Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймағамбетовтің не ойлағаны бар?

13.10.2020, 17:15 576

HALYQLINE.KZ

Дәл қазіргі қиын жағдайда білім орындарының қызметін тоқтату, яғни лицензиясынан айыру үлкен қателік деп санаймын. Мұндағы айтпағым, күні кеше ғана ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын (Алматы қаласы) бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдапты. Не себепті? Негізі Академияға қойылып отырған уәж мынадай: «Білім беру саласындағы өрескел бұзушылықтар орын алған. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеген. «Атамекен» ҚР ҰКП жүргізген рейтинг бойынша Академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60% жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді-мыс». Академияға тағылып отырған кінә осы. Бұл қаншалықты шындық? Осында барып қызметкерлермен кездескенде көзіміздің жеткені, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті көрсеткеніндей өрескел заңбұзушылықтар жоқ секілді. Кейбір айтылған жайттарды түзесе, бәрі орнына келмек деседі қызметкерлер. Демек мәселе басқада болып тұр.

Бұл оқу орны кімге керек болды екен? Тарихы сонау 1931 жылдан бастау алатын, теміржол саласының мамандарын даярлайтын Академия кімге бөгет жасады? Ондағы 5000 студенттің және жүздеген оқытушының алдағы тағдыры не болмақ? Әрине ҚР БҒМ-дегілер студенттердің барлығы өздері қалаған ЖОО ауыса алады, сол секілді оқытушылар да дегенді айтады. Мұнымен мәселе шешіле ме? Аймағамбетовтың не ойлағаны бар? Университет басшылығы жіберген кемшілікке бола қанашама студент пен оқытушылардың тағдарын тәлкек етуге бола ма? Ары-беріден соң бұл оқу орны – еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман даярлайтын бірегей қарашаңырақ. Дәл қазіргі экономикалық қиын жағдайда осындай салалық маман даярлайтын оқу орнын жауып тастау мемлекет саясатына қарсы жасалған қылмыс деп тануға болады. Сонда ҚР БҒМ мемлекеттік саясатқа қарсы болғаны ма? Түсініксіз. Әлі де тексеріп, зерттеп, анықтайтын мәселелер көп.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: