HALYQLINE.KZ «Бетпердеңді шеш!» деп жүрміз бір-бірімізге. Иә, қазір «маска» киіп алып, жылы жүз көрсетудің жүз үлгісін жасап беретіндердің саны көп. Шындықтың шыңғырғанда дауысы шықпай, өтіріктің өрге басатынын көріп жүрміз. Қабілет атты адамның қабілетсіздігі, Әділет атты адамның әділетсіздігі және бар. Аты басқа, заты басқа. Шахановша айтсақ, ісі мен сөзі бір арнада тоғыспайды, шындық биігінде төбе көрсетпейді. Айнала бетперделілерге толып кетті. Жалған ұран, жалған намыс.
Азаматтық қоғам, ашық қоғам дейміз. Негізі, өз пікірі жоқ адамнан, сосын Құдайдан қорықпайтындардан қорқу керек. Періште алтындай басына ат басындай алтын көрген соң ие бола алмай қалып, жолдан таяды екен ғой. Ақшаға, атаққа сатылып, өз пікірін теріске шығарудың өзі – нағыз сорлылық, бейшаралық. Бес күндік өмірді бабалардың жалған дегені осыдан екен ғой дерсің. Шындықты шырмап алып, өтірікті өрге өрлетіп-ақ жатырмыз. Қазір «диван батырлары», «пернетақта батырлары» деген тіркестер қолданысқа еніп кетті. Сыртынан сынап-мінеп, бетпе-бет жолыққанда бетінен сүйіп-сүйіп алатынын қайтерсің!?
Түнеугүні бір қызық жайтқа тап болдым. Жергілікті командаға жанкүйерлік етіп отырғандай көрінген жігіт ағасының ойын соңына таман үні шықпай қалды. Білмекке ұмтылғанмын. Сол-ақ екен, телефоны шырылдап та қалды. Жыны жанында жүр екен, қаны басына шауып тұр. «Ей, мынауың қайта-қайта гол салып кетті ғой. 30 мың тіккенмін, сен айтқан соң. Қадалдым енді» деді телефондағы танысына. Байқауымша, әлгі жігіттің футболдан түк те хабары жоқ. Жолдасының пікіріне еріп, бәсті тіге салған. Санасына берсін дейсің, әйтпесе әлі талай сан ұрып, басын тасқа соғатыны көрініп тұр. Маған қатты әсер еткені жергілікті клубтың 2 гол салғанына қуанып, одан кейінгісіне қуанбағаны болды. Соған қарағанда танысының «сәуегейлігі» соған ғана жеткен ғой деймін. Көрдіңіз бе, мұнан да жалған намыстың бір ұшқыны байқалады. Мұнымен кете берсек өз өмірімізді өтірікпен өрнектеу арқылы өркениетке өшпестей із қалдырамыз. Жалған намыстың жалғанды басып алғаны ма? Осы біз кімді алдап жүрміз?
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!