Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Рұқсат етілген» митинг – биліктің мазағы

07.10.2020, 9:35 685

HALYQLINE.KZ

Соңғы уақытта әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде «рұқсат етілген» митингілер жайлы қуаныштарын жасырмаған пікірлер қаптап кетті. Өкінішке қалдыратын жағдай: бұл «Рұқсат етілген митинг» – биліктің мазағы. «Ескерту жолымен» болған митинг – осы сөзді естіген кезде құлағымыз жағымсыз сөз естігендей, санаңды біреу шапалақпен ұрғандай жағдайда боласың. «Ескерту» мен «рұқсат алудың» арасы – қазақтың қазысы мен орыстың «ақ қойының» майынан жасалған колбасадай, түсінікті сөзбен айтар болсақ. Конституция бойынша бейбіт жиынға қатысу – әрбір адамның туабітті құқығы. Міне, осы құқықты билік рұқсат алу дегенге ауыстырып отыр…

Рас, билік соңғы кезде «несиеге амнистия», «сапалы медицина мен жас ұрпақтың болашағы үшін» деген сияқты тақырыптарға митинг өткізуге рұқсат берді. Әрине, бұл тақырыптар бойынша митингілер де қажет іс. Бірақ қазіргі саяси жағдайда бұл митинг – рак ауруымен күресудің орнына оның қанға тарап кеткен ушықтарымен күрескенмен бірдей. Мұндай кезде жаман аурудың шығып жатқан көзімен (ошағымен) күресу қажет. Онымен күрессіз Қазақстанда сапалы медицина да болмайды, жас ұрпақтың болашағы да болмайды. Бүгінгі таңда билік бізге рактың ошағымен күресудің орнына оның қанға тарап кеткен метастазаларымен күресуге рұқсат еткендей, «митинг өткізуге» рұқсат беріп отыр…

Кез келген наразылық митингінің талаптық бірегей пакеті болуы тиіс. Ол талаптардың ішінде: бірінші – саяси тұтқындарды босату, екінші – биліктің әлсін-әлсін ауысып тұруы болуы керек. Үшінші етіп – жаңағы жоғарыдағы медицина, несие және т.б. қоса бер. Алғашқы екі талапсыз өткен митингінің құны – қара бақыр.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері дүниеге екі жаңа ұрпақ қосылды, көпшілік жұртқа бүгінгі таңдағы қол жеткен «рұқсат етілген» митинг үлкен жеңіс сияқты, демократияның жаңа асуы іспетті көрінеді.

«Әуелі – экономика, содан соң – саясат» деген ұран әу бастан халықты алдау болатын: «Әуелі қарныңды қампитып ал, миың сосын дамиды» деген сияқты. Бұлай етуге болмайды. Бұл ұран бойынша биліктің шын мақсаты – елді азаматтық қоғамның жаңа өністерінен тазартып, ешқандай наразылық жасаушыны болдырмау, халықты бейжай жағдайда ұстау еді. Диктатураның мақсаты – халықты әуелі «рұқсат етілген» митингіге үйрету, сосын ғана ауыл әкімдерін сайлауға рұқсат береміз, басқа да «демократиялық реформаларды» жүргіземіз. Осылай болғанда ғана биліктің өзіне қауіпсіз болады.

Тағы бір мысал. 2002 жылдың соңында «ҚДТ»-дан бөлінген (бірнеше айдан соң) «Ақ жол» партиясы сол кезде «президенттен басқаның барлығын аямау керек» деген саяси позицияны ұстанды. Міне, осы жол билікке ерекше ұнады.

Осындай даму векторына биліктің бағыт алғанына мысал ретінде көз алдымызда болған бір мысалды келтірелікші. Кішкентай ғана оппозициялығы бар, кейін екіге бөлінген, Байменов бастағандар партиясын нұротандық Перуашевке сатып жіберген партия қазір «парламенттік оппозицияға» айналып, неше түрлі «батыл инициативаларды» ұсынып жатыр. Бірақ дауыс беру кезінде «Нұр Отанды» қолдап дауыс береді. Міне, «рұқсат етілген митингіге» қатысушылар біздің болашақ ұрпағымызды осындай жолмен жетектеп келе жатыр емес пе?

Естеріңізде болар, 2002 жылы жаңадан дүниеге келген «двкшылармен» билік жанын салып, жойып жіберу үшін неге күрескенін. Оның себебі түсінікті еді, себебі «ҚДТ» биліктің негізіне қол салды: әкімдер мен судьялардың сайлануын, соттың биліктен тәуелсіздік алуын, ең жоғарғы биліктегі адамның әлсін-әлсін ауысып тұруын талап етті. Бүгінгі кішкентай президент сол кездегі премьер қызметінде отырған кезінің өзінде «ананы алып кел, мынаны істе» деп жүгіріп жүрген «қолбала» еді. «ҚДТ»-ны түгел жойып жіберуге көмектесті. Қазір де дәл солай.

Билікке қарсы наразылық білдірушілер бейбіт түрде жиын жасап, наразылық білдіруге рұқсат сұрауға міндетті емес! Бұл – адамдардың туабітті өздеріне тиісті құқығы.

Сағат  ЖҮСІП.

«DAT». 24.09.2020.

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: