Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағанбетов ауылында диқандар шу шығарған болатын. Олар егін алқабына инвестор келгелі еңбек жағдайларының ауырлағанын айтып шағымданған. «Серіктестікке басшы етіп өз адамын сайлап, берекемізді алды» деп бас көтерген тұрғындар сотқа арызданатынын жеткізген болатын. Содан бері көп күн өтті. Енді егінді жинап алатын уақыт келгенде дау қайта тұтанды.
«Бұл – негізінен екі кәсіпкердің арасындағы кикілжің. Әлеуметтік желіде айтылып жатқандай халық ешқандай қиындық көріп жатқан жоқ. Жергілікті тұрғындардың ұпайы түгел». Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев осылай сендірді. Көктемде басталған дау егін бітіп, оруға уақыты келсе де әлі өз шешімін таппаған. Жаз бойы еңбегі мен қыруар қаржысы кеткен шаруашылық төрағасы қарызға белшемізден баттық дейді. Серіктестік құрылтайшысы болса, шығындардың құжатын талап етуде. Ал, егін алқабындағы күріш әлі де толық орылмаған. Ашудан көзі байланған екі жақтың өкілдері де аудан әкімдігінің күрішті орып, уақытша бейтарап қоймада сақтауына да келіспепті. Тиісінше, күріш өнімділігіне келер зиян да мол.
Талғат Тұрсынұлы, Сырдария ауданының әкімі:
– Бұл дау көктемде басталған. «Азамат» шаруашылығының төрағасы Ысқақов рұқсатсыз «А.Тоқмағанбетов» ЖШС-на қарасты 105 гектар жерге өз техникасын кіргізіп, егін жұмыстарын бастап кеткен болатын. Бұған ауыл тұрғындары қарсы болып, тиісінше, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдары бірлесіп, біреудің жеріне бейберекет егін егу заңға қайшы екенін түсіндірген. Сол уақыттан бастап Ысқақов егін жұмыстарын тоқтатқан болатын. Дегенмен, сол уақытта шаруашылық директоры болған Меңдіғали Есжанов құрылтайшыларға ескертпей, олардың келісімін алмай 105 гектарға егін егуге рұқсат берген. Енді күрішті жинар алдында осы дау қайта көтерілді. Себебі, шаруашылық құрылтайшысы Мадияр Алдоңғаров берілген рұқсатнаманы заңсыз деп таныды. Оған Ысқақов көрсеткен құжатта шаруашылықтың мөрі болмағанын дәлел ретінде келтіріп отыр. Егін бой көтерген уақытта Ысқақов ауыл тұрғындарын жинап, күрішті оруға кіріседі. Соған байланысты шаруашылықтың бас бухгалтері Алдоңғарованың атынан аудандық полицияға шағым түседі. 19 қыркүйек күні шаруа басына өзім барып, екі жақтың азаматтарымен жолықтым. Тұрғындарды өзара келісуге шақырдық. Бір күн ішінде өзара келіспеген жағдайда іс сотқа жеткізілетінін ескерттік. Дегенмен, екі жақ та бір мәмілеге келе алмады. Күріш орылып қойғандықтан, дәні түсіп қалмау мақсатында екі жақтың азаматтарына тағы бір ұсыныс білдірдік. Ол бейтарап комбайн тауып, бейтарап қоймаға күрішті жинау еді. Күрішке зиян келмей қоймада тұрып, сот үкімі шыққан кезде, тиісінше, егесіне берілетін. Дегенмен, екі тарап та өз қоймаларын алдыға тартып, соған жинағысы келіп, бұған да келіспеді. Ендігі уақытта егілген күріштің өнімділігіне зиян келуі әбден мүмкін.
Әкімнің айтуынша, шаруашылық құрылтайшысы Мадияр Алдоңғаров шығынның құжатын көрсеткен адамдарға толық шығынын өтеп беруге әзір екен. Тек жұмсалған қаражаттың дәлелді құжаты болуы керек. Ал, дәлелі жоқ диқандарға бір тиын да бұйырмайды. Дегенмен, екінші тарап оған келіспеуде. Ол барлық күрішті орып, шаруашылыққа 80 тоннасын ғана тапсырамын дейді.
Одан бөлек, ауыл ақсақалдары келесі жылдан бастап диқандар Мадияр Алдоңғаровпен бір шаруашылықта жұмыс істегісі келмейтінін жеткізген. Тиісінше, жыл соңында шаруашылық жиналысы болып, бұл мәселе сонда қаралатын болды.
Күріштен мүмкіндігінше мол өнім алып қалу үшін ертерек қамданып, қоймада сақтаған жөн. Дегенмен, бұл – тек соттың шешімінен кейін ғана жүзеге асатын процесс. Бір қызығы, сот жұмыстары әлі де басталмаған. Себебі, екі тарап та сотқа арызданбаған екен. Аққу, шортан һәм шаянның кебін киіп, не өзара келіспей, не әкімдіктің ұсынысын қабылдамай, не сот көмегіне жүгінбей отырған кәсіпкерлер нені күтіп отырғаны белгісіз. Бұл даудың биыл ғана тұрақтамай, бірнеше жылға созылатын түрі бар. Ал, бітік шыққан күріштің жағдайы не болатынын уақыт көрсетеді.
Бекзат АМАНОВ
ТЕКЕТІРЕС БІТТІ, ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Аудан әкімінің бұл брифингте айтқан сөздері жай ғана дауыл алдындағы «ысқырық жел» болған тәрізді. Апта басында бұл даудың жалыны тағы да тұтанды. Бұл жолғы жанжал егінжай басында болыпты. Онда болған оқиға бейнежазбаға түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланған. Бейнежазбаның авторы – Азамат Сқақов.
– «Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы дауды шешетін билік жоқ. Бір айдан бері кәсіпкердің жұмысын тоқтатып тастаған аудан әкімі, аудан прокуроры, аудандық полицияға бүгін облыс прокурорының бірінші орынбасары Т.Әлібаев пен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары қосылды. Сырттан келіп ауылымызды билеп-төстеп алған М.Алдоңғаров егістің басына қарулы күзетпен келіп халыққа оқ атып, көліктерімен адам қағып, ойларына келгенін істеп, халықты тағы ашындырды. Бұны көріп тұрған құқық қорғау органдары өздерінің дәрменсіздігін көрсетіп, шарасыз болды», – деп жазады Азамат Сқақов өзінің фейсбук парақшасында.
Бейнежазбада көрсетілгендей, егінжайда ойқастаған қымбат көлікпен адам қағу оқиғасы шынында болған. Одан бөлек, шаруашылық құрылтайшысының өкілдері оқ атқанын да растап отыр. Оның айтуынша, оқ атуға мәжбүрлеген халықтың өзі екен. Бір қызығы, бұл оқиғаның барлығы құқық қорғау органдары өкілдерінің көзінше болған. Дегенмен, «ел қорғандары» бұған қарсы ешқандай шара қолданбаған, керісінше, «қалтасы қалыңның» бұйрығын орындап әуреге түскен. Жоғарыда айтылған фактілердің барлығы әлеуметтік желілерде резонанс тудырғаннан кейін тиісті органдар бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
– Осы жылдың 11 қазанында Сырдария ауданы, Тоқмағамбетов ауылындағы күріш егістігінде «Тоқмағамбетов Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі егістікті күзетуші «AzamatSecurityGroup» күзет агенттігінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының арасында жанжал туындаған. Келіспеушілік кезінде егістік күзетшілеріне белгісіз азаматтар күш қолдану барысында күзетші қызметтік травматикалық қарумен («МР-47») аспанға бағыттап бір мәрте ескерту оғын атқан және күзетшілермен автокөлік басқарып адам қағу деректері болған. Сырдария АПб-мен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 252-бабымен күзет қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнында тиісті құзырлы органдардың өкілдері облыстық және аудандық прокуратурасы мен Полиция департаментінің басшылығы жиналған тұрғындарға заң шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, күріш алқабында болған жанжал нәтижесінде «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС-нің заңгерін белгісіз ауыл тұрғындары ұрып, дене жарақатын салу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағында көзделген «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтамай бұзақылық қылмысын жасау» қылмыстық іс тергелуде. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қорытындылары күтілуде. Тергеу барысы облыстық прокуратура және полиция департаменті бастығының бақылауында. Сырдария ауданының полиция бөлімінің қызметкерлерімен қандай да бір заңсыз іс-әрекеттер немесе кәсіпкерлікке кедергі келтіру деректері болмаған, қызметкерлер заң шеңберінде өздеріне тиісті міндеттерін атқарды. Қазіргі таңда «А.Тоқмағамбетов Жер» шаруа қожалығы мен жергілікті халық келісімге келді. Оқиға басында ахуал тұрақты, – делінген Қызылорда облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің бізге жолдаған мәліметінде.
Осы мәселе төңірегінде жауап іздеп, Қызылорда облыстық прокуратурасына да бардық. Дегенмен, ол жақтан тұшымды жауап беретін жан табылмады. Облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаевтың қабылдау уақытына да арнайы жазылдық. Бірақ кеше сол уақытта маңызды жиналыста деген желеумен кездесе алмадық. Ондағылар бір-біріне сілтеп, нақты ақпарат бермеді.
«Бұл – екі кәсіпкердің ғана арасындағы дау» деген аудан әкімінің сөзінен де қарама-қайшылықты байқауға болады. Себебі, әлгі бейнежазбада жас жігіттермен қоса ақ жаулықты аналар да егін басына келгені көрінеді. Ашуға булыққан жұрт тіпті комбайнның астына түсуге де дайын. Әзірше бұл текетірес түйінінің тарқатылуына облыс әкімінің өзі араласқан көрінеді.
– «Асқар Тоқмағамбетов Жер» ЖШС егістік алқабындағы даулы мәселе Қызылорда облысы әкімінің қатысуымен өз шешімін тапты. Бүгінгі күні «Асқар Тоқмағамбетов Жер» ЖШС-нің жарғылық қорының 90 пайызының иесі А.Бисенбайдың сенімді өкілі М.Алдоңғаров елдің ауызбірлігі үшін келісімге келді. Нәтижесінде, 105 гектар жерге егілген күрішті «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы А.Сқақов жинап алатын болды, – деп, сейсенбі күні Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда күрішті ору, бастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жоғарыда көрсетілген 105 гектар аумақ «Азамат» шаруа қожалығына берілетін болды. Көктемнен бері созылып келе жатқан даудың бұл жылғы жанжалы осымен тамам. Дегенмен, ол келесі жылы қайта тұтануы әбден мүмкін. Себебі сол, шаруалар аталған инвестормен бұдан былай жұмыс істеуге құлықты емес.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!