Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КАВАСАКИ СИНДРОМЫ: балаларға төнген қауіп пе?

20.08.2020, 10:50 764

Халықаралық валюта қоры пандемия әлемдік экономикаға айына 375 миллиард доллар­ шығын әкелетінін мәлімдеді. Ал екі жылдағы жиынтық әлемдік экономикалық шығындар­ 12 триллион доллар деп болжануда. Бұл – әлемдік қаржы дағдарысына қарсы әрекет етуге бөлінетін қаражаттан 3,5 есе жоғары шығын. Жаһандық сипатқа ие болған пандемия­ның қысқа мерзімді салдарын жою үшін әлемдік қауымдастық бірнеше триллио­н доллар жұмсады. ДДСҰ-ның мәліметіне сүйенсек, G-20 елдерінің біреуі ғана эпидемия салдарын жою үшін 10 триллион доллардан астам қаражат игерген. Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қорының мәліметінше, Қазақстанда жалпы коронавирусқа қарсы күрес шараларына 56,7 миллиард теңге бөлінген. Десек те, ауруды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Себеп көп, салдары да жоқ емес.

ЕСКЕРТТІ… ЕС  ЖИЫП  ҮЛГЕРМЕДІК

Естеріңізде болса, ДДСҰ бас директоры Тедрос­ Гебрейесус:

– Еуропа мен Солтүстік Американың мәлі­меттері бойынша Кавасаки ауруы мен токсикалық шок синдромына ұқсас көпжүйелі қабынуы бар балалар реанимация бөлімшелерінде жатыр. Бастапқы болжамдар бұл синдромды COVID-19-бен байланыстырды, – деген еді кезекті брифин­г  барысында.

Ұлыбритания ғалымдары Кавасаки ауруына ұқсас мультижүйелі қабыну синдромы бес жасқа­ дейінгі балаларда ғана емес, 16 жасқа дейінгі жеткіншектерде анықталғанын және кей жағдайда асқынуға ұласып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Әлемдік қоғамдастық жаңа эпидемияға қарсы дәрі-дәрмектер, ең алдымен, қазіргі уақытта жасалып жатқан жаңа вакциналарды іске қосуға тағы 10 триллион доллар жұмсау үшін кем дегенде 100 миллиард доллар қажет деп  санайды. Құрлықтың  арғы жағындағы ахуал­ Қазақстанды да айналып өткен жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі жыл басынан бері 11 балаға Кавасаки синдро­мы  диагнозы  қойылғанын  мәлімдеді.

– Әлемнің көптеген елінде коронавирустың жеңіл немесе симптомсыз түрімен ауырған балала­рда 14 күннен 1 ай арасында жаңа Кавасаки синдромымен ұқсас мультижүйелі қабыну­ синдромы тіркеліп жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша Кавасаки синдромы және оған ұқсас белгілері бар аурумен ауырған 11 бала анықталды. Жалпы, ғылыми түрде Кавасаки синдромы – бес жасқа толмаған балалардан ғана шығатын ауру. Бірақ, еліміздегі синдром анықталған 11 баланың екеуі ғана бес жасқа толма­ған, қалғандары – 17 жасқа дейінгі балалар. Балалар­ коронавирус инфекциясымен қатты ауырғанда асқынудың соңы Кавасаки синдромына айналуы мүмкін, – деді Б.Қожахметов.

АУРУДЫҢ  БЕЛГІЛЕРІ  ҚАНДАЙ?

Кавасаки синдромы 1967 жылы осы сирек кездесетін ауру белгілерін тапқан жапон дәрі­гердің есімімен аталған. Алайда аурудың шығу тегі, жұғу жолы әлі күнге дейін беймәлім. Ғалымдардың бірі мұны жұқпалы ауру десе де, оған жауапты микроағза табылмады. Енді бірі мұны анықталмаған токсинге иммунитеттің жауабы деп топшылайды. Синдром көбіне алты айдан бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Ол дене қызуы, қызыл бөртпе және алақан мен аяқтың қызаруы, тілдің қызаруы, кейде терінің қабыршақтануы, мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы белгілерімен басталады. Содан кейін науқастарда жүрекке қан апаратын күретамырлар мен басқа да қантамырлары зақымданып, қантамырларының кеңеюі мен жарылуы ішке қан кетуге және жүрек талмасына әкеп соқтырады. Уақытында емделмесе, Кавасаки синдромынан өлім-жітім үлесі 1%-ға жетеді. Кавасаки синдромын өткергендер балалар кардиологының бақылауында болуы керек. Балаларды диспан­серлік бақылаудың ұзақтығы нақты­ланбаса да, мамандар қантамырлары қатты кеңейг­ен және орта мөлшердегі аневризм қайтуы­нан кейін науқастар өмір бойы бақы­лауда болуы керектігін айтады. Жүрекке қан апаратын  тамырлардың  кеңеюі  жойылғанша әр алты ай сайын эхокардиография жасату маңызды.­

АУАҒА  У  ШАШТЫ, АУЫЗСУҒА  НЕ  ҚОСТЫ?

Өткен айда қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары арасында тікұшақтың ауаға түсі қызғылт зат сепкені туралы видео тарады. Оны көпшілік коронавирус инфекциясын ауаға шашып, халықтың ауруға шалдығуына себеп болып жатыр деген түсінікпен қабылдады. Нәтижесінде жалған ақпарат екендігі дәлелденді. Көп ұзамай желі мессенджерлері арқылы тағы да аудиожазба пайда болды. Бұл жолы елдегі ауруханалар балалар­ға арналған төсек-орынмен жабдықталып, емдеу туралы хаттама бекітіліп, ауызсудың құрамы уланғаны туралы хабар желдей есті. Ауа мен ауызсуды ластау кімге, не үшін керек?

Айшылық, алыс жерлерден жылдам хабар алуға мүмкіндік сыйлап отырған смартфон арқылы  тараған  хабарламаларға  қатысты  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ТКҚСҚБ комитеті жауап берген. Онда судың уланғаны, балаларды емдеу үшін жаңа хат­таманың бекітілгені, арнайы қонақүйлерге вирусолог дәрігерлерді орналастыру туралы хабарламалардың кезекті жалған ақпарат екендігі  айтылған.

САҚТАНУДЫҢ   ЖОЛЫ   ҚАНДАЙ?

Мультижүйелі қабыну синдромы коронавируспен ауырған соң екі-үш аптадан кейін дами­ды. Баланың дене қызуы 38 градустан жоғары көтеріліп, бірнеше күнге созылады. Дене қызуымен қоса балада жөтел, ентігу пайда болады. Аурудың Кавасаки синдро­мына ұқсас белгілері – қол-аяғы мен денесін­де бөртпелер, тіл мен еріннің қызаруы, алақанд­ары мен аяқтарының ісінуі, іштің қатты ауыруы, құсу және іш өту. Ауру кезінде­ конъюнктивит пайда болып, лимфа түйін­дері  үлкеюі  мүмкін.

Дәрігер-педиатрлар балада кез келген ауру белгісі байқалғанда ата-аналардан дүрлікпеуді, инфекциялық стационарға жат­қызуды талап етпеуді сұрайды. Оның сөзін­ше, бала өзі тамақтанып, дәретханаға бара алса, тұншығу белгісі болмаса, жөтел мен дене қызуы көтерілгенде бірден жұқпалы ауруханаға әкелудің қажеті жоқ. Бөртпе, конъюктивит, тамырлардың қабынуы секілді Кавасакиге ұқсас синдром белгілері пайда болғанда дүрлікпей баланы дәрігерге апару керек. Өйткені маусымдық тұмау мен ЖРВИ де асқынып, Кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромына әкелуі мүмкін.

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, бас балалар онкогематологы Риза Зұлқарнайқызы баладан синдром белгілері анықталса, учаскелік дәрігерге не педиатрға жүгіну  қажеттігін  айтады.

– Синдром белгілері коронавирус жұқ­тырғаннан кейін екі-үш апта өткен соң пайда­ болатындықтан балалар инфекциялық ауруханаға емес, балалар ауруханасына түседі. Өйткені, ол уақытта бала коронавирустан жазылып шығады. Балалар ауруханасында толыққанды диагностика мен зерттеулер жасала­ды, – дейді Қазақстанның бас педиатр­-дәрігері.

Кейбір ресми мәлімдеме көздеріне сенсек, Кавасаки синдромына ұқсас мультижүйелі қабыну синдромының алдын алудың бір ғана жолы – баланы коронавирустан сақтау. Жалпы, бұл – сирек кездесетін аурулар тобына жататын ауру. Мұны сала мамандары­ орфандық аурулар деп атайды. Термин алғаш­ рет 1983 жылы АҚШ-та «Orphan Drug Act» заңнамалық актісін қабылдау кезінде енгізіл­ген. Онда аурудың туындау себептері мен емделуі аз зерттелген 1600 сирек кездесетін аурулар  анықталған.

Еуропада орфандық ауруларға 10000 адамға шаққандағы 5 жағдайдан асатын туабітті және жүре пайда болған аурулар тобындағы адамдар жиі шалдығады. Жапонияда туындау жиілігі халық арасында 2500-ге шаққанда 1 адамға жетсе, ал Қазақстанда таралуы жағынан Ресейдегідей 10000 адамға шаққанда 5 жағдайдан аспаса, сирек кездесетін ауру  деп  есептеледі. Біздің елімізде  2015 жылы 50 нозологиядан тұратын орфандық аурулардың тізбесі бекітілген. Бүгінгі күні сирек кездесетін аурулардың 7000-нан астам түрі белгілі және бұл тізім үнемі жаңаруда. Көп жағдайда бұл генетикалық ауру, алайда сирек кездесетін аурулар арасында инфекциялық, аутоиммундық немесе уытты сипаттағы аурудың түрлері де қосылған. Өкініштісі, аурулардың пайда болу себептерін анықтау қиынға соғуда. Әліптің артын бағайық…

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: