Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Игілігі мен шикілігі қатар жүрген шара

19.11.2020, 15:30 2633

Қызылордалық жастар үздік атанды

«Біздің әлемде өлімнің үш түрі бар: жүректің тоқтауы, мидың жұмыс істемеуі және желіге кіру». Қазіргі жастардың интернет, әлеуметтік желіге тәуелділігін көріп, Гай Олмес бұл сөзді қалай дөп басып айтқан деп таңғаласың. Жалпы, интернет – керегін білген адамға мол ақпараттар алаңы. Дегенмен, желінің «жілігінен» гөрі «шірігіне» құмар жастар да кездеседі. Қазір әлеуметтік желі беттері шындықтан гөрі өтірігі көп ақпараттарға толы. Осы тұрғыда, Нұр-Сұлтан қаласында «TRUE OR FALSE» атты медиасауаттылыққа арналған чемпионат өтті. Сайысқа 14 облыстан 20 команда қатысып, жерлестеріміз «Үздік команда» номинациясын алып келді.

Медиасауаттылықтан сайыс ұйымдастырылыпты дегенді естігенде, «Ә, қазіргі қоғамға керегі де осы еді» деп құптай қойдық. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арнайы жобасын Республикалық «Жас Ұлан» қоғамдық бірлестігі жеңіп алыпты. Жалпы, сайыс жоғарғы деңгейде өткен деседі. Шара барысы, тренинг, қатысушылардың жатып-тұруы өте жақсы деген бағаға ие болды. Біздің облысымыз да шетте қалмай, сайысқа өз өрендерін жіберген еді. Жастарымыз қанжығаға «алтын» байламаса да, үздіктердің бірі болып қайтыпты.

– Бұл турнирдің мақсаты – қазіргі жастардың интернет, медиа саласындағы сауаттылығын арттыру. Республикалық деңгейдегі «Қате немесе дұрыс» атты чемпионат өтті. Сол чемпионатқа облысымыздан 5 адамнан тұратын команда барды. Бағдарлама бойынша сайыс екі турдан өтті. Біздің жастар өзінің парасаттылығы мен сауаттылығы арқасында үздіктердің бірі болып қайтты. Медиасауаттылық шарасы «интернетке тәуелділік» жобасының бір шарасы ғана. Бұндай шаралар әлі де жалғасын табатын болады,– деді Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» ББЖҰ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлайым Ермекбайқызы.

Аталмыш шарада жастарға блогерлер тренинг өтіп, ақпаратты саралаудың маңызын, қате ақпарат тараған жағдайда қандай шара қолдану керектігі айтылған. Жалпы, сайыстан үйренгеніміз өте көп дейді жастар.

– Жастар арасында медиасауаттылық жетіспейді. Оны күнделікті көз алдымызда болып жатқан әлеуметтік желілерден-ақ көруге болады. Сондай фейк жаңалықтар әсіресе, карантин уақытында толып кетті. Сол үшін ақпараттың рас-өтірігін ажыратуға үндейтін, соған шақыратын чемпионаттың маңызы зор. Турнирге «11 регион» атаулы фракциямен қатыстық. Нәтижесінде «Үздік команда» номинациясымен қайттық,- деді жоба қатысушысы Шернияз Жалғасбекұлы.

Шара игілігімен ғана емес шикілігімен де танылғанын айта кету керек. Біздің қолымызда бар ақпараттарға сенсек, сайыстың fact checking аясында өткен турында қатысушылар ақпараттың рас-өтірігін табу керек болған. Дегенмен, берілген тапсырмаларда ешбір дәйек көрсетілмепті. Тек қатысушылардың логикасына сүйенген көрінеді. Мәселен, интернет парақшасынан алынған бір бейнероликті көрсетіп, соның рас немесе өтірік екенін анықтау керек. Бұндай тапсырмаларға тап болған жастар өзінің логикасымен жауап беруге мәжбүр болған. Гүлайым Ақмырзаева басында шараны нағыз мамандар ұйымдастырғанын жеткізген. Дегенмен, нақты аты-жөндерін түптеп айта алмайтынын алға тартты. Елімізде, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында медиа саласының кәсіби шеберлері жетіп артылады. Білікті мамандардың қолынан шыққан аталмыш шарада мұндай шикіліктің болуы оң емес. Төрайымның өзі айтқандай, бұл – жоба аясындағы соңғы шара емес. Сондықтан, келесі жолы бұндай қателіктердің болмауын, мұндай үлкен жобаларда кәсіби мамандармен қоян-қолтық жұмыс істегенін бақылаған жөн. Айта кететін мәселе, бұл облыстың олқылығы емес. Жағдайды жоғарылардан бастап қайта бір саралап өткен жөн.

Нұр-Сұлтанда Нұрсұлтанға «Үркер» бұйырды

Ағымдағы жылдың «Үркер» сыйлығын Kyzylorda-News.kz сайтының бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай жеңіп алды. Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда өткен шараға үміткерлер 11 номинация бойынша қатысқан. Байқау жұмыстарын беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері және халықаралық медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады.

– Өздеріңізге белгілі, «Үркер» ұлттық сыйлығы – ел журналистикасына серпін беруге арналған дәстүрлі жоба. Құдайдың қалауы болар, осы өңірдегі әріптестерім мен ата-анамның қолдауының арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Мен ұсынған репортаж – адамзатқа қиын сынақ алып келген коронавирус дертімен күрескен блокпосттағы полицейлердің, ауруханадағы дәрігерлердің, залалсыздандыру жұмыстарын атқарған әскерилердің және мұғалімдердің өмірлері жайлы болды. Репортаж 5 бөлімнен тұрды. Жалпы, осыған дейін «бұл сыйлық республикалық басылымның журналистерінен артылмайды» деген қағида орнап еді. Биыл тұңғыш рет облыстардың ішінен 3 облысқа «Үркер» сыйлығы бұйырды. Қызылорда облысына тұңғыш рет осы сыйлықты алып келгеніме қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, жалпы Сыр бойы журналистикасының жеңісі деп білемін,– деді журналист Нұрсұлтан Мықтыбай.

Шараға 11 номинация бойынша барлығы 470 өтінім келіп түскен. Жерлесеміз «Жыл репортажы» номинациясы бойынша қатысқан болатын. Бұл номинацияға 159 өтінім қабылданған еді. Соның ішінен үздік атанған 4 өтінім ақтық сынға жол тартқан. «Қазмедиа» орталығында өткен шараның ақтық сайысы басталуына 1 сағат уақыт қалғанда тәуелсіз 13 әділқазы құпия дауыс беріп, соның жетеуі жерлесімізді жеңімпаз деп таныған. Айта кететін жайт, қазылар алқасында шетелден келген қонақтар да болған. Олар – Израиль және Ұлыбританиядан келген журналистика мамандығының шеберлері.

Сонымен қатар, «Үркер» сыйлығын иеленгені үшін Нұрсұлтан Мықтыбай 1 миллион теңгемен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: