Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы: Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

21.08.2020, 10:20 680

HALYQLINE.KZ Аз ғана уақыттан соң кезекті жаңа оқу жылы басталады. Биылғы жылдың ерекшелігі сол оқушылар алғашқы тоқсанды қашықтан оқиды. Осыған орай, аудан мектептерінің дайындығы қандай? Қашықтықтан оқитын құрал-жабдықтар жеткілікті ме? Осы және білім саласындағы басқа мәселелер жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем Үмбетов бүгін өткен әкімдік мәжілісінде айтып берді.

– Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылының бірінші оқу тоқсанында еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қашықтықтан оқыту енгізілді. Осыған орай, ауданымыздағы 37 білім беру ұйымының 31-інде оқушылар қашықтан білім алатын болады. Ал бала саны 100-ден кем және шалғай елді мекенде орналасқан №78, №146, №134, №259, №258 және №93 мектептердегі 420 шәкірт штаттық режимде және екі ауысымда мектеп қабырғасында оқиды. Білім ордаларында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады, – деді Рүстем Үмбетов.

Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушының айтуынша, қазіргі таңда аз қамтылған және ерекше білім беруді қажет ететін 487 балаға планшет пен Sim карталарды алуға және арнайы «Bilim» тарифына қосуға қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген.

Сонымен бірге үйінде интернет нүктесі бар, бірақ компьютері жоқ 351 балаға мектеп теңгеріміндегі компьютерлер қайтарымды негізде беріліп, қашықтықтан оқытылатын болады.

Сондай-ақ, Рүстем Үмбетов білім алушылардың жаңа оқу жылындағы оқулықпен қамтылуы, мектеп ғимаратына ішкі әжетханаларды орналастыру және «Жол картасы» арқылы жөнделіп жатқан білім ошақтары туралы қысқаша айтып өтті.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жақын күндері мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп, нәтижесін хабарлауды аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиевке тапсырды. Ал, Рүстем Үмбетовке «Мектепке жол» акциясы демеушілік есебінен балаларға қажетті планшеттер, роутер модем және ұялы телефон алып беру қажеттігін айтты.

Әкімдік мәжілісінде қаралған тағы бір мәселе Қазалы ауданының 2020 жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы болды. Ол жайында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ахметулла Аманов баяндап, 6 айдағы жетістіктер мен кемшіліктерімізді жіпке тізіп айтып берді.

Басқосу мұнан соң аппарат мәжілісіне ұласып, мұнда да маңызды мәселелер талқыланды.

Алдымен «Ауданда коронавирус індетімен күрес бойынша атқарылып жатқан және алдағы кешенді шаралар туралы» аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гүлсім Имандосова толыққанды айтып беріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Сондай-ақ, ауыл әкімдерін белсенді жұмыс жасауға шақырды.

Бұл жөнінде аудан басшысы да қатаң ескертіп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

– 17 тамыздан бастап карантиндік шаралар жеңілдегенмен, әлі де бірқатар шектеулер бар. Соларды қатаң сақтауымыз қажет. Мәселен той-думан әлі басылған жоқ. Бұл – әкімдердің өз жұмысына салғырттық танытып отырғанның белгісі. Алдағы уақытта мобильдік топ жұмысына немқұрайдылық танытпай, қауіпсіздік шараларын сақтауды ары қарай жалғастыруымыз қажет, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықов егжей-тегжейлі баяндады.

«Қыс қамын, жаз ойла» дегендей, аудан басшысы қысқа дайындық жұмыстары бойынша көгілдір отынға өтпеген білім, мәдениет, спорт және медицина саласына қатысты ғимараттар бойынша нақты тапсырмалар беріп, бекітілген мерзімде аталмыш мекемелердің қазандығын көгілдір отынға қосуды тапсырды.

Сондай-ақ, тұрғындарға қажетті қатты отынды қазірден бастап ауданға тасымалдай беру қажеттігін ескертті. Өйткені, күн салқындаған уақытта көмірге деген сұраныс артып, бізге қажетті қатты отын ауданға жеткізілмей қалуы мүмкін.

Мәжілісті қорытындылай келе, аудан әкiмi Мұрат Ергешбаев қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне және тиісті бөлім басшыларына кәсіпкерлікті дамыту, халық сұранысына сәйкес дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау, жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында нақты тапсырмалар беріп, іске асуын өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Аудан әкiмi М.Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске аудан әкiмiнiң орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкiмдерi қатысты.

Аудан әкімдігінің мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйырығымен Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалған Бақытгүл Әлішева таныстырылды. Бақытгүл Әлмәмбетқызы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, халықтың денсаулығын сақтау саласына өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті маман. Алғашқы еңбек жолын аудандық емханада аймақтық терапевт дәрігер болып бастаған.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев 30 жылдан астам тәжірибесі бар жоғары санаттағы дәрігердің жұмысына табыс тілеп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде бар тәжірибесін жұмсайды деп сенім білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: