «Жас аналар мектебі» жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 1284 әйел жүктілігі бойынша  «Жасыл дәліз» кабинетіне тіркеліп, 1289 әйел «Жас аналар мектебінен» дәріс алды, – деді №4 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Алтынай Көптілеуова.

Үй аралау жұмысын күшейту, аймақтағы әр туу жасындағы әйелдер туралы нақты деректі білу, БХТ-не тіркеу, балалардың перинаталды өлімі, ауруханаға кеш жатқызылған жағдайлар, диагноз сәйкессіздігін дер кезінде талдап отыру, т.с.с. емхан­а қызметкерлерінің жауапты жұмысы. Сонымен қатар емханада баланың даму кабинеті және ресурс­тық кабинет жұмыс істейді. Ресурс­тық кабинетте аптасына 2 рет жос­парлы түрде баланы уақытылы дұрыс тамақтануы бойынша тәжірибелік сабақтар жүргізіледі.

Халықтың денсаулығын жақ­сартуға бағытталған әлеуметтік шарала­рдың көмегі зор. Өйткені алыс-жақын жерлерде қоныстанған халық үшін ақпараттандырудың пайдасы осындайда тиеді. Медициналық нысандардың барлығы да соңғы  үлгіге  сай заманауи құрыл­ғылармен  жабдықталған. Бүгінде оның бәрі халық  денсаулығын сақтау мен жақсарту жолында жұмыс істеп  тұр.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: